Бәйге - Спорттық ойын
Пән
Тіл дамыту
Сабақтың тақырыбы
Қазақ халқының ұлттық ойындары
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Ұлттық ойындардың қалай қалыптасқанын және олардың атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып келе жатқанын түсіндіру.
Дамытушылық
Ұлттық ойын түрлерінің мазмұнын аша отырып, жарыс элементтері арқылы қызығушылықты арттыру.
Тәрбиелік
Ата-бабадан жеткен баға жетпес қазына — ұлттық ойын екенін ұғындыру, денсаулықты шыңдауға тәрбиелеу.
Қолданылған көрнекіліктер
- Ұлттық ойын түрлері бейнеленген слайд
- Ұлттық ойынға байланысты буклет
- Музыкалық аспап
Сабақтың жүру барысы
Ұйымдастыру бөлімі
- 1) Жылулық шеңбері. Психологиялық дайындық.
-
2) Өткен сабақты еске түсіру.
Балалар, өткен айда қандай үлкен мерекені атап өттік?
Наурыз туралы не білесіңдер?
Адамдар бір-біріне қандай тілектер айтады?
Жаңа сабақ
Кіріспе сөз
Қазақ халқы дені сау, шыныққан, әділетті, өнерлі, жерін және елін сүйетін азамат тәрбиелеу жолында ұрпағына таусылмас мұра қалдырған. Сол мұраның бірі — ұлттық ойындар.
Ұлттық ойындардың негізгі топтары
Ұлттық ойындар екі топқа бөлінеді: спорттық және ақыл-ойды дамытуға арналған ойындар.
Спорттық ойындар
Қыз қуу, көкпар, ақсүйек, арқан тартыс және т.б.
Ақыл-ойға арналған ойындар
Тоғызқұмалақ, асық ойындары және т.б.
Ойындардың тәрбиелік мәні
Бұл ойындар баланың еңбекке көзқарасын қалыптастырып, ойлау қабілетін жетілдіреді. Сонымен бірге баланы шымыр, епті, зерек, алғыр, тапқыр болуға тәрбиелейді.
Мұғалім: Балалар, қандай ұлттық ойын түрлерін білесіңдер? Оқушылар тақта алдына шығып, слайд бойынша ұлттық ойындар туралы мәлімет беріп, ойын шарттарымен таныстырады.
Оқушылар таныстырған ұлттық ойындар
№1 слайд
Тоғызқұмалақ
Рамазан
Тоғызқұмалақ — еліміздің дәстүрлі ұлттық ойындарының бірі. Ойын екі ойыншы арасында өтеді. Онда құмалақ, қазан, отау, бастаушы, қостаушы, тұздық сияқты ұғымдар қолданылады. Бұл ойын ойлау қабілетін дамытады.
№2 слайд
Қыз қуу
Жанұр
Қыз қуу — қазақ арасында кең тараған көңілді дәстүрлі ойын. Шарты бойынша қыз атпен қашады, жігіт қуып жетсе бетінен сүйеді де, кейін өзі қашады. Егер қыз жігітті қуып жетсе, оны қамшымен тартып қалады. Бұл дәстүр бүгінге дейін жалғасып келеді.
№3 слайд
Ақшамшық (сақина салу)
Айдана
Ақшамшық — ертеден келе жатқан дәстүрлі ойын. Оны «сақина салу», «сақина тастау» деп те атайды. Ойынға 10–15 адам қатысады. Барлығы дөңгелене отырып, екі алақанын біріктіріп алға созады. Жүргізуші сақинаны білдірмей біреудің алақанына салады да: «Тұр, сақинам, тұр!» немесе «Ақшамшығымды бер!» деп дауыстайды. Сақина түскен адам орнынан атып тұруы керек. Егер көршісі ұстап үлгермесе, ол ортаға шығып өнер көрсетеді.
№4 слайд
Арқан тартыс
Альдина
Арқан тартыс — көпшілікке ортақ күш сынасатын ойын. Оны «арқан тартысу» деп те атайды. Ойынның екі түрі бар: жазда көгал үстінде және қыста қар үстінде ойналады.
Жазғы нұсқа
Ұзындығы 8–10 метр арқанның тең ортасына белгі ретінде қызыл мата байланып, екі топ арқанды өз жағына тартады.
Қысқы нұсқа
Берік арқан екі тақтайдың ортасынан өткізіліп, ортаға аққала үйіледі. Екі жақ аққаланы өз жағына құлату үшін тартады.
№5 слайд
Теңге алу
Данияр
Теңге алу — атпен шауып келе жатып жердегі теңгені іліп әкету. Бұл үлкен ептілікті, ат үстінде еркін қимылдайтын шабандоздық тәжірибені талап етеді. Теңгені іліп алғандарға бәйге беріледі. Бұрындары жігіттер шауып келе жатып қылышпен жердегі затты түйреп алып, жоғары лақтырып, оны қайтадан қылышпен қақ бөліп түсірген.
№6 слайд
Алтыбақан
Балнұр
Алтыбақан — жастардың кешкілік бас қосып, ән айтып, домбыра тартып, айтысып, әзілдесіп көңіл көтеретін ойын-сауығы. Қазір де үлкен тойларда алтыбақан құрылады.
Құру тәсілі
Алты сырықтың екі басын үш-үштен қосақтап, мосы тәрізді етіп байлайды. Екі басына үш қатар арқан тартылады.
№7 слайд
Ат сайысы. Бәйге
Айбұлан
Бәйге — ұлттық спорттық ойын. Үлкен тойларда ат омырауластыру, аударыспақ, жорға жарыс, көкпар тарту, теңге алу, қыз қуу, қыз жарыс сияқты сайыстар ұйымдастырылады. Аттар алдын ала жаратылады.
Аламан бәйге
Жүйрік аттар 25–100 шақырымға шабады. Жол бойында кедергілер (көл, сай-сала, белестер) кездеседі. Аламан бәйге үлкен аста, торқалы тойларда және зор мерекелерде жарияланады.
Ескерту: ат сайысындағы кейбір ұлттық ойындар халықаралық спорт бағдарламаларына енгізілген.
№8 слайд
Аударыспақ
Қаламқас
Аударыспақ — қазақ пен қырғыз халқына ортақ, кең тараған ат үстіндегі сайыс. Екі жігіт жекпе-жекке шығып, бірін-бірі аттан аударып түсіруге тырысады. Ойын ережесіне сай қатысушылар салмақтарына қарай үш топқа бөлініп, күш сынасады. Ептілік, батылдық, тапқырлық және күштілік талап етіледі.
№9 слайд
Айгөлек
Амина
Айгөлек ойынында қыздар мен жігіттер екі топқа бөлініп, қатар тұрып бір-бірінің қолынан ұстайды. Бір топ: «Айгөлек-ау, айгөлек, айдың жүзі дөңгелек, бізден сізге кім керек?» — деп сұрайды. Екінші топ: «... сізден бізге Ақерке керек!» — деп бір адамның атын атайды. Аты аталған адам жүгіріп келіп, тізбекті үзіп кетуге тырысады. Үзсе — бір ойыншыны алып кетеді, үзе алмаса — қарсы топта қалады. Ойын бір топтағы адам таусылғанша жалғасады.
№10 слайд
Көкпар
Рамазан
Көкпар — ұлттық ат ойыны. Әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан деген дерек бар. Бұрындары көшпелі халықтар көк бөріні соғып алғанда, өлігін ат үстінде сүйрелеп, бір-бірінен ала қашып ойынға айналдырған. Кейін бұл дәстүр ұлттық ойын ретінде қалыптасқан. Көкпарда басы кесілген серке тартылады.
№11 слайд
Соқыртеке
Жанар
Ойыншылар шеңбер жасап тұрады. Ортаға көзі орамалмен байланған ойыншы — соқыртеке шығады. Қатысушылар оны түрткілейді, ал соқыртеке түрткен адамды ұстап алып, атын табуы керек. Ұсталған ойыншы соқыртеке болып, ойын жалғаса береді.
№12 слайд
Асық ату
Мерей
Балалар асықтарды тізіп қояды. Атуға арналған асық сақа деп аталады. Сақамен атып түсірген асықтарын ойыншы өзіне алады. Ең көп асық жинаған бала жеңімпаз болады.
Талқылау: ойын қандай қасиеттерді талап етеді?
Мұғалім: Бұл ойындарда қандай мінез-құлық қасиеттері қажет?
Сергіту сәті
Арқан тарту ойыны арқылы сергіп алайық.
Тартысайық арқанмен,
Кімнің тобы мықты екен?
Кімнің күші аздау боп,
Кім озып алға шықты екен?
Ұлттық ойындар туралы тақпақтар
Альдина
Біздер шымыр, жүйрік те,
Ойынменен шынықтық.
Еп қана емес, бірлік те
Керек екенін соны ұқтық.
Рамазан
Палуан болу оңай ма?
Қажет оған көп айла.
Сол үшін біз аянбай,
Көп күрестік көгалда.
Амина
Әзір титтей бойымыз,
Әзір балаң ойымыз.
Тек қуады ойын біз —
Ұзарады бойымыз.
Айдана
Ала алмасаң теңгені,
Мазақ қылар көпшілік.
Ілу үшін теңгені
Керек екен ептілік.
Рамазан
Атты баптап түсеміз біз көкпарға,
Күш болмаса өзіңде,
Қаларсың аунап көк шаңға.
Айбұлан
Бәйге міне басталды,
Қосылдым мен шетінен.
Озып шықсам егер де,
Әжем сүйер бетімнен.
Тапсырма: буындардан сөз құра
Мұғалім: Тақтаға назар аударайық. Буындардан сөз құра.
ЖЫЛ — ҚЫ
жылқы
ҚАМ — ШЫ
қамшы
ТӨ — БЕТ
төбет
АР — ҚАН
арқан
АЛ — ТЫ — БА — ҚАН
алтыбақан
ШЫ — МЫР
шымыр
АУ — ДА — РЫС — ПАҚ
аударыспақ
КӨК — ПАР
көкпар
ТО — ҒЫЗ — ҚҰ — МА — ЛАҚ
тоғызқұмалақ
Жұмбақтар
Мұғалім: Енді жұмбақ шешейік. Кім тапқыр?
Жылға дер едім — ақпайды,
Жылан дер едім — шақпайды.
Жауабы: арқан
Алты аяқты, төрт көзді,
Екі ауызды, бір сөзді.
Ынтымақты ел кезді.
Жауабы: ат мінген адам
Көліксіз өмір сүрмейді,
Ғұмыры жаяу жүрмейді.
Жауабы: ертоқым
Жарайсыңдар, балалар! Жауаптарың дұрыс.
Қорытынды сұрақтар
- Балалар, бүгінгі сабақта не үйрендік?
- Ұлттық ойындар нешеге бөлінеді? Түрлерін атаңдар.
- Спорттық ұлттық ойындарға қайсысы жатады?
- Ойлау қабілетін арттыратын ойындарды атаңдар.
Мадақтау
Сабаққа белсенді қатысқан оқушылар мадақталады.