Интернет поштасы

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Бүкіләлемдік өрмек — интернет туралы ақпарат жинақтау. Білімгерлердің алған білімдерін нығайту, тиянақтау, бір жүйеге келтіріп, тексеру арқылы қорытындылау.

Тәрбиелік

Білімгерлерді өз ойын нақты әрі жүйелі жеткізуге, сабырлы және тәртіпті болуға, қарсыласының пікірін тыңдап, құрметтеуге тәрбиелеу.

Дамытушылық

Интернет туралы толық түсінік қалыптастыру; тапқырлыққа, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа баулу; пәнге қызығушылықты арттыру.

Ұйымдастыру

Сабақтың түрі:
дебат-пікірталас
Сабақтың әдісі:
сұрақ-жауап, ситуация құру және шешу жолын ұсыну, ойын, нақты дәлел келтіру
Көрнекілігі:
тақырыпқа байланысты дидактикалық материалдар, мультимедиа құралдары

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу

Мейірімді жүрекпен,

Ақпейілді тілекпен,

Амандасып алайық,

Бір жадырап қалайық!

Дүниедегі құбылыстың мәнін де, интернеттегі жаңалықтың бәрін де информатикасыз түсіну мүмкін емес. Компьютер — бүгінгі күннің кілті. Заман талабына сай әрбір адам компьютер мен интернеттің қыр-сырын меңгерсе, ұтарымыз көп.

Бүгінгі «Интернеттің пайдасы мен зияны» тақырыбындағы пікірталас-дебат сабағына №23 ЭЕМ тобының білімгерлерінен құралған «Google» (жақтаушы) және «Yandex» (даттаушы) топтары қатысады.

Пікірталас шарттары: 7 кезең

  1. I

    Интернет туралы қысқаша шолу

  2. II

    Командалардың атын таныстыру

  3. III

    «Компьютердің пайдасы мен зияны» тақырыбындағы пікірталас ойыны

  4. IV

    Сұрақ-жауап кезеңі: екі топ өзара сұрақ алмасады

  5. V

    «Мақал — сөз мәйегі»

    Топтар бір-біріне информатикаға қатысты аударылған мақалдарды айтады, ал екінші топ сол мақалдың дұрыс нұсқасын табады.

  6. VI

    Қорытынды сөз

  7. VII

    Марапаттау рәсімі

Интернет туралы қысқаша шолу

Бүгінде интернетке кірмейтін адам өте сирек. Әлем халқының шамамен 90%-ға жуығы интернетті қолданады деген дерек жиі айтылады. Интернетсіз өмірді елестету қиын: күн өткен сайын адамдардың оған тәуелділігі артып келеді. Көпшілік кемінде күніне 1 сағат уақытын ғаламторда өткізеді.

Анықтама

Интернет — өзара байланыстырылған миллиондаған компьютерден құралған біртұтас ақпараттық кеңістік.

Термин

Internet (ағылш.) — «желіаралық байланыс» деген мағынаны білдіреді.

Мәні

Ол бүкіл жер шары бойынша ақпарат ағынын таратуды қамтамасыз ететін желілер жиынтығы.

Интернеттің негізгі қызметтері

  • Интернет поштасы
  • Телеконференциялар
  • Web (WWW) қызметі

Қысқаша тарихи шолу

Интернет ұғымы ХХ ғасырдың соңында кең тарай бастады және жүрдек пойыздың жылдамдығындай қарқынмен дамыды. «Ер Төстік» ертегісіндегі Төстіктің күн санап өсуі секілді, қазіргі заманның ең жылдам өзгерген салаларының бірі — бүкілғаламдық желі, яғни Интернет.

1957–1969: бастау кезеңі

1957 жылы КСРО жасанды жер серігін ұшырғаннан кейін, АҚШ Қорғаныс министрлігі соғыс жағдайында да сенімді ақпарат алмасу жүйесі қажет деген қорытындыға келеді. Осы қажеттіліктің нәтижесінде ARPANET жобасы пайда болды. 1969 жылғы 29 қазанда төрт мекеменің компьютерлері телефон желісі арқылы байланыстырылды.

1982–1983: Интернетке айналу

1982 жылы желілердің физикалық негізі саналатын TCP/IP хаттамасы бекітілгеннен кейін, желілердің өзара ықпалдасуы жаңа деңгейге көтерілді. 1983 жылы ARPANET атауы кең қолданыста Интернет ұғымымен алмастырылды.

Географиясы мен өсімі

2001 жылғы дерек бойынша, желілер географиясы 230 елді қамтыған. 1993–1996 жылдары интернетке қосылушылар саны жыл сайын 3 есе өсіп отырса, 1997 жылдан бастап жыл сайын шамамен 1,5 есе өсім байқалған.

Қолданушылар саны

Бір дерекке сүйенсек, Интернетті тұрақты пайдаланушылар саны әлем бойынша 1,5 млрд адамнан асқан. Бұл — жер шарындағы халықтың едәуір бөлігі ғаламтор мүмкіндіктерін күнделікті өмірінде қолданады деген сөз.