Танымдық ойын сайыс сабағы

Сабақ тақырыбы: Қызықты математика

Бұл сабақ — танымдық ойын-сайыс формасында өтетін, оқушылардың білімін тереңдетіп, алған білімдерін пысықтауға арналған қызықты математикалық тапсырмалар жиынтығы.

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: оқушыларды есеп шығаруға дағдыландыру, алған білімдерін жетілдіру.
  • Дамытушылық: өлең есептер, ертегі есептер, сөзжұмбақтар арқылы логикалық ойлауын, тез есептеуін және есте сақтау қабілетін дамыту.
  • Тәрбиелік: пәнге қызығушылығын арттыру және өз ойын еркін айтуға үйрету.

Сабақ сипаттамасы

Түрі
Танымдық ойын-сайыс сабағы.
Әдісі
Сұрақ-жауап, көрнекілік, ізденушілік, ойын, құрастыру.
Көрнекіліктер
Сөзжұмбақ, бейнелі сөздер, санамақ, викторина, тест, ертегі есеп, өлең есеп, слайд.
Пәнаралық байланыс
Табиғатты қорғау және экологиялық тәрбие тақырыбымен ұштасады.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Құрметті ұстаздар мен оқушылар, 2 «Б» сыныбында өтетін «Қызықты математикалық ойындар» атты сайыс сағатына қош келдіңіздер! Сайысымыздың негізгі мақсаты — әртүрлі математикалық ойын тапсырмаларын орындау арқылы білімдеріңізді тереңдету және өткенді пысықтау.

Сайыс сағатында өлең есептер, ертегі есептер, сөзжұмбақтар және бейнелі сөздер беріледі. Әр дұрыс жауап үшін 1 ұпай қосылады.

Көп ұпай жинаған топ «Жас математик» номинациясына ие болады. Ал ұпайы аз болған топ сайысқа белсенді қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталады.

Сайысқа шақыру

Уа, халайық, халайық, бәріне жар салайық!

Бүгінгі кеш төрінде, математика елінде:

Есеп шешіп жарысып, жұмбақ шешіп аңдысып,

Шабыт тасып, шалқысып — көңілді кеш жасайық.

Жұмбақ шеру жасайық: мұнда қызық табылады,

Жұмбақ, есеп — бәрі бар. Білімдеріңді сынайық!

Топтармен танысу

Бүгінгі сайыста екі топ бақ сынайды:

1) «Алғырлар» тобы

Топ басшысы: ________________

Команда

Алғырлар озып шығып, бәйге аламыз,

Аты аңызға айналған алғыр бала атанып,

Біз де ғалым боламыз.

2) «Білгірлер» тобы

Топ басшысы: ________________

Команда

Мақтанбаймыз «білгірміз» деп,

Таудай биік талабымыз.

Білгір бала атанып, келешекте өскенде

Үлкен ғалым боламыз.

Жағымды көңіл күйге бағыттау

Сабақты ерекше көңіл күймен бастау үшін көзімізді жұмып, әсем әуен ырғағына құлақ түрейік. Әуенді тыңдай отырып, көз алдымызға мына көріністі елестетеміз: жасыл дала құлпырып тұр, қып-қызыл гүлдер жайқалады, мөп-мөлдір су сарқырап ағады, аспан ашық, күн сәулесі жарқырап күлімдейді. Енді көзімізді жаймен ашайық.

Оқушылар, қандай көрініс елестеді? (Әсем табиғат.)

Проблемалық жағдаят: Табиғатты қорғау

Жаздың бір шуақты күнінде Асқар мен Болат ата-анасымен бірге көл жағасына демалуға барады. Балалар суға шомылып, күнге қыздырынып болған соң, аналары оларды тамаққа шақырады. Тамақтанғаннан кейін олар ойнайды. Кетер кезде әкелері қарбыз жарып береді.

Қарбызға тойған соң, балалар қабықтарын көлге лақтырып ойнайды. Анасы ыдыстарын жинап алады да, тамақ қалдықтарын көлге тастайды. Қалған қоқысты жинамастан: «Тез машинаға отырыңдар, үйге қайтамыз», — дейді. Сөйтіп, бәрі машинаға отырып кете береді.

Нәтижесінде табиғат қоқыстанып, су мен жағалау ластанады. Табиғатты қорғау — әрқайсымыздың міндетіміз. Бүгін біз де өз үлесімізді қосайық: ол үшін сөзжұмбақ шешеміз. Сөзжұмбақты дұрыс шешкен сайын, «табиғатымыз» қоқыстан тазарады.

Сайысты бастау

Ей, балалар, балалар, қане бері қараңдар!

Сайысымызды бастайық,

Сөзжұмбақты қиналмай, лезде шешіп тастайық!