Сіздерді көрсем қуанам

Тәрбие сағаты

Әдептілік – адамдықтың белгісі

Бұл тәрбие сағаты оқушылардың бойына адамгершілік, қарапайымдылық, кішіпейілділік, сыпайылық, еңбексүйгіштік сияқты құндылықтарды сіңіруге, сондай-ақ өз халқының салт-дәстүрін құрметтей отырып, жаман әдеттерден аулақ болуға бағытталады.

Мұғалім
Нуржанова Гулжан Аманжоловна
Әдіс-тәсілдер
Әңгімелеу, түсіндіру, сұрақ-жауап
Көрнекіліктер
Суреттер, сызбалар, нақыл сөздер жазылған плакаттар

Сабақтың мақсаттары

1) Құндылықтарды қалыптастыру

Оқушыларды адамгершілікке, қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке, әдептілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу; өз халқының салт-дәстүрін танып-білу арқылы жаман әдеттерден аулақ болуға үйрету.

2) Жақсы мен жаманды ажырату

Адам бойындағы ұнамды және ұнамсыз қылықтарды айыра білуге дағдыландыру; «әдеп әліппесін» бойға сіңіру; тіл байлығын, танымдық белсенділікті арттыру.

3) Сыпайылық пен мәдениеттілік

Оқушыларды әдептілікке, сыпайы сөйлеп, мәдениетті әрекет етуге баулу.

«Мен қандаймын?» — жағымды қасиеттерді атау

Оқушылар өздеріне сай әдепті мінез-құлыққа қатысты сөзді таңдап, есімін соған тіркеп айтады. Бұл әдіс баланың өзін-өзі тануына және жақсы қасиеттерді саналы түрде бекітуіне көмектеседі.

Ұсынылатын сөздер

ақылды байсалды сыпайы әдепті алғыр білгіш ізетті мейірімді бауырмал кішіпейіл тілалғыш білімді талапты шыншыл еңбекқор қайырымды әділетті адал шыдамды батыр

Үлгі: «Мен — сыпайы Айдана», «Мен — еңбекқор Нұрас».

Ситуациялық тапсырма: автобустағы әдеп

Оқиға

Арман мен Аян қалада тұрады, екеуі де бір мектепте, бір сыныпта оқиды. Бір күні олар автобустың алдыңғы орындығына отырып, мектепке келе жатады. Алдыңғы есіктен қолындағы сөмкесін әрең көтерген әжей мінеді. Аян орнынан тұрып, әжейге орын береді. Ал Арман көрмегендей теріс қарап отыра береді. Біраздан соң әжей түсуге ыңғайланып, сөмкесінен екі алма алып, Аянға ұсынады. Әжей Аянның әдептілігіне риза болып, алғысын айтады.

Талқылау сұрақтары

  • Сендер бұл жағдайда не істер едіңдер?
  • Арманның ісі дұрыс па? Неліктен?
  • Әдептілік дегеніміз тек сөз бе, әлде әрекет пе?

Қорытынды ой: Адам бойында жақсы да, жағымсыз да қасиеттер болады. Жақсы қасиет — үйренуге, жаман әдет — тастауға тиіс дағды.

Жақсы мен жаманды ажырату: «Күн» және «Бұлт»

Тақтада «күн» мен «бұлт» бейнесі беріледі: күн — жылы әрі жарқын қасиеттерді, бұлт — адамды қынжылтатын жағымсыз мінездерді білдіреді. Оқушылар сөздерді екі топқа бөліп орналастырады.

Күн шуағы: жақсы қасиеттер

Сыпайылық, адалдық, шыншылдық, мейірім, қамқорлық, әділет, кішіпейілділік, еңбекқорлық, ұқыптылық, тәртіп.

Бұлт жаңбыры: жағымсыз қылықтар

Дөрекілік, мақтаншақтық, жалқаулық, өтірік айту, тәртіп бұзу, үлкенді сыйламау, өзімшілдік, салақтық.

Оқушылар оқитын өлең шумақтары

Өлең жолдары арқылы оқушылар әдептің мәнін тереңірек ұғып, ережені құр сөз емес, өмірлік ұстаным ретінде қабылдайды.

1-оқушы (Эмелья)

Ата-ананың тілегі — адам болып өскенің,
Адамдықтың тірегі — адал болып өскенің.
Әдептілік дегенің — әрқашанда керегің,
Әсемпаздық дегенің — әуре-сарсаң әлегің.

2-оқушы (Тұрар)

Тәртіпті бала — сүйеніш, төбең бір көкке жетеді.
Ұрыншақ бала жанында — ұрыс пен керіс, айқай-шу.
Ұстамды бала маңынан — ұнамды қылық байқайсың.

3-оқушы (Олжас)

Кім үлкенді сыйласа,
Кім үлкенді тыңдаса —
Үлкен болған кезінде
Сыйлы болмақ өзі де.

4-оқушы (Медеу)

Сыйла үлкен кісіні,
Қамқорлыққа ал кішіні.
Сақта көше тәртібін,
Бағдаршамның ал тілін.

5-оқушы (Жұмазия)

Қарсы ал ерте күн көзін,
Төсегіңді жина өзің.
Асықпай іш тамақты,
Жалама аяқ-табақты.

6-оқушы (Інжу)

Пышақты ұста оң қолмен,
Шанышқыны сол қолмен.
Нанды үгітпе, қадірле,
Қабығымен бәрін же.
Саусағыңды сормағын,
Салдыр-салақ болмағын.

7-оқушы (Үмітжан)

Сыйлап сәлем беремін
Көршілерді көргенде.
Ізетпен бас иемін,
Үйге қонақ келгенде.
«Әдепсіз» деп сөкпесін,
Анам айтып өкпесін.

8-оқушы (Ерболат)

Атам маған қашан да
«Кішіпейіл бол» деген.
Ата сөзі санамда,
Мақтанбауды жөн көрем.

9-оқушы (Нұрас)

Өзгелерден өзімді
Санамаймын жоғары.
Артық айтып сөзімді,
Желпінгенім жоқ әлі.

10-оқушы (Әділет)

Атам маған қашан да
«Әділетті бол» деген.
Ата сөзі санамда,
Жүрем тура жолменен.

11-оқушы (Диас)

Қалдыратын ұятқа
Жалған сөзге төзбеймін.
Жеткізетін мұратқа
Тек шындықты көздеймін.

Әдепті бала — арлы бала,
Әдепсіз бала — сорлы бала.
Әдептілік белгісі —
Иіліп сәлем бергені.

Әдептілік ережелері

Әдеп — күнделікті өмірде байқалатын қарапайым әрекеттерден басталады: амандасу, алғыс айту, кешірім сұрау, үлкенге құрмет көрсету, әлсізге көмек беру.

Қарым-қатынаста

  • Кезіккен адаммен амандасу, кетерде қоштасуды ұмытпау.
  • Көмек пен қамқорлық үшін алғыс айту.
  • Біреуді байқамай ренжітіп алсаң, дереу кешірім сұрау.
  • Әрқашан сыпайы сөйлеу және сабыр сақтау.

Қоғамдық орында

  • Көлікте үлкендерге орын беру.
  • Қарттарға, науқас адамдарға, көзі көрмейтін жандарға жолдан өтуге көмектесу.
  • Көше тәртібін сақтау, бағдаршамды құрметтеу.
  • Көпшілік жерде айғайламау, ысқырмау.

Ой түйін

Әдепті адам өзгеден сый күтпей-ақ, алдымен өзі құрмет көрсетеді. Ізет, инабат, сыйласым, қамқорлық және кешірімді болу — әдептіліктің тірегі.

«Жалғастыр» ойыны: не істеуге болмайды?

Мұғалім «Не істеуге болмайды?» деп бастап, оқушылар сөйлемді жалғастырады. Мақсат — тыйым мен тәртіп нормаларын түсіну.

Мысалдар

  • Үлкендердің алдын …
  • Кішкентай баланы …
  • Құстарды …
  • Қыз баланы …
  • Сабақтан …
  • Үйге жүгіріп …
  • Үлкен кісіні …
  • Оқу құралдарын …
  • Сыныпта айғайлауға …
  • Ысқыруға …
  • Құстың ұясын …

Не істеу керек?

  • Үлкендерді сыйлау.
  • Ата-ананың тілін алу.
  • Тәртіпті болу.
  • Оқу құралдарын күтіп, таза ұстау.
  • Сабақты жақсы оқу.

«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» — әдептің қысқа да нұсқа қағидасы.

Мақал-мәтелдер арқылы бекіту

Оқушылар әдепке қатысты мақал-мәтелдерді айтып, мағынасын талдайды. Бұл — ұлттық тәрбие мен тіл мәдениетін ұштастыратын тиімді тәсіл.

Танымал нақылдар

  • «Ұлық болсаң — кішік бол.»
  • «Кішіден — ізет, үлкеннен — құрмет.»
  • «Сіз деген — әдеп, біз деген — көмек.»

Әдеп туралы

  • «Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.»
  • «Әдептілік белгісі — иіліп сәлем бергені.»
  • «Әдепті бала ата-анасын мақтатар, әдепсіз бала ата-анасын қақсатар.»

Ақыл мен мінез

  • «Ашу — дұшпан, ақыл — дос.»
  • «Жақсы адам — ай мен күндей, әлемге бірдей.»
  • «Әдепті бала кездессе — бас иіп сәлем берер, әдепсіз бала жолықса — кекиіп өте шығар.»

Сұрақ-жауап: «Сен маған, мен саған»

Талқылауға арналған сұрақтар

  1. Мектептен үйге асығып келе жатқанда алдыңнан үлкен кісі шықса, не істейсің?
  2. Өзіңнен үлкен адамдар әңгімелесіп отырғанда, сенің мінезің қандай болуы керек?
  3. Үлкен кісілермен қалай сөйлескен дұрыс?
  4. Үйге қонақ келгенде бала қандай көмек көрсете алады?
  5. Әдептілікті бізге кімдер үйретеді?

Түсіндірме

Әдептілік — үлкенді сыйлау, досты құрметтеу, айналадағы адамдармен мәдениетті қарым-қатынас жасау. Әдепті адам әрдайым алдымен өзі ізет көрсетіп, өз ісімен үлгі болады.

Әдептілік ұғымына: әдеп, ізет, инабат, сыйласым, құрмет, қамқорлық, кешірімшілдік кіреді.

Қорытынды және күнделікті әдеттер

Әдеп — бір күндік ереже емес, өмір бойына қажет мінез. Әр адам кез келген жерде өзін тәртіпті ұстап, әдеппен әрі анық сөйлей білуі керек. Жақсылыққа ұмтылу — әдептің шынайы көрінісі.

Тапсырма: үнемі орындап жүр

  1. Уақтылы ұйықтап, белгілі уақытта ояна біл.
  2. Ерте тұрып, таза ауада бойыңды шынықтыр.
  3. Күнде таңертең салқын сумен жуын.
  4. Көшеде жүргенде жол ережесін сақта.
  5. Көпшілік орындарда әдептілік сақта.
  6. Үй жинауды, еден сыпыруды, ыдыс жууды ұмытпа.
  7. Үлкендердің, ата-ананың тілін ал.

Ортақ ұран

«Біз — Отанның балдырған ұл-қыздарымыз, әдептілік пен батылдық — ұранымыз!»

Ән: «Не деу керек?», «Әдепті баламыз».