Дауыссыз төл дыбыстарды ата

Сабақ тақырыбы: Дауыссыз дыбыстар. Түйе

Бұл сабақ жоспарында оқушылардың дауыссыз дыбыстар туралы білімін бекіту, дыбыстарды дұрыс айту мен жазу дағдыларын дамыту және төрт түлік туралы мәтіндер арқылы тілдік қорын кеңейту көзделеді.

Сабақ типі
Аралас сабақ
Әдіс-тәсілдер
Көрнекілік, сұрақ-жауап, түсіндіру, әңгімелеу, топтастыру
Көрнекіліктер
Суреттер, тірек-сызба, үлестірмелі парақшалар

Сабақ мақсаты

Білімділік

Оқушылардың дауыссыз дыбыстар туралы білімін пысықтау; қазақ тіліндегі төл дауыссыз дыбыстарды ажырата білуге және дұрыс айтуға үйрету.

Дамытушылық

Дауыссыз дыбыстардың жеке тұрғанда өздігінен дыбысталмайтынын түсіндіру арқылы сөздерден дауыссыз әріптерді табу дағдысын қалыптастыру; түсініп оқу және мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік

Оқушыларды таза, көркем әрі шапшаң жазуға дағдыландыру.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру бөлімі

Оқушылардың назарын сабаққа аудару, жұмысқа жұмылдыру.

II. Үй тапсырмасын тексеру

  1. «Төлді қалай шақырады?» өлеңін мәнерлеп оқыту.
  2. «Өз орнына орналастыр» ойыны

    Шопаната, Қамбарата, Сексеката, Ойсылқара, Зеңгібаба сөздеріне сәйкес төрт түлік малдың суреттерін қателеспей орналастыру (суреттер арқылы орындалады).

  3. Топтастыру әдісі

    Ұяң, Үнді, Қатаң дыбыстарды топтастыру.

III. Жаңа сабақ

1) 20-жаттығу

Сөйлемдерді көшіріп жазыңдар. Қарамен жазылған сөздерден дауыссыз әріптерді тауып, астын сызыңдар.

Түйе боздайды.

Сиыр мөңірейді.

Қой маңырайды.

Жылқы кісінейді.

Қосымша тапсырма: «вагон», «цирк», «фирма», «чек» сөздеріндегі дауыссыз дыбыстарды тауып, ерекшелігін айтыңдар.

Сергіту сәті

Орнымыздан тұрайық,
Алақанды ұрайық.
Бір отырып, бір тұрып,
Тез шынығып алайық.

2) 21-жаттығу

Үлестірмелі парақшалар таратылады. «Сәйкестендір» тәсілі арқылы орындау: «Қай мал қайтеді?»

Мал Қимыл-әрекет
Түйе қоздайды
Жылқы бұзаулайды
Сиыр лақтайды
Қой құлындайды
Ешкі боталайды

Оқушылар тақтаға кезекпен бір сөйлемнен жазады, кейін тақтадағы сөйлемдер дәптерге көшіріліп жазылады.

3) Үй тапсырмасы бойынша тыңдалым

Өткен сабақта «Төрт түліктің төресі — түйе» тақырыбында ақпарат жинап келу және суретін салып келу тапсырылған. Оқушылардың дайындығы тыңдалады.

4) Мәтінмен жұмыс

  • Мәтінді оқу.
  • Сөздік жұмысы: түсіндіру және талдау (оқушы жауаптары мен сурет бойынша салыстыру).
  • Тізбектей оқыту.
  • Тауып оқыту:
    • Түйенің пайдасы туралы айтылған тұсты тауып оқы.
    • Түріне байланысты айтылған тұсты тауып оқы.

5) Ой қозғау

Сұрақ: Балалар, ата-әжелерің, ата-аналарың сендерді қалай еркелетеді?

Күтілетін жауап: «Ботам», «ботақаным».

Талқылау: Неліктен адамдар «ботам» деп еркелетеді?

Себебі бота сүйкімді, әдемі, көздері үлкен әрі мөлдір қара, тартымды төл. Үлкендер сендерді де сондай мейіріммен жақсы көріп, айналып-толғанып еркелетеді.

6) Көркем мәтін

Ф. Оңғарсынованың «Ботақаным» өлеңін мұғалім мәнерлеп оқиды, кейін оқушылар тізбектей оқиды.

IV. Сабақты бекіту

Топтастыру: Ұяң, Үнді, Қатаң дыбыстарды қайта топтастыру.

Сұрақ-жауап:

  1. Дауыссыз дыбыстар қалай дыбысталады?
  2. Дауыссыз төл дыбыстарды ата.
  3. Басқа тілден енген дауыссыз дыбыстарды ата.

V. Үйге тапсырма

  1. «Түйе» мәтінін түсініп оқу, «Ботақаным» өлеңін мәнерлеп оқып келу.
  2. Дауыссыз дыбыстарды түрлеріне қарай топтап, әр топтан басталатын 5 сөзден жазу.

VI. Бағалау

Оқушылар сабаққа қатысу белсенділігіне қарай бағаланады.