Түлкі мен Арыстан ертегісін сахналап көрейікші

Оқу іс-әрекеті туралы қысқаша мәлімет

Тақырып

«Түлкі туралы ертегілер еліне саяхат»

Әлеуметтік орта және шығармашылық-білім беру салалары бойынша көркем әдебиет оқу іс-әрекеті.

Автор

Кубденова Жанылсын Сабитқызы

Атырау қалалық №20 «Алтын балық» мүмкіндігі шектелген балаларға арналған балабақша тәрбиешісі.

Мақсаты

  • Балаларды ертегідегі жануарлардың мінез-құлқын, іс-әрекетін түсінуге және түлкінің жағымсыз қылықтарын байқай білуге үйрету.
  • Жануарлардың әрекеттерін салыстыру арқылы жағымсыз қасиеттерді ажырату дағдысын дамыту.
  • Түлкі туралы ертегілерді айтқызу арқылы халық ауыз әдебиетіне қызығушылықты арттыру, адамгершілікке және әдептілікке тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

Оқып беру Түсіндіру Әңгімелеу Рөлдерге бөліп ойнату

Алдын ала жұмыс

  • Балаларға түлкі туралы ертегілерді алдын ала оқып беру.
  • Мақал-мәтелдер жаттату.

Көрнекіліктер

Материалдар

Түлкі туралы ертегілер жинағы, ертегі көріністерінің суреттері.

Атрибуттар

Сахналауға арналған атрибуттар мен киімдер.

Ұйымдастыру кезеңі

Шаттық шеңбері

Бір шаңырақ астында Тату-тәтті тұрамыз. Біз балдырған баламыз, Тілегіміз — тыныштық. Ашық болсын көк аспан, Дос боп бірге жүрейік, Күліп өмір сүрейік.

Тәрбиешінің кіріспе сөзі

Тәрбиеші балаларға жұмбақ-өлең оқып, оның кім туралы екенін сұрайды. Мақсаты — жаңа тақырыпқа табиғи түрде шығу және балалардың байқампаздығын ояту.

Тал шыбықтай бұралып, Кербез сұлу қу бикеш. Алдыңнан шықса қуанып, Аңтарылып қалма кеш. Құйрығы ұзын, әдемі, Көркіне сән береді. Таңдандырып әлемді, Бізге де сол керегі. Ерінбей інін қазады, Өзі сылқым — бұл анық, Қыстан тоңбай шығады.

Талқылау

  • Өлең түлкі туралы. Түлкі — жыртқыш аң, өзінен ұсақ жануарларды аулайды.
  • Түлкінің кішкентай күшіктері «мыршай» деп аталады (балалармен бірге қайталау).
  • Сурет арқылы түлкінің қу, айлакер, алдауға бейім екенін байқау: ол түрлі әрекетімен сендіруге тырысады.

Балалардың білімін өзектендіру

Тәрбиеші балалардан түлкі туралы қандай ертегілер білетінін сұрайды. Көп ертегілерде түлкі өзінің айлакерлігімен және қулығымен ерекшеленетіні атап өтіледі.

Мысалдар

  • «Торғай мен түлкі» ертегісінде түлкі әлсізге әлімжеттік жасап, өзгенің еңбегін пайдалануға тырысады.
  • «Түлкі мен ешкі» ертегісінде түлкі айласын асырып, құдықтан шығып кетеді.

Негізгі сұрақ

«Түлкі сияқты әрекет жасауға бола ма?» — балаларды дұрыс пен бұрысты ажыратуға жетелейтін тәрбиелік сұрақ.

Тапсырмалар

1) «Кубик» ойыны

Балалар кубикті лақтырып, түскен санға сәйкес ертегінің мазмұнын айтады. Келесі бала әңгімені жалғастырады.

Ертегілер тізімі

  1. Торғай мен ешкі
  2. Түлкі мен арыстан
  3. Қоянның үйі
  4. Түлкі мен құмыра
  5. Торғай мен түлкі

Күтілетін дағды

  • Ертегіні жүйелі жеткізу
  • Оқиғаның логикалық жалғасын табу

2) Мақал-мәтелдермен жұмыс

Балалар ертегілердің мазмұнына сәйкес мақал-мәтелдерді айтады және олардың қай оқиғаға түйін болатынын анықтайды.

Мақал

Өтірікке алданба — басың бәлеге душар болар.

Мақал

Ұрлық түбі — қорлық.

Мақал

Еңбек етсең — емерсің.

3) Құрастыру тапсырмасы

Балалар ертегіге қатысты суреттерді құрастырады: «Торғай мен түлкі» ертегісінің бір көрінісін 12 бөлік арқылы жинақтау.

Сахналау: «Түлкі мен арыстан»

Тәрбиеші балаларға ертегіні сахналауды ұсынады. Бұл бөлімде балалар мәтінді сезіммен жеткізіп, кейіпкерлердің мінезін әрекет арқылы ашады.

Арыстан қартайды. Бұрынғысындай аң аулай алмайтын болды. Енді аңдарды айламен ұстағысы келді. Үңгірінде жатып: — Аурумын, жүруге әлім жоқ, — деп барлық аңдарға хабар таратты. Аңдар бір-бірлеп арыстанның халін білуге барады. Бірақ арыстан барған аңның бірін де кері қайтармайды — бәрі жем болады. Бір күні түлкі келеді. Ол үңгірден алысырақ тұрып: — Хәліңіз қалай, тақсыр? — деп көңілін сұрайды. — Хәлім нашар. Неге жақынырақ келмейсің? Берірек кел, түлкіжан, азырақ сөйлесейік, — дейді арыстан. Түлкі: — Жақын барар едім-ау, бірақ саған кірген із бар да, шыққан із жоқ! — деп, кері бұрылып кетіпті.

Қорытынды әңгіме

Бүгінгі оқу іс-әрекетінде балалар түлкі туралы ертегілерге тоқталды, түлкінің әртүрлі жағымсыз қасиеттерін танып, мұндай әрекеттерді қайталауға болмайтынын түсінді.

Тәрбиелік түйін (қорытынды сөз)

Серуендесең орманда, Қу бикешке алданба. Ісіңе берік, батыл бол — Жақсылық саған табар жол. Ұрының ісі оңған ба, Өнеге ал — пайдаң сол. Өтірік айтып лаң салма, Беделді бол ортаңда. Кір келтірме атыңа, Сай болсын ісің затыңа.

Сабақты аяқтау

Сабақ соңында белсенді қатысқан балалар мадақталады.

Күтілетін нәтиже

Білді

Түлкі туралы ертегілерді

Меңгерді

Жақсы және жаман қасиеттерді ажыратуды

Жасай алды

Ертегіні сахналады, суретті құрастырды