Топ мүшелеріне асықты иірту, асық ойындарының аттарын атату

Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қоскөл ауылы, №11 Қоскөл жалпы орта білім беретін мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Химия пәні мұғалімі: Тлеуова Шайзат Дүйсеновна.

«Алтын сақа» ойыны: «Менің атым Қожа» повесі бойынша

Дамытушылық мақсаты

Кітап оқуға қызығушылықты арттыру, мәтін мазмұнына сай ойынға қатыстыру арқылы есте сақтауды, зейінді және белсенді ойлауды дамыту.

Тәрбиелік мақсаты

Ұлттық ойынның мәнін ашу, асық ойыны арқылы ептілікке баулу және логикалық ойлау қабілетін жетілдіруге ықпал ету.

Ойын форматы және ұйымдастыру

Ойын бірнеше «алаңнан» тұрады. Сынып үш топқа бөлінеді: I, II, III. Әр алаңнан кейін қысқа үзіліс жасалып, көрермендермен жұмыс жүргізіледі.

I алаң

Тәуекел алаңы

II алаң

Үміт алаңы

III алаң

Көмбе алаңы

Шешуші кезең

Қанталапай

Қанталапай — соңғы негізгі талас. Әр топтан өз қалауы бойынша 3 үміткер қатысады. Жеңімпазды анықтау үшін 2 түрлі сұрақ беріледі.

I бөлім — Тәуекел алаңы

Ойыншыларға «Менің атым Қожа» повесіндегі кейіпкерлердің есімдерін еске түсіруге арналған сұрақтар қойылады.

Қожаға қатысты есімдер

  • 1.Қожаның шын аты: Қожаберген
  • 2.Жантас қойған аты: Қара көже
  • 3.Әжесі қойған аты: Тампыш неме

Отбасы және жақындары

  • 1.Әкесінің аты: Қадыр
  • 2.Мамасының аты: Миллат
  • 3.Қойшының баласының аты: Дәулет

Мұғалімдер мен сыныптастар

  • 1.Орыс тілі мұғалімі: Анфиса Михайловна
  • 2.Зоология мұғалімі: Оспанов
  • 3.Қожаның кластасы: Жантас

Ауыл адамдары

  • 1.Шашын алатын қария: Әубәкір
  • 2.Жанардың әкесі: Балабек
  • 3.Сұлтанның әкесі: Сүгір

Еңбек адамдары

  • 1.Көрші колхоздың комбайншысы: Қаратай
  • 2.Мектеп күзетшісі: Сәйбек
  • 3.Қаракөл бағатын қойшы: Жұмағұл

Қосымша сұрақтар

  • 1.Тауық фермасындағы туысқан атасы: Сүйінбай
  • 2.Екі тонналық колхоз машинасының жүргізушісі: Қайыпжан
  • 3.Колхоз поштабайы: Көштібай
  • 4.Атылған қаздың иесі: Әбдібай

II бөлім — Үміт алаңы

Бұл кезеңде ойыншылар повестегі тарауларды еске түсіреді. Сұрақты мұқият тыңдап, толық әрі нақты жауап бергенде ғана ұпай жинайды.

IV тарау — Дүкендегі оқиға

Қожа «кітап пен қант аламын» деген сылтаумен есік алдында тұрған көк көз келіншекті алдап кіріп кетеді.

Сұрақтар

  1. Екінші рет оны қалай алдады?
  2. Көк көз келіншек кім болды?
  3. Оқиға немен аяқталды?

Жауап

Сұр кепка. Бұл — Сәбира Майқанова, қазақ тілі мұғалімі әрі сынып жетекші. Нәтижесінде тәртібіне «4» қойылып, лагерьге жолдама беріледі.

V тарау — Жанардың үйі

Қожа кешкісін Жанардың үйін торуылдап жүріп, үйде ешкім жоқ екенін байқап, сәтін тауып ішке кіреді.

Сұрақтар

  1. Оқиғаны жалғастыр.
  2. Жанармен ерегістің себебі неде?
  3. Жанар мен әжесі неге күлді?

Жауап

Қожа дойбыны өте жақсы ойнайды. Жанар дойбы ойнауды ұсынады, бірақ Қожа ұтылып қалады. Ол пештің түбіне тығылып алып, «шықпаймын» деп қырсығады. Әжесі келген соң Қожа үйіне кетеді. Шарбақтан секіремін деп балағын іліп алып, етпетінен құлап, күлкіге қалады.

VIII тарау — Қойшының үйі

Құла дөненді мінген Сұлтан мен Қожа көңілді келеді. Қожа шөлдеп, жолай қойшының үйіне соғады.

Сұрақтар

  1. Оқиға қалай жалғасады?
  2. Дәулеттің өтірігі мен Сұлтанның қулығы қандай?
  3. Дәулет неге «саудагер» атанды?

Жауап

«Қымыз жоқ, адамдар ішіп кеткен» дейді. Бірақ Жұмекеннің айтуымен кереуеттің астында бір мес қымыз барын көрсетіп, «Екі кесе ішіңдер, апам ұрсады» деп ескертеді. Балалар «ақша төлейміз» дейді. Дәулет бәкісін, белбеуін, қымызын «саудалап», осы қылығына қарай «саудагер» атанып кетеді.

III бөлім — Көмбе алаңы

Бұл кезеңде ойыншылар кейіпкерлердің ойын жеткізу, суреттеу, жатқа айту сияқты шығармашылық тапсырмаларды орындайды.

XVII тарау — Ішкі сезім, кешігу

Қожаның ұйықтап қалып сабаққа кешігуі, қоңырау соғылып кетуі және бірінші сабақтың орыс тілі болуы — оқушыға таныс күй.

  • Қожаның сыныпқа кіргендегі іс-әрекетін сипаттау.
  • Үй жұмысы, «Пушкин. Қысқы кеш» тақырыбы аясындағы көңіл күйін жеткізу.
  • Жантастың «2» бағасы сияқты сәттердегі Қожаның ойын әдеби тілмен баяндау.

XVII тарау — Бақа мен қаздың шуы

Оқиғаны баяндап, мамасының келу себебін және әжесінің Қожаны қорғауын көркем, әдеби тілмен жеткізу тапсырмасы беріледі.

Негізгі талап: оқиға желісін бұзбай, кейіпкерлер мінезін дәл танытатын тілдік тәсілдерді қолдану.

XXIV тарау — Педкеңес

Диалогты негізге алып, Қожаның сыртта тұрған кездегі ішкі ойын (мұғалімдер, мамасы туралы) көркемдеп суреттеу.

Диалог үлгісі

  1. Қадыров: «Сені біз мұнда не үшін шақырып отырмыз, білесің бе?» — Қожа: «Білемін.»
  2. «Не үшін?» — «Тәртіпсіздігім үшін.»
  3. «Оқығың келе ме?» — «Иә.»
  4. «Неге қоймайсың тәртіпсіздікті?» — «Енді қоямын.»

Үш топқа ортақ тапсырма: «Құпия кеңес» көрінісі

Жылдамдықпен қатар, жауаптың толықтығы маңызды. Үлкен айна алдында Қожа тұрады. Қадыров: «Қожаның жеке басы туралы құпия кеңесті ашық деп жариялаймын. Күн тәртібінде бір ғана мәселе: тәртіпті, үлгілі оқушы болу үшін не істеу керек?»

Сұрақ

Қабылданған қаулыны жеткіз.

Тапсырма

Топ мүшелерін қатыстырып көрініс қою, рөлдерді нанымды ойнау.

Көрерменге сұрақ — XII тарау

«Жанар, сені сағындым» өлеңінің дүниеге келу тарихын түсіндір. Абайдың өлеңі мен Қожаның өлеңі арасындағы ұқсастық (әдеби «ұрлық» мәселесі) талқыланады.

Тапсырмалар

  1. Өлеңді жатқа айту.
  2. Қожаның «ұрлығы» дегенді қалай түсінесің?

Өлең мәтіні

Жанар, сені сағындым,
Келші, келші тезірек.
Жатпай-тұрмай ойлаймын,
Іші-бауырым елжіреп.

Жанар, сендей жан тумас,
Туса, туар артылмас.
Бір өзіңнен басқаға
Сағынышым айтылмас.

IV бөлім — Қанталапай алаңы (шешуші кезең)

Ойынның атауы — «Алтын сақа». Бұған дейінгі алаңдарда сұрақтарға жауап беріп, асықтар арқылы ұпай жинаймыз. Енді соңғы кезеңде кім көп асық жинайтыны анықталады.

Асық туралы қысқаша түсінік

Асық — халық танымында малдың қадірлі мүшелерінің бірі. «Жамбас», «асықты жілік» сияқты мүшелер сый табаққа тартылады. Балалар асықты жинап, әртүрлі ұлттық ойындар ойнаған.

Асық ойыны ептілік, жылдамдық, мергендік талап етеді: асықты иіру, ату, шертіп иіру сияқты тәсілдер бар. Бұл — ер баланы жинақылыққа, дәлдікке, төзімге баулитын тәрбиелік мәні зор ойын.

Күн жылып, қар кеткен шақта ауыл балалары дегдіген жерді қуалап асық ойнайтын. Бүгінде ұлттық ойындарды компьютерлік ойындар алмастырып барады, бірақ ұлттық мұраны ұмытпау — ортақ міндет.

Қорытынды тапсырмалар

  • Топ мүшелеріне асықты иірту.
  • Асық ойындарының түрлерін (атауларын) айтқызу.

«Алтын сақа» кімге бұйырады?

Көп асықтың ішінде сақа бар. Алтын сақа — бірнеше жай асыққа пара-пар. Шешуші сәтте ең үздік нәтиже көрсеткен топқа табысталады.

Соңғы бағалау критерийлері

1-тапсырма

«Менің атым Қожа» повесінен монолог оқу.

2-тапсырма

Қожаға мінездеме беру: оқушы өз көзқарасын дәлелмен айтып, ойды жүйелі жеткізеді.

Екі тапсырманы да өте жоғары деңгейде орындаған топқа «Алтын сақа» тапсырылады.