Бауыржан майдан даласында сахналық көрінісін тамашалау

I бөлім. Азаттыққа апарар жол

Азаттық. Теңдік. Тәуелсіздік. Бейбітшілік. Осы ұғымдардың салтанат құруы үшін кімдер бас тікпеді, кімдер құрбан болмады?

Тәуелсіздік шежіресіне көз жүгіртсек, дүбірлі батырлар заманынан бері ел мен жер үшін қаншама қан төгілді, қаншама адам құрбан болды.

Қаныбек

Қазақ деген асқақ тұлға мен боламын!
Өткізген талай өмір, жол бұрқанын
Серпілтіп ашып тастап айқындалдым,
Өмірдің мына ауыр көк тұманын.

Арайлым

Көрдім ғой шабуылын моңғолдың да,
Тарттық қой азабын біз жоңғардың да.
Отары орыстардың болсақ-дағы,
Құдайдан басқасына табындым ба?

Дархан

Біз қазақпыз, қазақпыз,
Тағдыры — қазақ, ғажаппыз.
Егемендік жолында,
Табанды талай қажаппыз.

Азап та талай шеккенбіз,
Елеулі ерлік еткенбіз.
Қазақтыққа сыйынып,
Азаттыққа жеткенбіз.

Сымбат

Домбыра тартсақ — ақынбыз,
Дулыға кисек — батырмыз.
Тағдырдың жүгін арқалап,
Бүгілмей келе жатырмыз.

Жалғаным емес — шындығым,
Тәуекел кескен кіндігім.
Қазақ деген қажетім,
Қазақ деген құнды ұғым.

Ел қорғаған ерлер есімі

Қазақ жері талай ауыр кезеңді бастан өткерді. Ел дүр көтеріліп, найза ұшы қанға боялған замандарда Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, Түкеұлы Райымбек сынды баһадүрлердің ерлігі — бүгінгі ұрпаққа мақтаныш әрі аманат.

Абылай хан Қабанбай батыр Бөгенбай батыр Наурызбай батыр Жәнібек батыр Райымбек батыр

Сахналық сәттер

  • «Балбырауын» күйі
  • Сахналық көрініс: «Қазақ батырлары»
  • «Қаражорға» биі

Мәди, Жасұлан

Батыр болған бабалары,
Ел бастаған даналары.
Байтақ жерге жау тигізбес —
Қазақтың батырлары!

Отан даңқы, мүддесі үшін қажырлы —
Батырлар ол, елдігімнің тірегі.

II бөлім. Ұлы Отан соғысы: ерлік пен тағзым

ХХ ғасыр адамзат жадында жойқын соғыстарымен сақталды. Бір ғана Екінші дүниежүзілік соғыс қаншама ұрпақты қайғы-қасіретке душар етті. Дүниені дүмпуімен теңселткен сол өрттің аяқталып, халқымыздың Ұлы Жеңіске жеткеніне жыл сайын тағзым етіледі.

1941 жылғы 22 маусым

1941 жылдың 22 маусымы күні таңғы сағат 4:00-де фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасады. Ұлы Отан соғысы басталды. Осы қырғында қаза болған миллиондаған адамның есімі — халық жүрегінде. Отан үшін жанын пида еткен ағаларымыздың алдында бас иеміз.

1 минут үнсіздік

Бүгінгі ұрпақ аға буын сыйлаған бостандық пен бейбітшілікті берік сақтауға тиіс.

Қазақстанның майданға қосқан үлесі

Майданға аттанғандар
1 366 000
адам
Майдан даласында қалғандар
601 815
адам
Елге жете алмай қаза болған қазақтар
135 000
адам

Республикада 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 4 атты әскер дивизиясы, сондай-ақ артиллериялық, минометтік, авиациялық полктер және жеке батальондар құрылып, майданға жіберілді.

Динара

Отаным, еркелейік өзге кімге?
Өзіңмен нені болса көрем бірге.
Қалайша қабырғама батпас менің,
Басыңа қатер бұлты төнген кезде?

28 жауынгердің ерлігі

Қазақстаннан құралған гвардиялық атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерлігі соғыс тарихына алтын әріппен жазылды. Сол дивизияның 28 жауынгері 50 танкке төтеп беріп, табандылықтың биік үлгісін көрсетті.

Ақмырза

Даңқ қосып даңқына,
Сұрапылға төтеді.
Борыштарын халқына,
Ерлігімен өтеді.

Жиырма сегіз — бір ғалам,
Анау жаудың танктері лаулаған.
Ресей кең, Отан кең — артымызда Мәскеу.
Шегінуге хақымыз жоқ, бір қадам!

Оқушы

Тастар көкке атылды,
Орман шулап, тау құлап.
Жиырма сегіз батырды
Жеңе алмады жау бірақ.

Жау жеңілді ақыры,
Атты бейбіт таң күліп.
Жиырма сегіз батырды
Ұмытпайды ел мәңгілік.

Ерлікке берілген жоғары баға

Қазақстандықтар майданда жаппай ерлік көрсетті. 518 қазақстандыққа «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді, соның 97-сі — қазақ. Мыңдаған жауынгер орден-медальдармен марапатталды.

Бауыржан Момышұлы: қайсарлық мектебі

Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшысы, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлы — ұлт рухының символы. Ол алғашқы ұрыстарда рота, батальон, полк, дивизия командирі дәрежесіне дейін көтерілді.

Мәскеу түбіндегі шайқастарда қар кешіп жүріп, қоршауды бірнеше рет бұзып шықты; жүздеген рет қол бастап ұрысқа кіріп, әскери тактикада тың шешімдер ұсынды.

Соғыстан кейін Жоғары әскери академияны тәмамдап, әскери-педагогикалық қызмет атқарды. 1956 жылы полковник шенінде отставкаға шығып, шығармашылықпен айналысты. Кейін оған «Кеңес Одағының Батыры», тәуелсіздік жылдары «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Сахналық көрініс

«Бауыржан майдан даласында» қойылымын тамашалау.

Қаныбек

Намысынан халқының жаратылған,
Көзінде отты жасы бар.
Сан жырлар оны жаңа ұрпақ —
Келешек, ұлы ғасырлар
Баукеңе қарар таңырқап!

Жеңілден безіп әманда,
Үлесін алған ауырдан —
Күрделі біздің заманға
Ұқсайды Қайсар Бауыржан!

Дарын

Өрт кешкен отты жылдарда
Шынығып өсті өр тұлға.
Сүйеу боп сұрапылдарда
Даласы тұрды артында.

Жықпастан туын елдіктің,
Жеткіз деп келер таңдарға,
Тапсырды: өрлік, ерлікті —
Болашақ Бауыржандарға!

Қазақтың қайсар қыздары

Қан майданда ерлік көрсеткен қазақ қыздарының қаһармандығы — елжандылық сезімді оятады. Қазақ қыздары қай заманда да ер-азаматтармен қатар Отан қорғауға шықты. Соғысқа 5183 қазақ қыз-келіншегі қатысқан. Батыр қыздар ішінде Әлия мен Мәншүктің шоқтығы биік.

Қазақ халқынан шыққан қаһарман қыздардың қатарында Мәдина Ысқақова (Кожедубпен 120 әуе шайқасына қатысқан), әскери дәрігер Мәриям Сырлыбаева, гвардия лейтенанты Хиуаз Доспанова, механик Дәмелі Жәкеева, зенитші Ақлима Ақжолова, танкистер Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмила Талқанбаева, пулеметші Жәмилә Бейсенбаева және басқа да көптеген есімдер бар.

«Шығыстың қос шынары»

Шапағат

Елім деген қазақтың әр ұланы
Өздеріңе ұқсасам деп ұғады.
Жастарымның өнегесі мәңгілік —
Рухысың шығыстың қос шынары.

Шолпан

Батырлығы Әлия мен Мәншүктің —
Бүгінгі жас ұландардың жыры, әні.
Қарапайым қазағымның қос қызы
Отаншылдық үлгісі боп тұрады.

Жеңіс: әділдіктің салтанаты

Әділдік әрдайым жеңеді. Опасыздықпен шабуыл жасаған фашистер 1945 жылы 9 мамырда Берлинде тізе бүкті. Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып ту тіккен батыр ағамыз — Рақымжан Қошқарбаев. Соғыс аяқталды, ауыр жылдар артта қалды, бейбіт өмірдің негізі қаланды.

Кейін Рақымжан Қошқарбаевқа ерлігі үшін жоғары атақтар берілді, тәуелсіздік жылдарында оның есімі халқымен қайта қауышты.

Маржан

Жеңіс! Жеңіс келді қалама,
Жеңіс келді далама.
Жеңіс келді әке боп
Елдегі бар балаға.
Жеңіс келді ән болып,
Келді ақылға сән-көрік.
Жеңіс келді, алақай,
Тоя жейтін нан болып!

Ән

«Бейбітшілік сақталады»

III бөлім. Желтоқсан жаңғырығы және тәуелсіздік

Тарих беттерін парақтасақ, қазақ халқы ұзақ жолында талай қанды қырғынды, зорлық-зомбылықты көріп, қасірет шекті. Соның бірі — Алматыда болған жастар көтерілісі. Бұл оқиғаның себеп-салдарын бір ауыз сөзбен түсіндіру мүмкін емес.

1986 жылғы Желтоқсан: мақтаныш та, қасірет те

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі — қазақ халқының әрі ұлы мақтанышы, әрі ұлы қасіреті. Мақтанышымыз — ол Кеңестер Одағындағы демократиялық қозғалыстарға серпін берді. Қасіретіміз — одан кейін халқымызға «ұлтшылдық» айыбы тағылып, мыңдаған жас пен олардың отбасы зардап шекті. Дегенмен, қандай кезеңде де әділдік өз туын көтереді.

Ләззат

Желтоқсанда, Алматыда, ақ қарда,
Алма бақтар ақ қырауға батқанда,
Күңірене күн күркіреп, тау жатқан,
Жайдың оты жалаң қақты шатқалдан.

Аида

Жанымыз жомарт қазақпыз,
Мәңгүрт боп кете жаздаппыз.
Қосайық басты, бауырлар,
Жанайық, жансақ маздап біз.

Бексұлтан

Өгей қозы біз болдық елімізге,
Келімсектер шықты ғой төбемізге...
Күңірену, айқайдан құлақ тұнды,
Көзге жас ап аналар жылап тұрды.

Сахналық көрініс

«Ерте солған гүл»

Оқушы

Азаптады қарақшылар қанқұйлы,
Қазақ қыздар қорлық көрді сан қилы.
Арпалысып теңдігі үшін халқының,
Батыр Ләззат желтоқсанда жан қиды.

Оқушы

Елі үшін ерлігімен елене,
Абырой мен атағына бөлене.
Ләззат сынды қазақ қызы — қаһарман,
Ұрпағына болар мәңгі өнеге.

Гүлнұр

Желтоқсан — сен еркіндіктің ұраны,
Желтоқсан — сен азаттықтың жыр-әні.
Ұмытпайды сені мәңгі ұланың,
Желтоқсан — болашағы елімнің.

Мирас

Қалықтасын көгімізде қыран құс,
Ерлігіміз болсын елге жыр-аңыз.
Ата-бабам армандаған сан ғасыр —
Тәуелсіздікке тәубе, тәубе, мың алғыс!

Оқушы

Алау етіп, жалау етіп намысын,
Өз ұлтының тілі, рухы, ары үшін,
Желтоқсанда қаза болған қос қыран
Қарап жатыр бізге жердің астынан...

“Ұлтың үшін, тілің үшін өр бол,
Өр болмасаң, өр болғанға төр бол.
Егер ұлтты сақтай алмасаң,
Сақтар күшті тіпті жақтай алмасаң,
Бүйтіп тірі жүргеніңше бор бол,
Рухын сатқан ұлтсыздарға қор бол”, —
Деп тұрғандай Ләззат пен Ербол.

Қорытынды ой: бейбітшілікті сақтау — ортақ парыз

Біз баянды бейбітшілік үшін, аспанымыз ашық, көңіліміз шат, өміріміз бақытты болуы үшін еңбек етеміз. Ядролық қарудың қандай қасірет екенін білеміз, сондықтан өлім сепкіш қарулардың жойылып, әлемде бейбітшілік орнығуын тілейміз. Бейбіт күнді, бейбіт өмірді, бейбіт аспанды қастерлейік.

Хор

«Әрқашан күн сөнбесін»