Туған жерге деген ыстық сезім

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларды Отанды сүюге, құрметтеп қастерлеуге, өз елін, тегін және тарихын білуге тәрбиелеу.
  • Оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып, қызығушылықтарын дамыту.
  • Патриоттық, эстетикалық, адамгершілік тәрбие беру және өз ой-пікірін еркін жеткізе алатын тұлға қалыптастыру.

Көрнекілігі

Слайд, тақырыптық материалдар, топтық тапсырмалар.

Сабақ форматы

Пікірсайыс: «Патриот деген кім? Патриоттық сезімді қалай түсінеміз?»

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру

Оқушыларға сабақтың мақсаты мен ережесі түсіндіріледі, жұмысқа дайындық жасалады.

II. Мұғалімнің кіріспе сөзі

Біздің мақсатымыз — өткенін білетін, бүгінді түсінетін, ертеңге сеніммен қарайтын азамат болып қалыптасу. Бүгін «Патриот деген кім? Патриоттық сезімді қалай түсінеміз?» тақырыбында пікірсайыс өткіземіз.

I топ

Ұшқын

«Ұшқыннан жалын лаулайды»

Топ жетекшісі: ________

II топ

Жалын

«Мен жанбасам жалын боп, сен жанбасаң жалын боп, кім жанады жалындап?»

Топ жетекшісі: ________

III. Негізгі бөлім

Талқылау өзегі

Халық игілігі үшін еңбек еткен ағартушылардың, ақын-жыраулардың негізгі мұраты — елді бірлікке, ынтымаққа шақыру, ғылым-білім мен өнерге ұмтылдыру, татулық пен адамгершілікті дәріптеу.

Ұшқын тобы

Ұлттық бірлікке тәрбиелеуде көркем шығарманың маңызы зор. Әңгіме, ертегі, өлең, жырларда отансүйгіштік, батырлық, ерлік, парасаттылық, достық сияқты ізгі қасиеттер дәріптеледі. Халық батырлық істерді ардақтап, оны жасаған ерлерді үлгі еткен.

Жалын тобы

Отанға сүйіспеншілік пен ұлтқа жанашырлық Алаш қайраткерлерінің еңбектерінде айқын көрінеді: А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, М. Жұмабайұлы, С. Торайғыров, Т. Рысқұлов, Ә. Бөкейхан, М. Шоқай. Олардың үндеулері жастарды оянуға, білімге ұмтылуға, елге қызмет етуге шақырады.

Дәйексөздер

  • А. Байтұрсынұлы: «Қазағым, елім!.. Аш көзіңді оянып...»
  • М. Дулатұлы: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты»
  • С. Торайғыров: «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам...»

Ұшқын тобы

Абай Құнанбайұлының мұрасында да жастарды намысқа, ар-ожданға, адамгершілікке тәрбиелейтін ойлар мол. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген қағида татулыққа, өзара сыйластыққа үндейді.

Патриот және патриотизм ұғымы

Ұшқын тобы

Қобыланды, Қамбар, Ер Тарғын, Алпамыс батырлар туралы жырлар мен шешендік сөздер жас ұрпақтың бойында Отанға адалдық пен ерлік рухын қалыптастыруға ықпал етеді.

Жалын тобы

Патриот — Отанын, халқын, жері мен суын шынайы сүйетін, халық мүддесі үшін күш-жігерін, қабілетін аямайтын адам.

Түйін

Патриоттық сезім — елдің мәдени және әлеуметтік жетістіктерін мақтан тұту, еңбек және жауынгерлік дәстүрлерді қастерлеу, мемлекетті қорғауға әрдайым дайын болу.

Көпұлтты қоғам

Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру үшін әр этнос өз мәдениетін танып-білумен қатар, өзгенің мәдениетін құрметтеп, өзара түсіністік орнатуы тиіс.

Б. Момышұлының пайымы

«Патриотизм — Отанға деген сүйіспеншілік. Жеке адамның аман-саулығы қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздікпен тікелей байланысты екенін, өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді сезіну. Қысқасы, патриотизм — мемлекет ұғымын жеке адамның өткені, бүгіні және болашағымен байланыстырған тұтас түсінік».

Туған жерге перзенттік махаббат

Патриоттық — туған жерге, ата-баба жатқан қасиетті топыраққа деген терең іңкәрлік пен жауапкершілікті де білдіреді.

Сұрақтар арқылы ой қозғау

  • ХХІ ғасырда ерлік жасау мүмкін бе? Ерлікті қалай түсінесің?
  • Жастардың бойында патриоттық сезім оятатын қазіргі әндер бар ма? Қайсысы?
  • «Мен өз елімнің патриотымын» дегенді қалай түсінесің?

Оқушылар пікірі

1-оқушы

Мен өзімді патриотпын деп есептеймін. Бұған дәлел — қай жерде болсам да қазақ тілінде сөйлеймін. Егер орта қазақ тілінде ақпарат бере алмаса, ана тілімде жауап беруді талап етемін. Бұл — тілімізге деген құрмет. Патриоттық тек туған жерді сүюмен шектелмейді, ол қазақ халқына тән барлық құндылықтарды қастерлеу.

2-оқушы

Әрбір «қазақпын» деген азамат өз елінің патриоты болуы тиіс. Мен де өзімді патриотпын деп айта аламын. Ата-анам кішкентайымнан Әнұранды жаттатып, рәміздердің маңызын түсіндіріп өсірді. Солай алғашқы патриоттық сезім қалыптасты. Қазір тарихымызға қызығамын, оны оқудан жалықпаймын. Жастар үшін ең бірінші орында тілге, елге және ұлттық құндылықтарға құрмет тұруы керек.

3-оқушы

Мен өзімді патриотпын деп санаймын. Дәстүріміз бен мәдениетімізге қызығушылардың көп болуы — мен үшін мақтаныш. Қазақ болып туғанымды мақтан тұтамын. Патриоттық белгілі бір уақытпен шектелмейді; ол әрдайым ұлтына деген ыстық сезімнен басталады.

4-оқушы

Өзімді патриотпын деп ойлаймын. Қазаққа қатысты қандай да бір мәселе болса, бейжай қарай алмаймын, қолымнан келгенше көмектесуге дайынмын. Бір жылы Олимпиадада спортшыларымыз жеңіп, көк ту көтеріліп, Әнұран шырқалған сәтте көзіме жас келді — бұл ұлтқа деген үлкен махаббат.

Бірде көшеде 3–4 жастағы түрік баласының қолын жүрек тұсына қойып, қазақтың Әнұранын айтып келе жатқанын көрдім. Бұл көрініс «Отанды сүю отбасынан басталады» деген ойды нақты дәлелдеді.

5-оқушы

Мен өзімді патриотпын деп айта аламын. Мысалы, «Шахтер» мен «Селтик» арасындағы ойында мен де жанкүйер болдым. Футболға аса қызықпасам да, өз елімнің командасы ойнағанда бейжай отыра алмадым. Достарыммен жиналып, көк ту ұстап, әр гол соғылған сәтті ерекше қуанышпен қарсы алдық. Бұл — елге деген сүйіспеншіліктің белгісі.

Меніңше, қазіргі патриоттық ең алдымен елге, одан кейін тілге деген құрметтен басталады. Жастар патриоттықты ана тілімізге құрметтен бастағаны дұрыс.

Дерек

ШҚО, Көкпекті ауданы, Тассай ауылы, Әуезов атындағы орта мектебі КММ. Смағұлова Бақытгүл Ақытовна.