Кесте тігу өнері
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
- Негізгі мақсат: халқымыздың қолөнері мен көркем тігістері туралы түсінік қалыптастыру.
- Оқу мақсаты: қолөнер тарауы бойынша алған білімді жинақтау және пысықтау, қауіпсіздік ережелерін сақтау, тақырып бойынша білімді тереңдету.
- Дамытушылық: оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту.
- Тәрбиелік: еңбекке баулу, салт-дәстүрді құрметтеу, әсемдікке және эстетикалық талғамға тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер, көрнекілік және пәнаралық байланыс
Сабақтың әдіс-тәсілдері
- Түсіндіру
- Сұрақ-жауап
- Сарамандық жұмыс
Көрнекілік
- Слайд, буклет
- Ине-жіп түрлері, қайшы
- Үлгі қағаз, керілген мата
- Суреттер, дайын жұмыстар
Пәнаралық байланыс
Бейнелеу өнері, математика, тарих, сызу.
Қажетті құрал-жабдықтар
Бір түсті мата, бисер түрлері, кергіш, ине, жіп, оймақ.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылардың зейінін сабаққа аудару, жұмысқа дайындау.
II. Үй тапсырмасын тексеру: «Көңілді сауда» ойыны
Интерактивті тақтада сұрақтар нөмірленіп беріледі. Оқушылар өздері дайындаған әшекей бұйымдарын «дүкенге» қойып, сұрақтарға жауап беру арқылы «сату» жүргізеді.
Сұрақтар
- Бисер дегеніміз не?
- Ең алғаш бисер қай елде пайда болды?
- Тұңғыш рет бисер қандай өндіріспен байланысты болды?
- Бисермен сәндік үшін қандай бұйымдар тоқылады?
- Бисерді неден жасайды?
- Бисерді ең көп шығаратын елді атаңыз.
III. Мақсат қою кезеңі
- Қолөнер туралы жалпы түсінік қалыптастыру.
- Кесте тігу өнерін таныстыру және көркем тігіс түрлерін іс жүзінде меңгерту.
- Жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау.
Жаңа сабақ: кесте — қолданбалы өнердің көркем тілі
Кесте — қазақ халқының қолөнеріндегі ерекше орын алатын өнер. Қолмен кестелеп тігу — көне заманнан жалғасып келе жатқан қолданбалы өнердің бір түрі.
Қолданбалы өнер — көптеген елдердің шеберлері мен суретшілерінің шығармашылық жемісі. Ол киім мен интерьерді әшекейлеу арқылы адамның көңіл күйін көтеріп, тұрмысты көріктендіреді.
Қол кестесіне сұраныстың артуы бұйым түрлерін көбейтуге, сәндік шешімдерді түрлендіруге және кестелеу әдістерін жетілдіруге ықпал етеді.
Кесте тігуге арналған құрал-саймандар
Кергіш
Кесте тігушінің негізгі құралы. Матаны керіп ұстап, зақымданудан сақтайды. Көбіне бірінің ішіне бірі кіретін екі дөңгелектен тұрады. Ағаштан, пластмассадан, резеңкеден немесе металдан жасалады.
Ине
Матаның қалыңдығы мен жіптің жуандығына қарай таңдалады.
Қайшы
Жіптің ұшын қиюға қайтқы қайшы, оралған жіпті қию және жіпті тегістеуге орташа қайшы қолданылады.
Жіп түрлері
Табиғи, жасанды, синтетикалық және аралас жіптер; сондай-ақ ирис, мулине сияқты жіптер қолданылады.
Калька және көшіргіш қағаз
Калька — мөлдір ақ қағаз. Түпнұсқа суреттің көшірмесін жасауға қолданылады. Суретті матаға түсіру үшін көшіргіш қағаз пайдаланылады.
Материалдар
Канва және тегіс боялған мата. Өрнек құрастыруға миллиметрлік қағаз қолайлы.
Ұлттық дәстүр және тәрбие
Ертеде халқымыз тұтынған бұйымдардың көбін кестемен әшекейлеген. Қазақ қолөнерінің қалыптасуы көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты.
Атадан балаға, анадан қызға мирас болып келе жатқан сәндік өнер ұлттық мәдениеттің дамуына ықпал етеді. Дәстүр бойынша, қыз балаға ине сабақтау, түйме қадау, кесте тігу, ас пісіру сияқты істер үйретілсе, ұл балаға таспа тілу, өрім тоқу, мал сою және мүшелеу секілді жұмыстар меңгертілген.
Бүгінгі күн талабына сай қолөнер түрлері сан алуан: кестелеу, көркем тігу, ою-өрнекпен әшекейлеу. «Кестені көңіл сызады, қол тігеді, көз сынайды» дегендей, кесте тігудің әдістері көп.
Кестелеу өнері дүние жүзінің барлық халқында кездеседі. Әр халықтың тарихи ерекшелігі мен эстетикалық талғамына қарай өзіндік мәнері қалыптасқан. Еуропада кесте тігу ақсүйектік пен мәдениеттіліктің белгісі ретінде қабылданған.
Үй тұрмысындағы көптеген бұйымдар — дастархан, терезе пердесі, қол орамал, жастық тыс, түрлі көлемдегі үстел жапқыштар — кестемен көмкерілген. Қазақ әйелдері де күнделікті қолданатын заттарын мүмкіндігінше кестемен сәндеуге тырысады.
Жиі қолданылатын кесте түрлері
Бұл — қыз балаларға кішкентайынан үйретілетін, ыждақаттылық пен төзімді қажет ететін өнер. Кесте тігу табандылық, сабырлылық, ұқыптылық, зерделілік қасиеттерін қалыптастыруға көмектеседі.
Өнердің өміршеңдігі
Қандай да бір ата кәсіп болмасын, бүгінгі күні маңызын жоғалтқан жоқ — керісінше, заман талабына сай түрленіп, жаңаша сипат алып келеді. Осы сабақта біз кесте тігу өнеріне арнайы тоқталамыз.
«Егер мал таппақ болсаң, қолөнерді үйренбек керек: мал жұтайды, өнер жұтамайды», — деп Абай даналықпен өсиет қалдырған.
Бекіту: сұрақтар және схема бойынша жұмыс
1) Көркем тігіс түрлерін атаңыз
2) Осы тігістер арқылы қандай кесте түрлерін орындауға болады?
V. Сарамандық жұмыс
Техникалық қауіпсіздік ережелері
Жұмыс басталар алдында қауіпсіздік ережелері еске түсіріледі (бір оқушы дауыстап оқиды). Мұғалім оқушылардың құралдарды дұрыс қолдануын, тігіс түрлерін орындауын бақылап, қажет жерде көмектеседі.
Жұмысқа қажет құралдар
Ине, оймақ, біз, қайшы, кергіш, әртүрлі жіптер.
1-қадам
Ақ қағазға эскиз түсіріп, үлгіні қиып аламыз.
2-қадам
Керілген матаға суретті түсіреміз.
3-қадам
Кестені таңдалған тігіс түрімен орындап, жұмыс сапасын тексереміз.
Кесте тігу кезінде қарапайым еңбек қозғалыстары орындалады: саусақ, білезік және шынтақ қимылдары. Сондықтан дұрыс отыру және құралдарды қауіпсіз ұстау маңызды.
Оқушының шығармашылық әсері
Сабақтан алған әсерлері бойынша оқушылар мақал-мәтел айтады, қысқа өлең жолдарын оқиды.
Қолөнердің бір түрі — әшекейлі кестелеу. Қазақтың нәзік қыздары оны көркемдеп тігеді. Кестелеудің қыр-сырын ұстазымыз біледі, Шәкірттеріне әрдайым үйретіп жүреді.
VI. Қорытындылау
Қайталау сұрақтары
- Кесте тігуге қажетті аспаптарға қандай құралдар жатады?
- Иненің құрылысы мен түрлері қандай?
- Иненің құрылысы және қолданылуы туралы не айта аласыз?
- Қандай тігіс түрлерін және атауларын білеміз?
- Кестелеуге қандай жіптер қолданылады?
Плакат бойынша жауаптар
Инемен тігетін тігістер: көктеу, тепшу, жөрмеу, қайып тігу. Кестелеудің кең тараған түрлері: біз кесте, айқас тігу, жіп салып тігу.
Жасалған бұйымдардың сапасы тексеріліп, талданады: тігіс біркелкілігі, жіптің тартылуы, өрнектің дәлдігі, бұйымның жалпы әсемдігі.
VII. Бағалау және үй тапсырмасы
Бағалау
Оқушылардың жұмыстары бағаланып, нәтижесі бойынша кері байланыс беріледі.
Үйге тапсырма
Келесі сабаққа кесте тігуге арналған эскиз дайындау және құрал-жабдықтарды толықтыру.