Алтын әжем, нұр әжем

Тақырыбы: «Қарттарым — асыл қазынам»

Мақсаты: оқушылардың бойына халқымыздың қадір-қасиетін сіңіру; үлкенді сыйлауға, ата-бабасын ұмытпай есте сақтауға және аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: интерактивті тақта, нақыл сөздер жазылған плакаттар.

Барысы: I. Ұйымдастыру · II. Негізгі бөлім · Қорытындылау

Кіріспе

Көп жасаған қария, Ақылы — теңіз-дария. Көп өнеге сөзі бар, Сөзі соқпақ, сөзі — нәр. Ата салты — ардақты, Әрбір сөзі — салмақты. Сол сөздерді ұқпасаң, Тістерсің бір күн бармақты.

Қымбатты ақ жаулықты әжелер мен ақылдың кенін арқалаған айбынды аталар! 3-сынып оқушыларының қатысуымен 1 қазан — Қарттар күніне орай ұйымдастырылған «Қарттарым — асыл қазынам» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!

Мерекелеріңіз құтты болсын, ата-апа! Зейнеттің шуағына бөленіп, өмірдің әр күніне ақ батамен, жылы ықыласпен жете беріңіздер.

Ортамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпақ үшін жасаған игі істері ерекше орын алады. Бүгінгі таңда мемлекетіміз қарттарға үлкен мән беріп, жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, елдің тыныш, бейбіт өмір сүруіне үлес қосқан осы аяулы жандардың еңбегі — ұрпаққа өнеге.

Қарттар күні — саналы ғұмырын Отан деп білген, тынымсыз еңбегімен елдің негізін бекітуге жол ашқан алдыңғы буын ата-әжелеріміздің төл мерекесі. Олардың өмір жолы — бүгінгі ұрпақ үшін табылмас қазына.

Қарттарды құрметтемейтін, перзенттік парызын ықыласпен орындамайтын, әдептілік пен кішіпейілділікке мән бермейтін ұрпақтан не опа, не қайыр? Адам өмірінің мәні мен сұлулығы — баланың ата-анасын ардақ тұтып, өз парызын ешқашан ұмытпауында.

Үлкендіктен ешкім құтыла алмайды. Бірақ кәріліктің де өз сәні, өз мәні бар. Қарт кісіні құт-береке деп тану — ұрпақтың көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әрдайым бақытты.

Біздің ауылымызда қырыққа жуық қарт ата-әжелеріміз бар. Сол кісілер бүгін бізге қонақ болып келіп отыр. Қадірлі ата-әжелер, мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздер жас ұрпаққа әрқашан төзім мен даналықтың үлгісісіздер. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Бүгінгі тәрбие сағатының бөлімдері

  1. I «Ата-әжем — мақтанышым»
  2. II «Жырымды сіздерге арнаймыз»
  3. III «Мен атамның жалғасымын»

Жұмбақ шешу

Айтары мол ғұлама, Көп жасаған бұл адам. Әкесі ол әкеңнің, Білер оны сұраған.

Жауабы: Ата

Аймалайды «күнім» деп, Мейірімді жүзі күлімдеп. Тәтті-ақ дейді немере, Бал шырындай үнің деп.

Жауабы: Әже

I бөлім. «Ата-әжем — мақтанышым»

Ата — ардақты тұлға

«Әкеден ұл туса екен, ата жолын қуса екен» деп халқымыз ұрпаққа атаның мұрасын жалғастыруды аманат етеді. Ата — ұрпағының қайырымды, мейірімді, ақылды, іскер болуын тілеп, өмір бойы қамқорлығын аямайды: өнеге көрсетеді, өсиет айтады, бағыт береді.

Ауыл қариялары туралы мәлімет

Ауыл қариялары — елдің тірегі, көпті көрген кемел ақыл иелері. Олардың әр сөзі — тәжірибе, әр батасы — береке. Қоғамға сыйластық пен татулықты орнықтыратын да — осы үлкендердің өнегесі.

Әже — мейірімнің мәуесі

Әже — ақ сүт берген аналардың анасы. Әже баланың бал дәуренінің жанынан табылып, аялаушы да, асыраушы да, тәрбиелеуші де бола біледі. Тіршілікке көбірек араласқан ана көбіне перзентін әженің қарауына қалдырады. «Жан жүрегім, жарығым» деп әже немересін, шөбересін жүрегіне теңеп, бар мейірімін төгеді.

Ауыл әжелері туралы мәлімет

Ауыл әжелері — отбасының ұйытқысы, салт-дәстүрдің сақтаушысы. Олар шежірені, ырым-тыйымды, бата-тілекті, ұлттық тәрбиенің мәйегін жас буынға жеткізіп, ұрпақ сабақтастығын жалғайды.

II бөлім. «Жырымды сіздерге арнаймыз»

Халқымызда «Өзің өлгенше, немерең өлгенше» деген сөз бар. Бала, немере туралы ақын Мұзафар Әлімбаев былай дейді:

Бала деген — бал екен, «Бал» дегенің — бала екен. Немеренің бойында, Бар жақсылық бар екен. Туған балаң жай ғана, Демесең де жат бөтен, Нағыз бала ойласаң, Немере екен — тәтті екен.

Оқушылардың арнау жырлары

1-оқушы

Менің әжем, ақ әжем, Ұл мен қыздың бағы, әжем. Ертегі айтып бер десем, Айтып береді тағы, әжем.

2-оқушы

Менің әжем, гүл әжем, Алтын әжем, нұр әжем. Анам үшін, мен үшін Нағыз әжем — тіл әжем.

3-оқушы

Тентек болсам — ашынып, Жақсы іс қылсам — асырып. Маған сақтап жүреді, Тәттіні де жасырып. Тосып тәтті дәмдерін, Ол бар жерде бал жедім. Мен ұйықтарда айтады Ертегісін, әндерін. Біздің үйде осындай Әжетайым бар менің.

4-оқушы

Ата-әжем — мақтанышым менің де, Қонақ болып отыр менің төрімде. Өзіңізге арнап тәтті үніммен, Ән салатын кезім келді менің де.

Ән

«Анашым»

Көрініс

«Атасы мен немересі»

Ата-әже — ауылымның асылдары, Жайнасын көңілдердің жасыл бағы. Сіздер үшін ән мен күй, өлең мен би, Сіздер үшін мереке шашулары.

Би

Өзбек биі

Ақиқатты айқындап жариялар, Бара жатыр азайып қариялар. Дауыл соқса бүлк етіп толқымайтын, Бара жатыр сарқылып қариялар.

III бөлім. «Мен атамның жалғасымын»

Ата-бабаң — ардақты, Жамандыққа бармапты. Ардақ тұтып үлкенді, Ата жолын жалғапты.

Тапсырмалар

  • Оқушыларға жеті атасын айтқызу.
  • Оқушылардың ата-әже туралы эсселерін тыңдау.

Қорытынды

Бабаларым, рахмет сендерге! Балаларым болмасын деп бос кеуде, Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің, Өмірге мен мылқау болып енгенде.

Мұқағали Мақатаевтың осы ойы бізге бір ақиқатты еске салады: біз ата-әжелеріміздің алдында әрдайым қарыздармыз.

Бұл қарызды тек жақсы тәрбиемен, адамгершілігі мол мінезбен, мейірім мен ізет арқылы өтей аламыз. Үлкенді көрген жерде құрметтеп, сыйлап, сөзін тыңдап, батасын алып жүрейік.

Қарттарымызды ардақтайық! Оларды сыйлайық, қадірлейік!