Екі жартыдан тұратын бала
Сабақтың тақырыбы
«Екі жартыдан тұратын бала». Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем.
Сабақтың мақсаты
Тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқушылардың өздігінен ойлау, бақылау және тұжырым жасау қабілеттерін дамыту.
Сабақтың түрі
Аралас сабақ.
Сабақтың әдістері
- Сұрақ-жауап
- Тірек сызбалар арқылы әңгімелеу
- Диалог
Көрнекіліктер
- Маркер
- Ватман
- Үлестірмелі қағаздар
- Интерактивті тақта
Сабақтың міндеттері
Білімділік
Оқушылардың білімін тереңдете отырып, шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемнің жасалу жолдарын меңгерту және оны өзге сабақтас сөйлем түрлерінен ажырата білуге дағдыландыру.
Дамытушылық
Білім, білік, дағдыны жетілдіру; оқушылардың дүниетанымдық ұстанымын қалыптастыру; өз ойын еркін әрі дәл жеткізуге бағыттау.
Тәрбиелік
Жақсылық пен жамандық ұғымдарын саралай білуге, адам бойындағы қасиеттерді бағалауға, жауапкершілік пен сыйластыққа тәрбиелеу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру
- Сәлемдесу, сыныпты түгендеу.
- Бағалау парақшаларын тарату.
- Оқушыларды қима қағаздар арқылы әділ тәсілмен 3 топқа бөлу.
II. Үй жұмысын тексеру
Үлестірмелі қағаздар арқылы тапсырманы тексеру және жұптық (екеуара) бағалау жүргізу.
III. Ой қозғау
Үш топқа бірдей сурет ұсынылады: баланың бір жартысы ақ, екінші жартысы қара түсті. Оқушылар бірлесе отырып адамның жақсы және жаман қасиеттерін анықтап, өз ойларын дәлелдеп қорғайды.
Негізгі идея
Адам бойындағы қасиеттердің екіжақтылығын түсіну және «біртұтас адам» ұғымына жақындау.
IV. Мәтінмен жұмыс: «Екі жартыдан тұратын бала»
Мәтін мұқият оқылады: бір топ екінші топпен талқылайды, ал үшінші топ бақылаушы рөлін атқарады.
Мақсаты
Тұлғаны біртұтас адам ретінде қалыптастыруға жетелейтін ой қорыту.
V. Сұрақ-жауап
- Өмірлеріңде осындай адамды кездестірдіңдер ме?
- Мінсіз адам бар ма?
- Мінсіз адам қандай болады деп ойлайсыңдар?
- Адам бойында жақсы да, жаман да қасиеттер болады. Бір адамның жақсы да, жаман да болып жүруі мүмкін бе?
- Өздеріңді қандай адаммын деп ойлайсыңдар?
- Олай ойлауға қандай себеп бар?
VI. Грамматиканы түсіндіру
Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем интерактивті тақта арқылы түсіндіріледі, мысалдар келтіріледі.
VII. Жаттығулармен жұмыс: деңгейлік тапсырмалар
Әр топқа деңгейлік тапсырмалар ұсынылады. Әр оқушы өз деңгейіне сәйкес тапсырманы таңдап орындайды.
I деңгей
1) Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойып жазыңдар
Менің арманым — … өсіп, … болу. Сол себепті спортқа … әуес болдым. Күнде … арқанға тартылып, арқан бойымен көтерілемін. Шынында, спорт адамның мінезін, жігерін … күшейтеді.
Керекті сөздер: ерекше, кендір, қатты, үлкен, тез.
2) Сөйлемдерді толықтыр
- Мен онымен дұрыс сөйлессем, ол маған бәрін айт… еді.
- Сен қателеспесең, біз бұл тапсырманы уақытында өткіз… едік.
- Олар ерте келсе, бұл есепті шығарып қо… едік.
II деңгей
1) Мақал-мәтелдердің мағынасын түсіндір
- Шын жақсының ашуы бар, кегі жоқ.
- Аузы жаман елді былғар, аяғы жаман көлді былғар.
2) Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем болатын 4 сөйлем құрап жаз
Тақырыпты ескере отырып, шартты рай қатысқан 4 сөйлем құрастырыңдар.
III деңгей
1) Мәтінді оқып, негізгі ойын анықта
Саған жақсылық жасаған адамдар болды ма? Адамға өмір бойы естен кетпейтін жақсылық істеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Күлнияз ағам мен Кәмила апам маған арнап үй салып, әкемнің құлаған шаңырағын көтеріп берді. Мұның өзі басқаларға керемет болып көрінбес те, бірақ бұл оқиғаға мен ерекше қараймын.
Сұрақ: негізгі ой қандай? Өз ойыңды қысқа дәлелмен жеткіз.
2) Мақал-мәтелдердің мағынасын түсіндір
- а) Биікке шықсаң көзің ашылады, жақсымен сөйлессең көңілің ашылады.
- ә) Жақсы адам жолдасынан белгілі.
VIII. Сабақты қорытындылау
Рефлексия
Оқушыларға стикерлер таратылады.
Сұрақтар
- Не үйрендім?
- Сізді не қызықтырды?
- Қандай қиыншылықтар болды?
Бағалау
Суммативтік баға шығарылады.
Үйге тапсырма
- Абай Құнанбаевтың қара сөздерінен жақсылық пен жамандық туралы айтылған тұжырымдардан үзінді жаттау.
- Ережені жаттау.