Денсаулық тазалық сақтау

Кіріспе

Адамның денсаулығы — қоғамның да байлығы. Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алу тиімді екенін әрдайым есте ұстаған жөн. Осы тәрбие сағатының басты мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау. Тақырыбымыз: «Бақытым да, байлығым да — Денсаулық».

Халқымыз «Дені саудың — жаны сау» деп бекер айтпаған. Елдің келешегі мен көркеюі — балалар, сендердің қолдарыңда. Сондықтан таңдау — салауатты өмір салты.

І бөлім. Тазалық — денсаулық кепілі

Әрбір адам өз денсаулығын нығайтудың жолдарын білуі және күнделікті дағдыға айналдыруы керек. Дені сау адамның көңіл күйі көтеріңкі болады, ол еңбекке де әрқашан құлшына кіріседі.

Ой қозғау

Қараңғы бөлмеге кіріп, шам жақсаң — бөлме жарық болады. Қызыл гүлдердің ішінен бір ақ гүл көрсең — назарың соған ауады. Ендеше өмірімізді нұрландыратын, айналамызға сәуле шашатын ең басты байлық не?

Жауабы анық: Денсаулық.

Денсаулық деген не?

  • Ағзаның қалыпты әрі дұрыс жұмыс істеуі.
  • Дұрыс тамақтану.
  • Жеткілікті ұйқы (шамамен 10 сағат): ұйқы ең алдымен миды тынықтырады.
  • Таза ауада көбірек серуендеу.

Күнделікті тазалық дағдылары

  • Тазалық сақтау.
  • Тамақты шамадан тыс көп ішіп-жеуден сақтану.
  • Тамақтан кейін ауызды шаю, қолды жуу.
  • Күн тәртібін сақтау.

Қозғалыс және шынығу

Мұғалімнің сұрағы

Балалар, деніміз сау болуы үшін таза жүруден басқа тағы не істеуіміз керек?

Оқушылардың жауабы

Таңертеңгілік жаттығу жасап, спортпен шұғылдану керек. Адам үнемі қозғалыста болса, ағзадағы қан айналымы жақсарады, жұмыс қабілеті артады және түрлі ауруларға қарсы тұру жеңілдейді.

Денсаулықты сақтау үшін зиянды әдеттерден аулақ болған дұрыс.

Денсаулықтың жақын достары

  • Тазалық
  • Спорт
  • Таза ауа
  • Дұрыс тамақтану
  • Күн тәртібі

Денсаулықтың қастары

  • Шылым шегу
  • Ішімдік
  • Салақтық
  • Жалқаулық
  • Шамадан тыс тамақтану

Есте сақтайық

Денсаулық болса — бәрі болады. Тек тазалықпен шектелмей, денені шынықтыру, дұрыс тамақтану және тұрақты қозғалыс әдетін қалыптастыру маңызды. Үнемі дене шынықтырумен айналысатын адам сирек ауырады.

Тиімді тамақтану

Тиімді тамақтану — денсаулықтың берік тірегі. Ет, балық, ұн өнімдері және сүт тағамдарының әрқайсысының орны бөлек. Сонымен қатар жеміс-жидектерді көбірек жеген жөн: олардың құрамында ағзаға қажет дәрумендер мол.

Маңызды: шамадан тыс көп тамақтану да зиян екенін ұмытпайық.

Сұрақ 1

Жеміс-жидектерді жемес бұрын не істеу керек?

Жеміс-жидектерді жақсылап жуып алу керек.

Сұрақ 2

Тамақтану алдында не істеу керек?

Асқа отырар алдында қолды жуу керек.

Қорытынды

Қайталау сұрақтары

  1. Адамның дені сау болуы үшін қандай шарттарды орындау қажет?
  2. Адам не үшін жуынады?
  3. Тазалықтың достары мен қастарын ата.

Негізгі түйін

Деніміз сау болсын десек, жоғарыда аталған әдеттердің бәрін күнделікті өмірде қолдануымыз керек: таза ауада серуендеу, спортпен шұғылдану, денені күтіп ұстау, еңбек ету, дұрыс тамақтану және зиянды әдеттерден сақтану. Бұлардың барлығы — салауатты өмір салтының негізі.

Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы, №21 жалпы білім беретін орта мектеп.
Тәрбие ісінің меңгерушісі: Акубаева Мадина Аубакировна.