Менің атым - Қожа(үзінді)Жұпар атқан кең жазықтың төсіне жұмсақ қара жолмен жүрдек машина барынша зырлап келе жатқанда, ұшқыр қиял шіркін де тығырында тоқырап қала алмайды - ау
Менің атым — Қожа (үзінді)
93 сөзЖұпар аңқыған кең жазықтың төсінде жұмсақ қара жолмен жүрдек машина барынша зырлап келе жатқанда, ұшқыр қиял да тығырықта тоқырап қала алмайды. Қанатын қағып-қағып жіберіп, дауылпаздай шарқ ұрып, ол да самғап ұшады.
О, атамекенім — қазақ жері! Сенің шет-шегіңе қиялдан өзге не жетіп үлгереді? Сол алып өлкеңнің бір пұшпағын ыстық көзбен, адал сезіміммен аймалап, елеусіз бір перзентің болып мен де келе жатырмын.
Көрініс
Мынау асқар тау. Жасыл жазық, мөлдір өзен, қалықтаған ақша бұлттар, тұнық аспан — осының бәрін, егер құшағым жетсе, ең қымбат, аяулы анамдай аймалап құшар едім. Япыр-ай, неге сонша ыстықсың, туған жер!
Автор: Б. Соқпақбаев
Тіршілік
104 сөзДән — тіршілік. Ол өнеді, өседі, піседі; жерге түскен соң, тағы да өнеді, тағы да өседі, тағы да піседі, тағы да жерге түседі. Оның өмір бойғы әдеті — осы.
Дәннің болмысы
Көгеріп өсу, гүлденіп кемелге келу, жер бетіне қайта-қайта өсетін тұқым себу — оның жолы. Сөйтіп, жерді де, өмірді де молшылыққа, сұлулыққа, сән-салтанат пен қуанышқа бөлейді. Бұдан игі, бұдан асыл арман бар ма?!
Тастың мінезі
Ал тастың аты — тас. Оған біткен қасиет — мәңгі-бақи қатып жату. Өсу мен өну — оған жат. Қозғалу, өзгеру дегенді жек көреді: майысу орнына сынады, иілу орнына құлайды. Сазаруды — сәндік, тоңдықты — паңдық деп біледі.
Қозыкүрең
90 сөзБұл кезде шығыстан құлан иектен таң атып келе жатқан. Саяқбай белбеуін алып, айғырдың мойнына салды да, ауылға қарай жетеледі. Түн ұзақ, суыт жүрістен кейін ісініп тұрған кезінде аңғармаған екенбіз.
Таңертең тұрып қарасақ, Қозыкүреңнің шынында да ыңыршағы айналған, құр сүлдері ғана қалыпты. «Ер арыса — аруақ, ат арыса — тулақ» дегенді бұрынғылар осындайда айтса керек: есіл жануар жал-құйрығының өзін ауырсынғандай, қабырғасы ырсиып, тірсегі майысып, зорға тұр.
Құндыздай жылтырап тұратын қан жирен түсі де күн қақты болып, оңып, ұйпа-тұйпа бірдеңеге айналған. Төрт аяғындағы болат тағалары тозып бітіп, жұқанасы ғана қалыпты.
Автор: Қабдеш Жұмаділов
Бозторғай
105 сөзБозторғай өзінің туысы қараторғаймен көрші тұратын. Ертелі-кеш ән салып, көңіл көтеретін. Торғайдың да шықылдап, бірсыдырғы ыңылдайтын әні бар еді. Бірақ бозторғайдың әнінен кейін торғайдың шиқылы аяқ астында қалып, ескерусіз қалды.
Өзін әншілердің санатына қосып жүрген қараторғайды күншілдік жеңді. Бозторғай әндете бастаса, қабағын түйіп, ашуын шақырып: — Сен-ақ шиқылдауға жалықпайды екенсің? Не дауыс, не әуен жоқ. Сенің әніңді кім тыңдасын?! — деп жақтырмайтын.
Содан бозторғай жазық далаға кетіп, әндететін болды. Оның әнін жалпақ дала мен ондағы тіршілік тыңдады. Кең аспанда салған ән бұрынғыдан да әуендірек естілетін.
Әуен туралы ой
— Тым биік көтерілмесеңші. Мерт боларсың, — деп аяған болады торғай.
— Жақыннан тістескенше, алыстан кісінескен артық емес пе? Алыстан әуендірек естіледі, — деді бозторғай.
Үмені көргенім
98 сөзҚалқай — қарт адам. Ержеткен балалары жоқ. Пішен мезгілі еді. Жұртпен қатар Қалқай да пішенін шаба бастады. Бірақ қайраты кеміген: өзі шауып өндіре алмады.
«Үме салып өндіріп алмасам болмайды екен», — деді. Өзі ауылға да, маңайдағы ауылдарға да барып, бір күнге көмек қолдарын сұрады.
Ертеңіне Қалқай арбаға қойын салып, екі мес сусын алып, пішен басына барды. Мақаш екеуміз де үмені көруге бардық. Қалқай келген адамдарға шабатын жерін көрсетіп берді.
Көп адам қатар түзеп шыққанда, шөп шыдатпайды екен: әрқайсысы қатардан қалмауға тырысып, жарысқандай болады. Бесінге дейін бар шөбін шауып берді. Бір қойдың етін жеп, екі мес сусын ішіп, орақшылар ауылдарына тарады. Қалқай бәріне алғыс айтып, ырза болып, үйіне қайтты.
Қыс
104 сөзЖаз өтті. Жауындатып, қара желдетіп, шөпті қуартып, жапырақты сарғайтып, елді әбігер қылып, ала-сапырандатып күз өтті. Үсті-басы қырауытып, қылышын сүйретіп, шықыр-шықыр етіп қыс келді.
Биылғы қыс қатаң болды. Боқырау болды, боқ қатты. Қарашаның қарын қаңтарға қосты. Боран ашылса, шартылдаған саршұнақ аяз қысты.
Жер сіреу қар. Жылымық болса, жаңбыр жауды. Жер көк сең: малдың аяғын қызыл жосын қылып, қиып тастады. Күн құлақтанып, шаңытқан ақ пердеге жасырынып, жаңа түскен келіндей ақ дидарын көрсетпеді.
Қас қарая-қараймастан күн батыстан шатынап шыққан, жалғыз көзді жаналғыштай жаман жарық жұлдыз шығады да, күннен-күнге шарықтап, көкке өрлейді. Жел қасарып, Темірқазықтан таймай, ызғырып тұрады.
Шығарма: «Қартқожа» · Автор: Ж. Аймауытов
Алып күш
96 сөзӘлгі келе жатқан — кеме болып шықты. Темір сауыты күн нұрына шағылысып, төбесіндегі дөңгелек темірден қара түтіні будақтап, өрге қарай жүзіп барады. Оның бас жағында біреу дүрбі салып, бері қарап тұр. Үстіңгі жақта әрі-бері жүгіріп жүрген кісілер де көзге шалынды.
Мына қалпында кеме дарияның қатты ағысын да, шығуы қиын өрін де мүдірместен алып барады. «Осы өрлегенім — өрлеген» дегендей тартып келеді. Кеме ілгері өте берді де, сәлден кейін бұрылыстан көрінбей кетті.
Жәнібек дариядан аттарын жалдап өтті. Жаңағы көрініс қайта-қайта ойына орала берді. Мынадай кемесі, сайлы қару-жарағы бар Қоқан мен Хиуа хандарының сарбаздары кез келген жауға қарсы тұра алады деген ойға келді.
Автор: Бекділдә Алдамжар
Көк тал
98 сөзОянып кеттім. Жел есік-терезені сабалап тұр екен. Ішін тартып, екілене соққанда, бейне үйдің шатырын көтеріп, не есік-терезені жұлып әкететіндей. Уілдеген үніне құлақ түріп, елегізіп, біраз жаттым.
Көзім ілініп кеткен екен, қайта ояндым. Тағы да сол желдің әлегі — басылар емес. Таңертең орнымнан тұрып тысқа шықтым. Айнала төңірек тым-тырыс: жынын алған бақсыдай мең-зең, алқа-салқа. Түндегі жел емес, кәдімгідей дауыл екен.
Түнімен емін-еркін ойнақ салып, ойранын шығарып, қирататынын қиратып, бүлдірерін бүлдіріп кетіпті: бір жамбастан қисайған бағана, жерде шұбатылған сым, жапырақтар мен бұтақтарды үйіріп-үйіріп тастаған шөп-шаламдар. Қысқасы, дала — көшкен жұрттың орнындай.
Алғаш көрінген белгі
Алғаш көзіме түскені — көк тал болды. Тамыры төңкеріліп, жел сабалап, сұлап жатыр.
Жолда туған ойлар
102 сөзЖері мол, пейілі кең, меймандос елді бірсыпыра аралаған соң, Алматыға бет бұрдық. Кең далаға көз салып, тар жолмен келеміз. Айналамызда құртша қыбырлаған қойлар қалып барады. Алдымызды ерегісіп кесіп, киіктер орғып барады.
Көп жауыннан кейін ашылған күн нұрын аямастан құйып тұр. Нұрға да, суға да тойған жер гүл жайнап, күлімдеп тұр. Зымыраған машинадан жан-жаққа қызыға қараймыз. Көргенімізді өзімізше ойға салып, екшейміз.
Ойға түйген ұсыныстар
- Осынау ұсақ колхоздарды ірі совхозға айналдырса, бір Алғабастың жеріне екі үлкен совхоз еркін сияр еді.
- Егін жайы, шабыны, суы қандай тамаша!
- Қарағандыға баратын темір жол Шұбартауға соға жүрсе, мына бай өлкені баурау оңайланар еді.
- Ақшатау кенін де өркендетер еді деген ойға малти бердік.
Автор: Ғ. Мұстафин