Бақа оқиғасы

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Повесть кейіпкерлеріне мінездеме беру, проблемалық сұрақтар арқылы шығарманың негізгі идеясын ашу.

Дамытушылық

Оқушыларды шығармашылыққа баулу, ой-өрісін кеңейту, қызығушылығын ояту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру; өнер мен актерлік туралы түсінігін тереңдету.

Тәрбиелік

Үлкенді сыйлау, үлгілі болу, тәртіптілік пен адамгершілікке тәрбиелеу; өнерге қызығушылық пен эстетикалық талғамды дамыту.

Ұйымдастыру кезеңі

Сабақ басында оқушылар екі топқа бөлінеді. Әр топқа атау беріліп, ұран айтылады.

Ескерту: тапсырмалар барысында жауаптың толықтығы, нақтылығы және топтық жұмыс мәдениеті бағаланады.

1-топ: «Тұлпар»

Ұраны: Асау тұлпар, желдей ескен арынды,
Оқу менен еңбекке сал барыңды.

2-топ: «Сұңқар»

Ұраны: Ал, достарым, бұл сынақта қалыспа,
Содан кейін қыран болып қалықта.

Қызығушылықты ояту

Алдыңғы сабақтарда шығарманың мазмұны мен кейіпкерлерімен таныстық. Бүгінгі мақсат — повесті жан-жақты талдап, қорытынды жасау.

Жетекші сұрақтар

  1. 1 Бердібек Соқпақбаев қашан және қайда туған?
  2. 2 Жазушының қандай шығармаларын білесіңдер?
  3. 3 Повесть дегеніміз не? Повесть — баяндау түрінде қара сөзбен жазылатын көркем шығарма. Көлемі жағынан әңгімеден ұзақтау, романға жақындау болады.
  4. 4 Повестің басты кейіпкері кім? Басқа кейіпкерлерді ата.
  5. 5 Повестің тақырыбы не туралы?
  6. 6 Шығарманың негізгі идеясы неде?

Слайд

«Бердібек Соқпақбаев» — жазушының өмірі мен шығармашылығына қысқаша шолу.

Мағынаны тану: «Балалық шаққа саяхат»

Сабақ барысы маршрут ретінде ұйымдастырылады. Әр бағытта оқушылар тапсырма орындап, мәтінді талдап отырады.

1-бағыт: Қожаның ауылы

Көлік: мотоцикл

Қожаның «тажал» деп атайтын, сыры көше бастаған, жағал-жағал үш дөңгелекті Қаратайдың көкшіл көне мотоциклімен «жолға шығамыз».

Тапсырма: мәтінмен жұмыс (мазмұндау)

  1. «…Менің атым…»
  2. «Кикілжің қалай басталып еді?» (рөлдегі оқушылар)
  3. «Бір сәтті кез»
  4. «Бақа оқиғасы. Ағаттықтың азабы»
  5. «Педсовет. Түбі адам болатын бала»
  6. «Құпия кеңес» (рөлдегі оқушылар)

2-бағыт: Лагерь

Көлік: автобус

Ән

«Туған жер» (фильмнен)

Тапсырма: семантикалық карта — «Иесін тап»

1-топқа

Кейіпкерлер

Қожа, Жантас, Майқанова, Сәйбек ата, Әжесі

  • «Сені мұғалім етеміз» дей ме?
  • «Түбі адам болатын бала»
  • «Үстелді айнаның алдына неге қойдың?»
  • «Кімге болса да бір әке әбден керек»
  • «Бірақ сен тізімде жоқсың»

2-топқа

Кейіпкерлер

Анфиса Михайловна, Жантас, Майқанова, Сәйбек ата, Миллат

  • «Қайда кимелеп барасың?»
  • «Онда тіпті жақсы. Жалақың көп болады»
  • «Жүрген жеріңе шөп шықпағыр боп барасың ғой»
  • «Ұйықтап қалғансың ба? Тоқта, галстугыңды түзе!»
  • «Сен көшедегі иттерді тәртіпке салуға ауылда қалатын болдың»

3-бағыт: Жайлау

Көлік: ат

«Бір атқа екі ер ерттеп мінген қазақты мен бұған дейін көрген жоқ едім. Сұлтанның мына ақылы, шынында да ойға қонымды, қызық көрініп кетті. Салдым ерді оның артына. Мінгестім. Атқа жайдақ мінгеннен де бұл тамаша болады екен. Аяғың салақтамайды, әркімнің өз үзеңгісі бар».
Мәтіннен үзінді

1-топ: «Қожа — жақсы бала»

Сұрақ: Қожаның әдепті жолға түсуіне қандай себептер болды?

  • Анасын аялауы
  • Сәйбек қарт пен Оспановтар айтқан естеліктер
  • Майқанова мен Ахметовтың педкеңестен шыққандағы сөздері

2-топ: «Қожа — тентек бала»

Сұрақ: Қожаның сотқар болуына қандай себептер болды?

  • Әжесінің еркелетуі
  • Әкесін сағынуы
  • Зеректігі
  • Жантас сияқты адамдарды жақтырмауы
  • Өзінің менмендігі

Тапсырма: «Кім көп біледі?»

Баланың жақсы және жаман қасиеттеріне қатысты мақал-мәтелдер жарысы.

  • Ұлдың ұяты — әкеге, қыздың ұяты — шешеге.
  • Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ананың қарызынан құтылмайсың.

Түсіндірме сөздік (дәптерге жазу)

Шілдехана — сәби туған күніне арналған той.

Турник — гимнастикалық жаттығуға арналған темір керме.

Прилавка — дүкен сөресі.

Секемшіл — сезіктенгіш, қауіптенгіш.

Даңғаза — у-шу, ретсіз сөз.

Аруақ — ата-баба рухы.

Күнәһар — кінәлі, айыпты.

Галифе — тізеден жоғары жағы кең, балағы тар шалбар.

Шідер — аттың аяғына салынатын тұсау.

Оппа — қалың, борпылдақ қар.

Әменде — әрдайым, үнемі.

Фундамент — іргетас.

Форточка — терезенің желдеткіш көзі.

Кесепат — кесір, пәле.

Құпия — жасырын, астыртын.

Қаулы — ұжымның не жиналыстың шешімі.

4-бағыт: Малшылар тойы

Көлік: ат

«Мұнда көліксіз күнің күн емес, серіксіз одан да жаман».

Тапсырма (рөлдік көрініс): 1-топ

«Лагерьге жолдама»

Тапсырма (рөлдік көрініс): 2-топ

«Құпия кеңес»

Ой толғау

Эссе: «Егер мен Қожаның орнында болсам…»

5-бағыт: Шөпшілер қосы

Көлік: машина

«Ертесіне өзіміздің колхоздың екі тонналық бір машинасы жем алып келе қалған екен. Шофері Қайыпжан дейтін ақ көңіл жақсы жігіт. Соның қасына кабинаға отырып, жайлаумен хош айтысып, тартып отырдым».
Мәтіннен үзінді

Тапсырма: «Қай топ ұғымтал?» (9 жұмбақ)

  1. Бұл қай сәт? «Төбемнен жай түскендей болды. Не істерімді білмеген қалпымда орнымнан сүйретіліп түрегеле бердім. Маңдайымнан бұрқ етіп суық терім шығып кетті. Ох, шіркін, ай!»
  2. Бұл қай сәт? «Есікті аша бергенімде, тынысым мүлде бітіп, жүрегімнің соғуы тоқтап қалғандай болды. Сол кездегі келбетім көлденең көзге тірі аруақ тәрізді қыбырлаған бірдеңеге ұқсар деймін».
  3. Бұл қай сәт? «Маңдайдан буым бұрқырап, есік алдына шықтым. Сәйбек көрінбейді. Омырауымды ағытып, желпініп, ойланып тұрмын. Не деп шешер екен? Мектептен шынымен-ақ шығара ма?»
  4. Бұл кім? «Біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін қу, сабақ үстінде сыбырлап-сыпсыңдағыш».
  5. Бұл кім? «Мен сенің әкеңе қарыздар адаммын. Менің мойнымда оның тиыны емес, бақандай бір қарасы жүр».
  6. Бұл кім? «Галифе шалбар киген жіңішке аяқтары сидиып, шашы қақ жарыла желбіреп, қаздиып тұр».
  7. Бұл кім? «Шыбыным, әйтеуір ешкімге тимей, ұрынбай, жайыңа жүр. Сенің тентектігіңді менен басқа ешкім де көтермейді. Біреудің ала жібін аттаушы болма».
  8. Бұл кім? «Жаңа оқытушы бізді оқу жылының басталуымен құттықтады, өзін таныстырды: …»
  9. Бұл кім? «Сен оқуды тастасаң, маған ілесіп тастады деп екеуімізді бірдей қудалап пәле қылады. Оқи бер. Оқудың түбіне сен-ақ жет. Мүмкін кейін дырдай бастықтың бірі болып шығарсың. Сонда маған шапағатың тиер».

6-бағыт: «Менің атым Қожа» фильміне саяхат

Көлік: ұшақ

Үзінді көрсету

Фильмнен алынған көрініс арқылы кейіпкерлер мінезі мен оқиға желісін салыстыра талдау.

Тапсырма: «Менің білетінім» (кино кейіпкерлері)

  1. 1 Кейіпкер туралы әңгімеле.
  2. 2 Бұл оқиға қай жерде болды?
  3. 3 Кейіпкерлер туралы қандай оқиғаны білесің?
  4. 4 Қашан және кіммен кездесті?

Қорытынды

Үйге тапсырма

«Бақытты шақ — балалық» тақырыбына ой-толғау жазу.

Бағалау

Топтық жұмыс, мәтін мазмұндау, дәлелді пікір айту, рөлдік көрініске қатысу және шығармашылық тапсырма нәтижесі бойынша бағаланады.