Жазбаша деректер

Сабақтың тақырыбы

5-сынып. «Қазақстан тарихынан әңгімелер» пәні бойынша: §2. Тарихтың қайнар көзі — деректер.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Тарихи дерек ұғымын түсіндіру; деректердің түрлері мен пайда болуын таныстыру; археология және этнография ғылымдарының нені зерттейтінін және олардың тарихты терең меңгерудегі маңызын ашып көрсету.

Дамытушылық

Оқушыларды өз ойын анық жеткізуге, пікір айтуға, салыстыру мен қорытынды жасауға үйрету. Өткен тақырыптармен байланыстыра отырып, деректердің ерекшелігі, айырмашылығы және ұқсастығын ажырата білу дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік

Тарих ғылымының салаларының тарих жазудағы маңызын түсінуге тәрбиелеу, ғылыми еңбекке құрмет қалыптастыру.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Әдісі

Әңгімелеу, сұрақ-жауап.

Пәнаралық байланыс

География, математика, әдебиет, бейнелеу өнері.

Көрнекілік

  • Археологиялық қазбалардан табылған көне қалалардың суреттері (Бұзоқ, Сарайшық, Отырар және т.б.).
  • Тас бетіне жазылған көне жазулар (Күлтегін, Тоныкөк және т.б.).
  • Ежелгі Қазақстан картасы.
  • Слайдтардағы тірек жазбалар.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Сыныпты сабаққа дайындау: қатысымды тексеру, назарды шоғырландыру, сабақтың мақсатымен қысқаша таныстыру.

2) Үй тапсырмасын сұрау

Үй тапсырмасын 1–2 оқушыдан ерікті түрде айтқызып, қалған оқушылармен сұрақ-жауап арқылы тақырыптың қаншалықты меңгерілгенін анықтаймыз.

Негізгі сұрақтар

  • Тарих сөзі қандай мағына білдіреді?
  • Бұл ұғымды алғаш қолданғандар кімдер?
  • Неліктен кейбір ғалымдарды «тарих атасы» деп атайды?
  • Тарих пәнін оқып-білу не үшін қажет?

Оқушының сөйлеу мәдениеті

Алғашқы сабақтардан бастап оқушыларды тарихи тілмен сөйлеуге, ойын дәлелдеуге және қорытынды жасауға бағыттаймыз.

Жазбаша жұмысты жүйелі тексеру

Үйге берілген жазбаша тапсырмалар жүйелі тексеріледі. Бұл жауапкершілікті қалыптастырады. Уақыт шектеулі болса да, дәптерлерді шолып тексеру арқылы оқушылардың дайындық деңгейін бағалауға болады.

Үй тапсырмасын қорытындылағаннан кейін негізгі тірек сөздер еске түсіріліп, жаңа тақырыпқа өтеміз.

3) Жаңа сабақты түсіндіру

Бүгіннен бастап «Тарих әлемі» бөліміндегі саяхатымыз басталады. Тақтаға «Тарихтың қайнар көзі — деректер» деп жазылады. Көрнекіліктер алдын ала дайындалып, оқушылардың назарын тақтадағы суреттерге аударамыз.

Тақырып жоспары

  1. Тарихи дерек көздері:
    • жазбаша деректер;
    • археологиялық деректер;
    • ауызша деректер;
    • этнографиялық деректер.

Негізгі идея

Тарихты дұрыс түсіну үшін дерек көздерінің барлығын салыстыра отырып қолдану қажет. Қазақстан тарихы ұзақ уақыт бойы көбіне заттай және жазбаша деректерге, кейде басқа тілдердегі мәліметтерге сүйеніп жазылғанын атап өтеміз.

Ауызша тарих дәстүрі

Атадан балаға мұра болып жеткен ауызша тарих айту дәстүрі бар екені түсіндіріледі. Бұл — шежіре, аңыз-әңгіме, жыр-дастан, тарихи әңгімелер сияқты үлгілер арқылы сақталған мұра.

«Тарихи деректер» кестесі

Ұғымдар оқушыларға жаңа болғандықтан, тақтаға немесе слайдқа төмендегідей кесте ұсынылады және сабақ барысында біртіндеп толтырылады.

Ауызша Жазбаша Археологиялық Этнографиялық
Шежіре, аңыз-әңгіме, жыр-дастан, мақал-мәтел, тарихи естелік Жылнамалар, хаттар, заңдар, ресми құжаттар, тасқа қашалған жазулар Қоныстар, қалалар орны, қорғандар, еңбек құралдары, қыш ыдыстар, әшекей бұйымдар Халықтың тұрмыс-тіршілігі, киім, тағам, баспана, әдет-ғұрып, салт-дәстүр

Жазбаша деректер

Түріктердің де жазба дәстүрі болғанын көне түрік жазулары дәлелдейді (Күлтегін, Тоныкөк және т.б.). Оқушылармен қазіргі жазу мен көне жазудың айырмашылығын салыстырамыз.

Сонымен бірге «Алғаш жазуды кімдер ойлап тапты? Неліктен жазу қажет болды?» деген сұрақтар арқылы қызығушылық оятамыз.

Археологиялық деректер

Слайдтар мен суреттер арқылы оқушылар археологиялық деректерге не жататынын анықтап, кестені өздері толықтырады. Қажет болса, оқулық мәтінінен нақты дәлел келтіріп, толықтыру жасайды.

Археологияны бейнелі түрде «күрекпен қаруланған ғылым» деп те атауға болады.

Этнографиялық деректер

Жер бетінде шамамен 3000-ға жуық этнос өмір сүретіні, олардың шамамен 200-і ғана өз мемлекеттігін құрғаны айтылады. Әр халықтың даму деңгейі, тіршілігі, салт-дәстүрі мен дүниетанымы әртүрлі болады.

Негізгі анықтамалар

Этнография — әртүрлі халықтардың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін зерттейтін ғылым.

Этнос — ортақ тарихи тағдыры, тілі, мәдениеті және өзіндік санасы бар адамдар қауымдастығы.

Ойлануға арналған сұрақтар

  • Неліктен жер бетіндегі халықтардың өмір сүру деңгейі әркелкі?
  • Неге кейбір қоғамдар алғашқы қауымдық құрылыстағыдай өмір сүрсе, енді бірі ғылыми-техникалық прогресті бастан кешіреді?
  • Жазудың, еңбек құралдарының жетілуі және тәжірибенің жинақталуы қоғам дамуына қалай әсер етті?
  • Елдер арасындағы соғыстар мен апаттардың адамзат өміріне ықпалы қандай?

Қорытындылау

Тарих ғылымы дерек көздерінің арқасында ғана ақиқатқа жақындайды және шынайы сипат алады. Археолог, этнограф, тарихшы сияқты мамандардың еңбегі ауыр болғанымен, олар адамзат үшін құнды мұраны сақтап, зерттеп, жүйелейді.

4) Бекіту

Оқушылар бір-біріне сұрақ қойып, жауап беру арқылы тақырыпты бекітеді. Мұғалім жауаптарды нақтылап, қажет жерде толықтыру енгізеді.

5) Бағалау

Сабаққа белсенді қатысуына, жауаптарының дәлдігіне және тапсырмаларды орындауына қарай оқушылар бағаланады.

6) Үй тапсырмасы

  1. §2 (8–10-беттер) — оқып келу.
  2. Параграф бойынша әр оқушы 1–3 сұрақ құрастырып, жауабына дайындалып келу.