ІІІ КӨРІНІС
Мақсаты
Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне арналған әдеби-сазды қойылым арқылы оқушыларды тарихи оқиғалармен көрініс түрінде таныстыру, шежірелі даталар мен кезеңдерді жүйелі түсіндіру. Оқушыларды елжандылыққа, патриоттыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Слайдтар
- Қанатты және нақыл сөздер
- Ұлттық киімдер
- Шарлар, гүлдер
Кіріспе сөз
Жүргізушілер
Сахналық ашылу мәтіні (өңделген нұсқа).
1-жүргізуші
Армысыздар!
2-жүргізуші
Құрметті ұстаздар, оқушылар және ата-аналар!
1-жүргізуші
16 желтоқсан — Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған
2-жүргізуші
«Желбірей түс, Тәуелсіздік жалауы!» атты 4 «Б» сынып оқушылары әзірлеген әдеби-сазды бағдарламаны бастауға рұқсат етіңіздер!
Өлең шумақтары
Тәуелсіздікке арналған поэтикалық арнау.
1-жүргізуші
Армысыңдар, айналайын адамдар!
Айналаңа шын қуанып қараңдар.
Жиырма жыл толды — тәуелсіздік алдық біз,
Келді кезек: болашақты бағамдар.
2-жүргізуші
Сан ғасырлар тарихынан кешегі
Туған жердің шежіресі өседі.
Менің елім — Қазақстан, Отаным!
Болашағы бізбен бірге көгереді.
Ән
___________________________
(А. Мұқатай, Н. Тоқбаева)
М. Шаханов — «Төрт ана»
Көркем мәтін (сақталған құрылым, пунктуация өңделді).
Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жері — түп қазығы айбыны,
Туған тілі — мәңгі өнеге айдыны.
Жан байлығы, салт-дәстүрі — тірегі,
Қадамыңа шуақ шашар үнемі,
Және туған тарихы —
Еске алуға қаншама ауыр әрі қасіретті болса да.
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер,
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасына менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған
Тамырсыздық басы қайда қалмаған?
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашан да бақ-жұлдызы жанбаған.
Қасиетті төрт ана — тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес — күрестердің ұлысы.
І бөлім: Абылай заманы — батырлар заманы
Ел мен жерді қорғаған ерлік дәуірін танытатын көрініс.
1-жүргізуші
Азаттық. Теңдік. Тәуелсіздік. Осы үш ұғымның салтанат құруы үшін кімдер бас тікпеді, кімдер құрбан болмады?!
2-жүргізуші
Абылай заманы — батырлар заманы. Найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен ел мен жер үшін айқасқан бабалар аманатын жалғаған боздақтар қаншама!
Музыка
«Елім-ай»
І көрініс: Жоңғар хан ордасында
Диалог пен тарихи бейнелеу (мәтін редакцияланды).
Ләппай, тақсыр! Қазақтар келіп тұр.
Кірсін!
Иә, қазақтар! Неменеге келдіңдер? Айтатындарыңды айтыңдар да, еліңе қайтыңдар!
Қазыбек
Біз қазақ деген елміз,
Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп —
найзаға үкі таққан елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәм-тұзды ақтай білген елміз.
Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды,
Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды.
Ұл мен қызды қамап отыра алмайтын елміз.
Сен қалмақсың, біз қазақпыз —
қарпысқалы келгенбіз.
Қазақ пен қалмақ баласы —
табысқалы келгенбіз.
Табысуға көнбесең,
шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан, біз арыстан —
алысқалы келгенбіз.
Жаңа үйреткен жас тұлпар —
жарысқалы келгенбіз.
Тұтқыр сары желімбіз —
жабысқалы келгенбіз.
Сен темірсің, біз көмірміз —
еріткелі келгенбіз.
Берсең, жөндеп бітіміңді айт.
Болмаса, тұрысатын жеріңді айт!
Балам, атың кім?
Атым — Қазыбек. Әкем — Келдібек би. Ұлтым — қазақ, руым — Қаракесек.
Ендеше, дауысың қаздың дауысындай қаңқылдап шығады екен. Есімің «Қаз дауысты Қазыбек» болып жаңғырсын!
Ләппай, тақсыр!
Қамаудағы қазақтарды босатыңдар!
Би
«Түрік биі» — Д. Төлегетай
ІІ бөлім: Ақтаңдақ жылдар
Қуғын-сүргін мен ұлт зиялыларының қасіретті тағдыры.
1-жүргізуші
Енді бізге қайта оралды заңғарлар! Сталиндік тозақтарда жанғандар! Ахметтер, Жүсіпбектер, Сәкендер, Ілиястар, Бейімбеттер, Мағжандар...
2-жүргізуші
Ақтаңдақ жылдарда қазақ деп қабырғасы қайысқан қайраткерлер — тәуелсіздікке жеткізер ұлы жолдың құрбандары еді.
ІІ көрініс
«Бес арыс» бейнесі. Қайғылы сахналық көрініс.
Музыка
Мұңды әуен
Әскер
Иә, соңғы сөзді іштеріңнен кім айтады?
Міржақып Дулатов
Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен — қазақтың баласы.Сахна сыртынан: мылтық даусы. Кейіпкер құлайды.
ІІІ бөлім: Қайсар рухты қазақпыз
Желтоқсан оқиғасы — еркіндікке ұмтылған рухтың символы.
1-жүргізуші
1986 жылдың 16 желтоқсаны.
2-жүргізуші
Қазақтың санасын сілкіндірген Желтоқсан ызғары жылдар бойы ар мен тәуелсіздіктің қайнар көзіне айналды.
1-жүргізуші
Тарихым жатыр тасымда, тіл қатып келер ғасырға.
2-жүргізуші
Азаттық дейтін ұғымның Желтоқсан тұр басында.
ІІІ көрініс: Тергеу бөлмесі
Қайрат Рысқұлбеков бейнесі. Драмалық диалог.
Камера іші. Тергеуші үстел басында отыр. Ол әр адамды жеке-жеке тергеуге шақырады. Кезек Қайрат Рысқұлбековке де келеді.
Кіргізіңдер! Рысқұлбеков, әбден ойланып, ақылға келген шығарсың. Шындықты айт! Үндемейсің бе? Ендеше, жазбаша жазып бер. Бол, тез! Жылдам!
Оқушы (Қайрат бейнесі)
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген.
Арғымақ мінген жаратып,
Ақ сауыт киген темірден.
Алатаудай бабалар,
Аруағыңмен жебей гөр!
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең — алыңдар,
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты — құрбандық,
Атам десең — атыңдар!
Ән
«Желтоқсан желі»
ІV бөлім: Тәуелсіздік тұғыры
Елдік мұрат, бірлік, жауапкершілік және болашаққа бағдар.
1-жүргізуші
Тәуелсіз ел атандық — биік даңқың.
2-жүргізуші
Бар әлемге әйгілі — мәлім атың.
1-жүргізуші
Ата-баба қанымен келген бізге,
2-жүргізуші
Тәуелсіздік құт болып қонды еліме!
Ән
«Туған жер»
Тәуелсіздік туралы ойлар мен қанатты сөздер
Тәрбиелік мазмұндағы түйін (мәтін ықшамдалып, грамматика түзетілді).
Тәуелсіздігіміздің 20 жылы — жоғалтқанымыздың көзі, іздегеніміздің өзі.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының ой-түйіні: алдымызда алыс сапарға бастайтын жол, алыс күндерге шақыратын ізгі мақсат жатыр. Ақыл мен парасаттың ұлы көріністерін еншілеген халқымыздың ықылым заманнан бастау алатын қымбат тарихы жатыр.
2-жүргізуші
Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға да соншалықты қажыр-қайрат керек.
Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім қажет.
Елдік те ерлік сияқты сын сағатта танылады. Ел бірлігі — асыл қасиет.
2-жүргізуші
Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса — қазақ мемлекетінің нығаюы мен көркеюі жолында маңдай теріңді төгіп еңбек ет.
Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа.
1-жүргізуші
Біздің елімізге ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілігі бойына дарыған, егемен елге аянбай еңбек ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты әрі салауатты азаматтар қажет.
2-жүргізуші
Қазір бой жарыстыратын заман емес — ой жарыстыратын заман.
Сахналық ұран
Төрт жол — бір ой, бір тұжырым.
1-оқушы
Өмірімізді, өзімізді көріп,
2-оқушы
Әнімізді, жырымызды тыңдап,
3-оқушы
Ерлігімізді, тірлігімізді қарап,
4-оқушы
Өзімізді, сөзімізді тыңдап.
Бәрі бірге
«Бұл — қазақ!»
Қазақстан туралы акростих
«Қазақстан» сөзін әріпке бөліп, мағынамен өрнектеу.
1-жүргізуші
Қазақстан — үлкен мемлекет.
2-жүргізуші
Қазақстан деген:
Қ — қасиет пен құт дарыған ел,
А — аңсаған арманы орындалған ел,
З — заман ағысынан қалмаған ел,
А — азаттығын асқақтатқан ел,
Қ — қаһарман, батырлар туған ел,
С — сан ғасыр азап шеккен ел,
Т — тәуелсіздік, егемендік алған ел,
А — азаматын ардақтаған ел,
Н — намысын сақтай білген ел!
Ән
«Қазақстан»
1-жүргізуші
Құлпырған еліміздің ұл-қызымыз,
Әзірге маңдайдағы құндызымыз.
2-жүргізуші
Арасын жер мен көктің жалғаушымыз,
Ертеңі жарқыраған жұлдызымыз.
Осы сөздермен 4 «Б» сынып оқушылары әзірлеген «Желбірей түс, Тәуелсіздік жалауы!» атты әдеби-сазды бағдарламамызды аяқтаймыз.
Қорытынды
Тәуелсіздік — ұлт рухын көтеретін, бірлікті бекемдейтін ең биік құндылық.
Еске салу: тарихи жады, тіл, дәстүр және жауапкершілік — болашақтың тірегі.