Тойларыңыз тойға ұлассын ағайын

Келін түсіру

Бұл қойылым Наурыз мерекесінде 9-сынып оқушыларымен көрсетілетін салт-дәстүрге арналған. Мақсаты — қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеу, ұмыт болған құндылықтарды жаңғырту және жас ұрпақтың санасына ұлттық сезімді сіңіру.

Жүргізушінің сөзі

Ау, жарандар, армысыздар!

Ұлыстың ұлы күнінде ағайын-туыс бармысыздар!

Наурыз тойы басталды.

Жаңарса да санамыз, дәстүрді кім ұмытар?

Ата салтын бабамның алып келді Ұлыс күн!

Салт-дәстүрмен жараса, қайта құрып жаңаша,

Жарыса өнер көрсетіп, той тойлайық тамаша!

Бүгінгі дәстүрді көрген де арманда, көрмеген де арманда — қызықтан тыс қалмаңдар!

Құрметті қауым, Тассуаттық жамағат! Тассуат орта мектебі «келін түсіру» салтын назарларыңызға ұсынады, қабыл алыңыздар.

Тассуат ауылында Асқар атамыздың алғашқы немересі Жандос келін алып келеді. Ендеше, бәріміз бірге қарсы алайық!

Сахна көрінісі

Сахнада киіз үй бейнеленеді. Үй іші ұлттық нақышта безендірілген. Дастархан басында атасы, әкесі мен анасы және өзге де келіндері отырады.

Бала

Сүйінші, ата! Жандос ағам келіншек әкеле жатыр!

Атасы

Ой, өркенің өссін! Міне, сүйіншің.

Бала

Жеңгеміз өз көшiмен, жеңгелерімен, сіңлілерімен жақындап қалды. Анашым, бәріміз бірге қарсы алайық!

Анасы

Ал, келіндер, қозғалыңдар!

Кіші атаның келіндері, шымылдықты алып шығыңдар.

Ошаққа от қойып, май дайындаңдар.

Келіннің астына төрт қабат кілем төсеңдер!

Жеңгелері мен сіңлілері ерткен жас келін келеді. Абысындары келінді шымылдықпен жауып, алдымен атасының алдына алып келеді. Жас келін атасына үш рет сәлем салады.

Атаның батасы

Атасы: Көп жаса, қарағым!

Жас келіннің қонған жері құтты қоныс, тұғыр болсын.

Біреуі — шал, біреуі — кемпір, қоса ағарған ғұмыр болсын!

Балапанмен, балақанмен бесік іші жыбыр болсын.

Кәрі күліп, бала бағып, мол қызықтан ығыр болсын!

Кәрілерге мейірімді, келіндерде әдеп болсын.

Ата күту, ана бағу — ата жолы, әдет болсын!

Әумин!

Отауға енгізу және ошаққа май тамызу

Келінді абысындары үлкен үйден шығарып, отауға кіргізеді. Отауда оны енесі қарсы алады. Үйдің сол жағына шымылдық құрылады.

Енесі

Келініміздің мінезі иленген тулақтай жұмсақ, биязы болсын!

Қарағым, мына тулаққа келіп отыр.

Қарағым, ошақтағы отқа май тамыз.

Жас келін

От-ана, Май-ана, шапағатыңды тигізе көр, жарылқа!

Енесі

(Отқа қолын жылытып) Оттай опалы бол! — деп келіннің маңдайына қолын тигізеді.

Осы рәсімнен кейін келінді шымылдық ішіне отырғызады.

Енесі шашу шашады, келіншектер мен қыздарға сырға, сақина таратады.

Көрші-көлем келіп «құтты болсын» айтып, «Келін түсті — жол» тәрізді бұрыннан келе жатқан әндерді орындайды.

Беташарға шақыру және қорытынды

Анасы: Уа, жұртым, енді беташарға жиналыңыздар!

Жүргізуші: Тойларыңыз тойға ұлассын, ағайын! Назарларыңызға көп рақмет! Осындай қуаныш сіздерге де бұйырсын!