Жанболат кім

Кештің мақсаты

1) Талантты таныту

Әншілік өнерімен көзге түсіп, мектеп сахнасында және түрлі байқауларда жеңімпаз атанып жүрген 10-сынып оқушысы Сахипжанов Жанболаттың шығармашылық қабілетін көпшілікке кеңінен таныту.

2) Өнерді қастерлеуге тәрбиелеу

Оқушыларды ұлт өнерін қадірлеуге, ән өнерінің құдіретін сезінуге, әнді жан-тәнімен түсінуге тәрбиелеу.

Кештің ашылуы: «Аялы алақан»

1-жүргізуші: «Жаңа өмірдің жемісін теріңіздер, балалардың жақсылығын көріңіздер!» — дей отырып, қара шаңырақ атанған білім ордасы, М. Әуезов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Сахипжанов Жанболаттың шығармашылық жолы жастайынан өнерге, әсіресе әнге деген сүйіспеншіліктен басталғанын атап өтеміз.

Әншілік өнерімен көптің жүрегін жылытып жүрген талант иесін өзіміз танып, өзгеге таныту мақсатында «Аялы алақан» атты шығармашылық кешімізді бастаймыз.

2-жүргізуші: Бүгінгі кешіміздің иесі — Жанболат. Сондай-ақ құрметті қонақтарымыз: Жанболаттың анасы Әлия апай, атасы Қайырбек ата және апасы Күміс апай. Құрметпен төрге шақырамыз.

Кім ол — Жанболат?

Сұраққа толы бір кеш

1-жүргізуші: «Неліктен кешімізді “Аялы алақан” деп атадық? Жанболат кім? Оның орындауындағы әндер неге ойға жетелейді?» Осындай сан сұрақтың жауабын слайд-шоу арқылы таныстыруға болады.

Медиаблок

Слайд-шоу көрсетіледі.

Алғашқы қадам: «Бесік жыры»

2-жүргізуші: «Ән айтқанда — таңға айтқан, таңға айтқанда — жанды айтқан», — дегендей, Жанболат жасынан әншілерге еліктеп, мектеп табалдырығын аттаған сәттен-ақ «Бесік жыры» әнін орындап, ерекше көзге түскен еді.

Орындау

Жанболаттың орындауында — «Бесік жыры».

Тәуелсіздік тақырыбы және жеңіс

«Самға» — биікке бастар ән

1-жүргізуші: Егеменді ел болудың белгісі — өзге жұртпен терезесі тең болу. Ел тәуелсіздігін жырға қосқан жас талант Жанболат жүрегін толғандырған тақырыптарға ән арнап келеді. Сол еңбектердің бірі — Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған аудандық байқауда «Самға» әнін орындап, Бас жүлдеге ие болуы.

Орындау және таныстырылым

Жанболаттың орындауында — «Самға». Қатар көрсетілім: «Тәуелсіздік — киелі ұғым» презентациясы.

Сахна көркі: би

2-жүргізуші: «Уа, жарандар, бері қараңдар! Бишілер келіп қалыпты, бір сәт зейін салайық», — деп, Жанболаттың сыныптас қыздарының биін тамашалауға шақырамыз.

Көрініс

Қазақ биі.

Өнер — әулет мұрасы

Қайсановтар әулетінің дәстүрі

1-жүргізуші: Ән айту Қайсановтар әулетінде атадан балаға жалғасқан дәстүр екенін жақсы білеміз. Қайырбек ата кезінде күйсандықта ойнаған, Күміс апай ән шырқап, Қайрат пен Зульфат ағалары ансамбль құрып, аудан мен облыс көлемінде танылған. Динара апай мен Рауан ағасы түрлі байқаулардың жүлдегерлері болса, бауыры Ерасыл да сайыстарда жиі көзге түсіп жүр.

Ал Жанболат пен сыныптасы әрі қарындасы Толғанайдың бірге орындайтын әндері өзгеше әсер сыйлайды. Келесі кезекті осы дуэтке береміз.

Орындау

Жанболат пен Толғанай — «Әсем ән», «Қыдырып қайтайық».

Күйдің көркем үні: «Балбырауын»

2-жүргізуші: «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй», — демекші, Жанболаттың сыныптастары, ағайынды Әділ мен Әділеттің орындауында «Балбырауын» күйін қабыл алыңыздар.

Орындау

Әділ & Әділет — «Балбырауын» күйі.

Жетістік белесі: «Muz Art Life»

Туған жердің аты — жүрекке жақын

1-жүргізуші: «Арман қуып жырақ кетсем өзіңнен, сағынышпен құстай ұшып жетермін», — деп ақындар жырлағандай, туған жерге деген сағыныш Жанболаттың әндерінен де сезіледі. Биылғы жыл ол үшін ерекше табысты болды: Өскемен қаласында өткен «Muz Art Life» жобасына қатысып, қазылар алқасының көңілінен шықты.

Орындау

Жанболаттың орындауында — «Астана».

Ұстаз ықпалы

2-жүргізуші: «Нұр жүзінен жылы шуақ төгілген…» — деп, осы байқауға қатысуға бағыт беріп, Жанболатты өнер мен әншілікке баулыған ұстаздарын атап өтеміз: Айман Ойратовна, Гүлнар Советовна, Берік Секікпайұлы.

Сөз

Ұстаздардың лебізі.

Би шашуы

1-жүргізуші: Кеш көркін келтірер келесі өнер — Жанболаттың сыныптас қыздарының биі.

Көрініс

Үнді биі.

Алғыс пен ақ тілек

Ата-анаға құрмет

2-жүргізуші: «Адамзат ең алдымен ана алдында қарыздар». Ана — тірегіміз, мәңгілік жыр-әніміз. Мектеп оқушылары атынан Жанболаттың ата-анасына шынайы алғыс айта отырып, құрметпен сөз кезегін ұсынамыз.

Сөз

Ата-ананың лебізі.

Ән арнау

Жанболаттың орындауында — «Асыл ана».

Мектептің ақ тілегі

2-жүргізуші: «Қыран түлегіне қайырылмас қанат сыйлайды, ұстаз түлегіне алға бастырар талап сыйлайды». Осы орайда ұстаздық ақ тілегін айту үшін мектебіміздің тәрбие ісінің меңгерушісі Мейірлі Жанұзаққызына сөз береміз.

Сөз

Мейірлі Жанұзаққызының лебізі.

Көңіл көтерер сәт

Жанболаттың сыныптастарының әзіл-қалжыңы.

Жас таланттың өз сөзі

2-жүргізуші: «Өнерліге өріс кең, өнер — ер жігіттің қанаты». Талантты шәкірттің қанаты талмай, биікке самғап, ел мақтанышы болсын деген ақ тілекпен сөз кезегін Жанболаттың өзіне береміз.

Сөз

Жанболаттың лебізі.

Орындау

Жанболат: «Мазалын», «Ол көктем оралмайды» (өзі хабарлап орындайды).

Кештің қорытындысы

1-жүргізуші: «Толған арман, мақсаттар тұр алдымызда, бақыттымыз жақсы адам көп жанымызда…» — дей отырып, құрметті ата-ана, қадірменді қонақтар, ұлағатты ұстаздар, сіздерге зор денсаулық пен шабытты еңбек тілейміз. Қабілетті шәкірттің шығармашылығына арналған «Аялы алақан» атты кешіміз осымен аяқталды.

Оқушылардың шын көңілмен ұсынып отырған сый-сияпаты бүгінгі кештен естелік болсын.

Рәсім

  • Оқушылар сыйлықтарды табыстайды
  • 1 және 2-жүргізуші бірге: «Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет! Сау болыңыздар!»