Дихрем сөзінің мағынасын тап

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Пән

Әдебиеттік оқу (2-сынып)

Тақырып

Ө. Ақыпбекұлы — «Сөз сиқырын ұғайық»

Сабақ түрі

Аралас сабақ

Әдістер

Топтық және жеке жұмыс, түсіндіру, шығармашылық тапсырмалар

Көрнекіліктер

  • Ө. Ақыпбекұлының суреті
  • Тақырыптық суреттер
  • Мақал-мәтелдер
  • Ребус
  • Тест тапсырмалары

Пәнаралық байланыс

Дүниетану, орыс тілі, ағылшын тілі.

Сабақтың мақсаттары

1) Білімдік мақсат

Өлеңді түсініп, мәнерлеп оқуға үйрету арқылы мемлекеттік тіл туралы түсініктерін кеңейту және тілдің халық қазынасы екенін ұғындыру.

2) Дамытушылық мақсат

Тілді меңгеруге қызығушылықтарын арттыру, сөздік қорын байыту, дұрыс сөйлеуге дағдыландыру.

3) Тәрбиелік мақсат

Ана тілін сүюге, қадірлеуге және құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Сыныптың дайындығын тексеру.
  • Сабақ мақсаты мен күтілетін нәтижені қысқаша айту.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Талқылау сұрақтары:

  • Үйге қандай тапсырма берілді?
  • «Керемет баға» мәтінінің негізгі ойы қандай?
  • Кім түсінгенін айтып береді?

3) Жаңа сабақ

А) Ой қозғау: «Тіл — дәм сезу мүшесі»

Мұғалім екі ыдыстағы ерітіндіні (бірі — тәтті, бірі — тұзды) екі оқушыға дәмін татқызып, айырмашылығын айтқызады. Осы арқылы тілдің дәм сезудегі қызметі еске түсіріледі (дүниетану пәнімен байланыс).

Негізгі ой

Сөздің де «ащысы», «тәттісі» болады — сөз адамға әсер етеді.

Ә) Ребус және пікірталас

Ребустың шешімі ретінде мына нақыл сөз талданады:

«Жыланның уы тілінде, адамның уы тілінде».

Бағыттаушы сұрақтар:

  • Тілмен тағы не істейміз?
  • Ауызды жауып отырып сөйлей аламыз ба?
  • Ыммен түсіндіре аламыз ба?

Қорытынды: тіл — қатынас құралы.

Б) Мемлекеттік тіл туралы сұрақтар

  • Біздің еліміз қалай аталады?
  • Мемлекеттік тіл қай тіл?
  • Неліктен мемлекеттік тіл — қазақ тілі?

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» сөзін қалай түсінеміз?

4) Оқулықпен жұмыс: автор және шығарма

Ө. Ақыпбекұлы туралы

Ақыпбекұлы Өтепберген (08.10.1950) — Алматы облысы, Қапал ауданы, Ақсу ауылында туған. Ақын әрі аудармашы. Балалар әдебиетіне арналған бірнеше жыр жинақтарының авторы.

  • «Футболшы боламын» (1982)
  • «Доп» (1985)
  • «Жарыс» (1985)
  • «Айдын шалқар» (1986)
  • «Экологиялық әліппе»
  • «Ажарлы Астана»
  • «Төрт түліктің төресі кім?»

Мәтінмен жұмыс форматы

  • Мұғалімнің мәнерлеп оқуы.
  • Оқушылардың кезектесіп оқуы.
  • Мағынасына қарай тоқтап, түсіндірме беру.

5) «Үш тұғырлы тіл» идеясы

«Үш тұғырлы тіл» идеясы 2006 жылдың қазан айында Қазақстан халқы Ассамблеясының XII құрылтайында жарияланған. Мақсат — Қазақстанды үш тілді қатар қолданатын, бәсекеге қабілетті, білімді мемлекет ретінде таныту.

Қазақ тілі

Мемлекеттік тіл

Орыс тілі

Ұлтаралық қатынас тілі

Ағылшын тілі

Жаһандық экономика тілі

Ойлан, тап

Дұрыс толықтыру: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз, ағылшын тілін үйренеміз.

Жұмбақ және тілдік салыстыру

Білімнен мол сый-асы, балғындардың ұясы. (Жауабы: мектеп)

Қазақша

Мектеп

Орысша

Школа

Ағылшынша

School

Сұрақ: орыс және ағылшын тілдерінде қандай тақпақтар, шағын өлеңдер білесіңдер?

6) Дәптермен жұмыс: сөздік жұмысы

Тіл ұстарту

Дұрыс сөйлеуге, шешендікке үйрету.

Тіл сындыру

Жаңадан тіл үйрену.

Елдестіру

Табыстыру, татуластыру, келістіру.

7) Өлең мазмұны бойынша сұрақ-жауап

  • Адам өз ойын қалай жеткізеді?
  • Биыл тәуелсіздікке неше жыл?
  • Үш тұғырлы тіл не үшін қажет?

Топтық жұмыс

1-топ: мақал-мәтелмен жұмыс

Екі мақалдың ішінен тіл туралысын тауып, мағынасын түсіндіру және тақтаға жазу.

  • «Ата-ананың ақылы — сайрап жатқан жолмен тең.»

  • «Құлақ екеу, тіл — біреу: аз сөйлеп, көп тыңда.»

    Қосымша талқылау: «Сүйдірген де — тіл, күйдірген де — тіл.»

2-топ: өлең жолдарын талдау

Тіл туралы айтылған жолдарды тауып, мағынасын ашу және жатқа айту.

«Сақтар болсаң халқыңды — тілді сақта,
Баға жетпес мұра жоқ тілден басқа!
Тілден басқа жиһаздың бәрін түгел
Базарлайсың қалтаңда ақшаң жатса.»

Әбу Сәрсенбаев

«Тәуелсіз ел атандық — биік даңқың,
Бар әлемге әйгілі, мәлім атың.
Ата-баба қанымен келген бізге
Тәуелсіздік құт болып қонды еліме.»

Бекіту: тест

1) «Тәкаппар» сөзінің мағынасы

  • А)Менмен, өзін өзгелерден биік ұстайтын адам.
  • Ә)Жалқау.
  • Б)Білімді.

2) «Дихрем» сөзінің мағынасы

  • А)Орыстың ақшасы.
  • Ә)Араб елдерінің ежелгі ақшасы.
  • Б)Татар елінің ақшасы.

3) «Жаңылтпаш» дегеніміз не?

  • А)Бір нәрсені тұспалдап айту.
  • Ә)Шапшаң айтылатын қысқа өлең (тіл жаттықтыруға арналған).
  • Б)Бір нәрсені жасырып айту.

4) Тышқан арыстанға қалай көмектесті?

  • А)Арқанды шешті.
  • Ә)Тісімен қырқып тастады.
  • Б)Көмектескен жоқ.

5) Нағыз адам қандай адам?

  • А)Еріншек.
  • Ә)Елгезек.
  • Б)Бойында барлық жақсы қасиеті бар адам.

Шығармашылық тапсырма

«Тіл» тақырыбына 5 жол өлең құрастыру

Оқушылар берілген тақырыпқа сай бес жолдан тұратын шағын өлең (синквейн/еркін үлгі) құрастырады.

Қорытынды, бағалау және үй тапсырмасы

Қорытынды

  • Бүгінгі сабақтан нені түсіндік?
  • «Сөз сиқыры» дегеніміз не?

Бағалау

Белсенділік, мәнерлеп оқу, жауаптың дәлдігі және топтық жұмысқа қатысуына қарай бағаланады.

Үй тапсырмасы

  • Өлеңді мәнерлеп оқу.
  • Тіл туралы мақал-мәтелдер жинау.