Ойын жаттығу
Қызылорда қаласы, Қараөзек ауылы • №39 Қызылөзек орта мектебі
Педагог-психолог: Әбілова Айнұр Жазықбайқызы
Тренинг: «Мейірімді болса жүрек – орындалар тілек» (мұғалімдерге арналған)
Мақсаты
Мұғалімдердің психологиялық көңіл күйін көтеру, өз-өзіне құрметпен қарауға баулу және сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнатуға ықпал ету.
Көрнекілігі
Нақыл сөздер жазылған плакаттар.
Нақыл сөздер
«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».
«Мейірімділікті анадан үйрен».
«Жақсы көңіл күй – жан тыныштығы».
Жүргізілу барысы
- 1 Ойын-жаттығу: «Молекула»
- 2 Тренинг-ойын: «Саяхатқа бірге шығайық»
- 3 Ән арқылы топқа бөлу
- 4 Ойын-жаттығу: «Паровоз»
- 5 Қорытындылау
Ұйымдастыру (кіріспе сөз)
Сәлеметсіздер ме, құрметті семинарға қатысушы қонақтар! Мектебімізге қош келдіңіздер. Көңіл күйлеріңіз қалай?
Ендеше, шаршағанымызды басып, сергіп алу үшін баршаңызды ортаға шақырамыз.
Ойын-жаттығу: «Молекула»
Музыкамен сергіту және топтық үйлесімӨту тәртібі
- Музыка қосылғанда барлық қатысушы ортада еркін қимылдап (билеп) жүреді.
- Музыка тоқтағанда жүргізуші айтқан сан бойынша (2, 3, 4 т.б.) жылдам топтасады.
- Ойын соңында барлығы бірігіп «атом» құрайды.
Тренинг-ойын: «Саяхатқа бірге шығайық»
Жылдамдық, зейін және өзара түсіністікШарты: көңілді әуен қосылып тұрады. Әуен ойнаған кезде қатысушылар алдыңғы ойын барысында құрылған топтармен берілген тапсырмаларды тез әрі дұрыс орындайды. Ойын осылай жалғасады.
Тапсырмалар
- Бой өлшемдеріңіз бойынша сапқа тұрыңыздар.
- Жас ерекшелігі бойынша (қай жылы туған) сапқа тұрыңыздар.
- Шаш ұзындығы бойынша сапқа тұрыңыздар.
- Туған айларыңыз бойынша (қаңтардан желтоқсанға дейін) сапқа тұрыңыздар.
Ойын соңында: тапсырмалар ұнаған-ұнамағаны сұралады, қатысушылар бір-біріне жақынырақ танысқанын атап өту ұсынылады.
Ән арқылы топқа бөлу
Тренингімізді топқа бөліну жұмысымен жалғастырайық. Биылғы жыл біз үшін елеулі жыл: Тәуелсіздігімізге 25 жыл толды. Сол себепті қазір топқа бөлінудің ерекше тәсілін қолданамыз.
Қатысушыларға парақшалар таратылады. Әр парақшада патриоттық әннің жолдары жазылған. Әнді ыңылдап айтып жүру арқылы әркім өз тобының мүшелерін тауып, бірігеді. Іске сәт!
1-топ
Арайлап таңым, асқақтап тауым,
Ән ойнап көгім, күй тартты көлім.
Қол жетті міне аңсаған күнге,
Жасай бер, жаса қазағым менің.
2-топ
Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем,
Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.
Маңдайымнан сипап өткен самалды,
Қазағымның махаббаты деп білем.
3-топ
Көк тудың желбірегені
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту —
Жан емес маған керегі.
Көк тудың желбірегені.
Ойын-жаттығу: «Паровоз»
Сенім, жауапкершілік және қауіпсіздікӨту тәртібі
- Көңілді әуен қосылады.
- Қатысушылар бірінің артынан бірі тұрып, иықтан мықтап ұстайды.
- Бірінші адам — «паровоз», қалғандары — «вагондар».
- Қозғалыс кезінде «вагондардың» көздері жұмулы болады.
- «Паровоз» топтың еш жерге соғылмай, қауіпсіз қозғалуын қадағалайды.
Қорытындылау
Қатысушыларға төмендегі ойларды негізге ала отырып, адам өмірінде жақсы қарым-қатынас құруда мінездің алатын орны ерекше екені түсіндіріледі:
Түйін
- Жақсы мінез — адамның өміріндегі сарқылмас байлық.
- Айнымас досы бар адам — ең бақытты адам.
- Мінезі бірқалыпты адамның өмірі де жаймашуақ болады.
- Жақсы көңіл күй — жан тыныштығы.
Қорытынды сөз
Тренингке белсенді қатысқандарыңыз үшін рақмет! Келесі кездескенше сау болыңыздар.