Аяулы менің анашым, Өсірдің мені мәпелеп
Мерекелік кештің мақсаты
-
8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнін атап өту.
-
«Ана» ұғымындағы мейірім мен сүйіспеншілікті дәріптеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үлгі ету.
-
Оқушы бойында ізгілік, инабаттылық, биязылық секілді асыл қасиеттерді қалыптастыру.
Көрнекілігі
Интерактив тақта, нақыл сөздер, шарлар.
Барысы
Ашылуы — өзбек биі.
Форматы
Өлең, ән, құттықтау, ата-аналар тілегі, хор.
Ашылу сөзі
Мұғалім
Наурыз келді, көл-көсір шуақ құрып, Қыс барады қиылып жылап тұрып.
Шатырында үйлердің Наурыз жүр, Мұз көрпесін ақпанның лақтырып.
Уақыт — ағын, тоқтамайды сол ағын, Кедергіні бұзып салып тоғанның.
Өзіңде де дәл сондай бір мінез бар: Кел, Наурыз — аңсай күткен қонағым!
Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, аяулы аналар, оқушылар! Сіздерді көктемнің жайма-шуақ мезгілімен тұстас келген 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймыз!
Бүгін 1 «Б» сынып оқушыларының ұйымдастыруымен өтетін «Бас иеміз — ана деген тәңірге» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
Анаға арналған жырлар
Аруназ
Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,
Тәтті ұйқыңды бөліп, талай түн қаттың.
Өміріме нәрін берді ақ сүтің,
Кең құшағың — аясындай гүл бақтың.
Қанжарбек
Мен өзіңмен қайда болсам — біргемін,
Махаббатың жүрегімде — жырымым.
Күн нұрындай жадырай бір күлгенің —
Қандай жақсы ортамызда жүргенің!
Негізгі ой
«Мейірімділікті анадан үйрен», — дейді дана халқымыз. Ана — мейірімді, құдіретті жан. Анасыз өмір жоқ екені баршамызға аян.
Ән
Орынбасарова Айдананың орындауында «Анашым» әні.
Көктем мен мереке
Мирас
Сенен өскен балалар —
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймын мерекеңмен,
Құрметті біздің аналар!
Жәния
Көктем күні көрікті,
Күн шұғыла төгіпті.
Сол көктемде мереке
Дүниеге келіпті.
Мадияр
Көктем күні қуатты,
Шашты әлемге шуақты.
Наурыз өзі өмірді
Нұрландырған сияқты.
Мұғалім
Наурыз келді, ана жан, серпіліңіз,
Шуақтанып, шаттанып желпініңіз.
Кеудеңізде керемет оттар жатыр —
Сізден жылу әлемін күткеніміз.
«Жер — Ана» ұғымы
Аруназ: Ана есімін ауызға алмайтын адам баласы жоққа тән. Бұл есім жер шарындағы күллі адамзатқа тиесілі. Қанжарбек, сен білесің бе? Жердің өзін де «Жер-Ана» деп теңеп жатады.
Қанжарбек: Дұрыс айтасың, Аруназ! Ана хақында ғұламалардың жүректерінен жарып шыққан асыл сөз қалдыруы да сондықтан. Олай болса, бүгінгі ән-жырымыз сіздерге арналады, құрметті аналар!
Ән
Бақытбек Дарабоздың орындауында «Анашым» әні.
Ананың қадірі — ұлттың қадірі
Фая
Ана — өмірдің қуанышы, тірегі,
Бала — оның жұбанышы, жүрегі.
Ана алдында ел жауы да бас иген,
Олар әрдайым тыныштықты тілейді.
Жақсылық
Ана десем — алғыс алам халқымнан,
Ана десем — теңіз болам шалқыған.
Ана десем — ашылады қабағым,
Ана десем — әділдікті ұғамын.
Малика
Аяулы менің анашым,
Өсірдің мені мәпелеп.
Түн ұйқыңды төрт бөліп,
«Қошақаным, әке!» — деп.
Арсен
Айналайын анашым,
Ақ сүт беріп өсірген.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Қате кетсем кешірген.
Мұғалім
Ана — адамзат мекен ететін жер шарының әр түкпірінде, әр үйінде мейір мен мерейдің, достық пен туыстықтың туын тіккен жан.
Қанжарбек
Ана деген — адамға атамекен,
Әр адам анаменен адам екен.
Бір өзіңе көрсеткен жақсылығың —
Бір күнгі тәтті ұйқыдан садаға екен.
Аруназ
Алатаудың ақ қарындай,
Мейірімің күннің шуақ шақтарындай.
Қалайша, аяулы ана, тына алармын —
Ән болып сағыныштан ақтарылмай.
Ән
Мүбаракова Ақниеттің орындауында «Ақ мамам» әні.
Құрметтің өлшемі
Адамзат ең алдымен ана алдында қарыздар. Ана қарызы алтынға бөлеуді, ақ орда салуды қаламайды; ана баласының ер жетіп, азамат болып, адам болуын қалайды. Анаға одан артық тарту жоқ.
Құран Кәрімде: «Біз адамдарға ата-анасына жақсылық жасауды бұйырдық»,
сондай-ақ: «Жұмақтың кілті — ананың табанының астында», — деп ананы аса жоғары бағалайды.
Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті», — деп көрсетілген.
Иә, жарық дүниеге әкеліп, өмір сыйлаған ата-анамызға қандай жақсылық жасасақ та артық емес.
Жұмбақ
Ақ сүт беріп аялаған,
Бізден бәрін аямаған.
Жанашырым, саялаған —
Ол кім?
Бәрі: Аяулы анамыз.
Хор
«Құттықтаймын, ана»
Жылы лебіз және тілек
Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман әлемінде әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қадірлейтін халықтың бірі де, бірегейі де — біздің қазақ», — деп атап өткен.
Ендеше, бір қолымен бесікті тербеткен, бір қолымен әлемді тербеткен аяулы аналарымыздың жүректен шыққан жылы тілектерін тыңдайық.
Жүректен шыққан жылы сөздер — ата-аналардың тілектері тыңдалады.
Қорытынды жырлар
Аруназ
Анасын керек емес баптамаған,
Адам ба — ана сүтін ақтамаған?
Адам боп жүрмесінші жер бетінде,
Анаға махаббатын сақтамаған.
Қанжарбек
Тыныштық — баршамыздың ұранымыз,
Мәңгілік таусылмайтын жыр-әніміз.
Арманның асқарында қанат қаққан,
Бақытты, бейбіт елдің ұланымыз.
Ақниет
Мен үлкен боп өскенде,
Ақ сүтіңді ақтаймын.
Мәпелеп, сізді аялап,
Алақанымда баптаймын.
Нұрсұлтан
Баланың да тірегі,
Даланың да тірегі —
Шаншымасын ешқашан
Аналардың жүрегі.
Назгүл
Аналарды сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз.
Әрқашан да ардақтап,
Бәрі: Анаға бас иеміз!
Мұғалім
Ана, ана! Қасиетті үш әріп.
Үш әріптен келемін мен күш алып.
«Ана» деген қасиетті ұғымнан
Қанаттанып, шарықтаймын ұша алып.
Хор
«Апатайым анашым»
Қорытынды тілек
Дүниеге әкелген — ол да сенің анашың.
Ақ сүт беріп өсірген — ол да сенің анашың.
Тіл алмасаң кешірген — ол да сенің анашың.
Мәпелеген баласын — аман болсын анашым!