Менің ішкі дүнием - менің әлемім
Әлемді өзгерткің келсе — өзіңнен баста
Адам баласы осы жарық дүниеге шыр етіп келіп, көзін ашқан сәттен-ақ өмір атты алып әлемнің титтей бір бөлшегіне айналады. Алғаш тәй-тәй басқан бүлдіршін уақыт өте келе мектеп табалдырығын аттап, ұстаздарынан және аяулы мектебінен ізгілік пен жақсылықтың алғашқы әліпбиін үйренеді. Есейе келе үлкен өмірге араласып, оң мен солын ажыратуға талпынады.
Осы жолда көкірек көзі бар адам бір күні міндетті түрде өзіне сұрақ қояды: «Мен кіммін?» Меніңше, бізді қоршаған әлем ең алдымен өзімізден — өмірге деген көзқарасымыздан басталады.
Өзгеріс туралы негізгі сұрақтар
- Әлем дегеніміз не?
- «Әлемді өзгерту» дегенді қалай түсінуге болады?
- Мен әлемді өзгерте аламын ба?
Менің ойымша, әр адамның өзінің ішкі әлемі бар. Ішкі әлем — бұл ішкі жан дүниең, ішкі пайымың, өз-өзіңе ғана тән көзқарасың. Ақ пен қара, күн мен түн сияқты қарама-қарсылықтар адамның ішінде де болады: нәпсі мен қанағат, адалдық пен арамдық, жақсылық пен жамандық бір-бірімен үнемі тартысып жатады.
Ішкі дүниеңді жақсылыққа бағыттап, адамдарға ізгі ниет тілеп, дүниетанымыңа мейірім мен жауапкершілікті орнықтырсаң — өзіңмен өзің үйлесім табасың. Ал бұл үйлесім сыртқы әлеммен қарым-қатынасыңа да әсер етеді.
Бүкіл әлемді емес — өзіңді басқар
Бүкіл әлемдегі адамдарды бірден өзгерту мүмкін емес шығар. Бірақ өзіңді өзгерту арқылы әлемге деген көзқарасыңды жаңарта аласың. Кей адамдар өмірге өкпелі; енді бірі туыстарына, достарына, ата-анасына немесе тағдырына ренжулі. Алайда меніңше, адам — өз өмірінің қожасы.
Алдыңа мақсат қойып, соған жетудің жолын таба білсең; әр қадамыңды ақылға салып, берік ұстаным қалыптастырсаң — бұл өмірде жоғалмайсың. Түрлі жағдайға ой көзімен қарап, өз-өзіңе есеп бере алсаң; өзіңді қоршаған дүниемен тепе-теңдікте болуға ұмтылсаң; өзгені түсінуге әрекет етсең — өмірің бос өтпегені.
«Әлем» сөзінің мағынасы кең. Менің ішкі дүнием — менің әлемім. Ал «әлем» — мынау жалпақ дүние. Сол үлкен әлемді өзгерту үшін ең әуелі өзіңнің ішкі дүниеңді ретке келтіру қажет: кемшілігіңді саралау, түзетуге талпыну, ой-өрісіңді тәртіпке келтіру — мұның бәрі әр адамның қолынан келеді.
Ой түйін
Абай атамыз: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» — деп бекер айтпаған.
Ендеше, әлемді өзгерткің келсе — өзіңді өзгерт. Ойыңды түзе, бойыңды түзе. Осы орасан зор әлемде өзіңмен өзің келісімде өмір сүріп, жақсы мен жаманды ажырата білсең, адамзатқа ақ ниетпен қарай алсаң — бұл өмірде босқа жүрмегенің.
Адамның бақытты болуы да, бақытсыз болуы да — өз қолында. Өйткені адам өз өмірін өзі жасайды.