Негізгі мәліметтерді, Алқа ұйымы мүшелерінің өлеңдерін жаттау

Сабақтың мақсаты мен форматы

Білімділік

«Алқа» тұжырымдамасының пайда болу себептері, нәтижесі, ұлттық құндылығы мен тарихи маңызы туралы білімді тереңдету.

Тәрбиелік

Ұлт зиялыларының идеялары арқылы отансүйгіштікке, азаматтық ұстанымға және саяси сауаттылыққа тәрбиелеу.

Дамытушылық

Оқушылардың саяси дүниетанымын кеңейтіп, шығармашылық ойлауын дамыту.

Сабақтың типі

Жаңа сабақ

Сабақтың түрі

Практикалық

Көрнекі құралдар

  • Фотосуреттерден слайд
  • «Алқа» ұйымы мүшелерінің кітаптары

Сабақ барысы

1-кезең

Қызығушылықты ояту

Оқушылар 6 топқа бөлінеді. Әр топқа «Алқа» мүшелерінің бір тұлғасының аты беріледі. Топ өз атауын «Біз үшін кім?» сұрағына жауап беру арқылы қорғайды.

Әлихан Бөкейханов

Мағжан Жұмабаев

Жүсіпбек Аймауытов

Мұхтар Әуезов

Сәбит Дөнентаев

Ахмет Байтұрсынов

2-кезең

Мағынаны ажырату

Әр топқа мәтін таратылады. «Рөлдегі оқушылар» стратегиясы бойынша топ ішінде талдау жүргізіледі: әр оқушы өз рөлі арқылы бір мәтінді әр қырынан ашады.

Баяндаушылар

Негізгі мәліметтерді қысқа әрі нақты баяндайды.

Журналист

Мәтін негізінде бір проблеманы көтеріп, үндеу сипатындағы мақала жазады.

Фотосуретші

Берілген фотосуреттер арқылы «Алқа» тақырыбында фотоколлаж жасайды.

Тарихшы

Мәліметті сол кезеңнің тарихи жағдайымен байланыстырады.

Дәнекер

Айтылған ойларды бүгінгі күнмен сабақтастырады.

Әдебиетшілер

«Алқа» құрамындағы ақындардың ұлттық рухтағы өлеңдерін мәнерлеп оқиды.

Тақырып өзегі: «Алқа» ұйымы туралы

«Алқа» ұйымы — ХХ ғасырдың 20-жылдары Алаш қайраткерлері бейресми құрған әдеби-мәдени, шығармашылық бірлестік.

1920 жылы большевиктік диктатура толық орныққаннан кейін Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан серіктерімен: «Не балаларға сабақ беріп, не журналға, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ — өзге жол бізге бөгеулі» деп пікірлеседі. Осылайша Алаш қозғалысының жаңа кезеңі басталып, оның рәмізді атауы ретінде «Алқа» ұғымы алға шықты.

1920–1924 жылдары идеясы пісіп-жетіліп, талқыланған бұл жоба 1925 жылдың басында зиялылар арасында таратылды. 1919 жылдан бастап Алаш атауына және іс-әрекетіне ресми түрде тыйым салынғанын ескерсек, «Алқа» — Алаш мұратымен үндес қана емес, оның идеялық жалғасы ретінде қалыптасты.

Қазан төңкерісінен кейін көркем әдебиеттен таптық принципті талап ету күшейген тұста қазақ қаламгерлері оған қарсылық білдіріп, балама бағыт ұсынуға тырысты. 1924 жылы М. Жұмабаев бастаған ақын-жазушылар ұйым бағдарламасын әзірлеп, пікір алу мақсатында 16 дана етіп қолдан көшіріп, көрнекті қаламгерлерге таратқан.

Бағдарламаны қолдаған зиялылар (іріктеп)

Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, А. Байтасов, М. Әуезов, С. Сәдуақасов, С. Қожанов, С. Дөнентаев, Ж. Тілеуұлы, Е. Омаров, Е. Алдоңғаров, Ж. Сәрсенбіұлы және басқа да мәдениет пен әдебиет қайраткерлері.

Бағдарламаның негізгі құрылымы

  • «Әдебиетіміз»
  • «Бұл күнге шейін төңкеріс һәм әдебиетіміз»
  • «Ендігі төңкеріс һәм әдебиетіміз»
  • «Әдебиет не нәрсе? Әдебиеттің жалпы заңы»
  • «Марксшілдік һәм әдебиет. Не жазуға»

«Табалдырық» кіріспесінің идеясы

Кіріспе «Қазақ әдебиеті тоғыз жолдың торабында тұр. Артында бір жол, алдында мың жол» деген оймен басталып, қазақ әдебиетінің даму бағытына қатысты түйінді сұрақ қояды.

Бағдарлама «қазақ халқының қоғамдық-өндірістік қатынастары кенже, демек әдебиеті де дамымаған» дейтін таптық теорияны жоққа шығарып, «Шынында қазақтың өзгеше терең әдебиеті болған һәм бар» деп тұжырымдайды. Абай шығармашылығының биік деңгейі атап көрсетіліп, оны кемітетін солақай пікірлер теріске шығарылады.

Бағдарламада төңкерістің қазақ даласына сырттан әкелінгені, сондықтан қазақ әдебиетінің революцияны жырлауына жеткілікті негіз бола бермейтіні және ұлттық әдебиет өз соқпағымен жүруі керектігі айқын айтылады.

Өнер туралы басты ұстаным

«Искусствоның негізі — сезім, құралы — сезімнен туған сурет, мақсаты — білім беру емес, сезім ояту».

Алайда 1929 жылы НКВД Алаш арыстарын алғаш рет жазалағанда, «Алқа» бағдарламасын шығармашылық ұйымның құжаты емес, саяси ұйымның құжаты ретінде бағалады. 1930–1937 жылдары үкім шығару кезінде «Алқаға» мүшелік пен ұйым мүшелерімен араласу негізгі айыптардың бірі болды.

«Алқа» пайда болғанға дейін-ақ өлкелік баспасөзде саясатқа байланбаған еркін шығармашылық туралы Ахмет, Жүсіпбек, Мағжан, Смағұл, Мұхтар және басқа тұлғалардың ой-пікірлері жарияланып тұрған еді. Осы сұранысты ескерген Ә. Бөкейхан мен М. Жұмабаев (Мәскеудегі Күншығыс баспасында қызмет ете жүріп), Қазақстандағы А. Байтұрсынұлы, С. Сәдуақасұлы сынды қайраткерлермен ақылдаса отырып, жаңа әдеби ұйымның бағдарламасын әзірледі де, ел ішіндегі және сырттағы қалаларда жүрген 16 қаламгерге таратты.

Руханият тарихында кездейсоқ құбылыс сирек: әрбір шешімді, табанды қадамның өз себебі бар. 1924–1925 жылдары өмірге келген «Алқа» мұраты тарихи қажеттіліктен туды. Оны ешкім сырттан таңған жоқ — «Алқаны» қазақ ой-санасының сұранысы дүниеге әкелді.

Ұйымның ең басты ұстанымы — әдебиеттегі таптық принципті мансұқтау. Өкінішке қарай, «Алқаға» қатысы болған арыстардың көбісі сталиндік қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбанына айналды.

«Алқа» бағдарламасының қолжазбадан көшірілген фотонұсқасы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивінде сақталған.

3-кезең

Ой толғаныс

Кері байланыс парағы таратылып, оқушылар сабақта алған білімін қорытындылайды.

Бағалау

Топтық жұмыс нәтижесі, рөлдік талдау сапасы, дәлел мен байланыс құру дағдылары бойынша бағаланады.

Үй тапсырмасы

Негізгі мәліметтерді қайталау және «Алқа» ұйымы мүшелерінің өлеңдерін жаттау.