Ағайын жолыменен бұрынғының, Отырмыз осы тойды бастағалы

Қош келдің, әз – Наурыз!

О, жарандар, жарандар! Бәрің мұнда қараңдар! Наурыз тойы басталды — текке қарап тұрмаңдар. Арманын асқақтатқан, үміті от боп жанған әр жан мерекеден қалмасын. Бақ дарып, Қыдыр қонсын!

1-жүргізуші

Шаттықтың бірге шалқып тасқынымен, жолықсын қариялар жас күнімен. Үлгі алсын жас ұрпақтар — той бастайық ежелгі ата-баба дәстүрімен!

2-жүргізуші

Ақынның шарықтасын асқақ әні, көтеріп жұрт көңілін тастағалы. Ағайын жолыменен бұрынғының, отырмыз осы тойды бастағалы.

Наурыздың мәні мен мағынасы

Наурыз — өте көне мейрам. «Наурыз» сөзі парсы тілінен шыққан: «нау» — жаңа, «рыз» — күн. Яғни, жылдың алғашқы күні деген ұғымды білдіреді.

Халықтық мейрам

Жыл басында тойланатын думанды, берекелі мереке.

Наурыз айы

Көктемнің келуін айқындайтын ерекше кезең.

Наурыз көже

Ұлыс күні әзірленетін, молшылықты меңзейтін дәм.

Бұл күн — аспан денелері өздерінің бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін шақ. Жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиіп, жер бетіне шаттық орнайды. Қазақ елі бұл мейрамды «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған.

Құттықтау және ашылу сөзі

Ардақты ағайын, қадірменді қауым! Бүгінгі Ұлыстың ұлы күні — Наурыз тойын ашу үшін сөз Сапақкөл орта мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Оразғалиева Индираға беріледі.

Өнер мен әуен: күй, ән, шашу

Күй: Құрманғазының күмбірі

Құрманғазы күйінің күмбірі төгіліп, домбырадан шыққан сырлы әуен қазағымның жүрек үнімен астасады. Назды әуен, нәзік сезім — сиқырлы күй.

Эстетика пән бірлестігі: күй орындауы.

Ән: мерекелік шашу

Көргенде қуанасың таза әуені — құлаққа естілгендей жаздың лебі. Жыл сайын тойланатын мәңгілік мереке, Наурызың құтты болсын, Қазақ елі!

Ән мен күйді төгілтіп, інжу-маржан шашайық! Жиналған жұрт таң қалсын — өнерден шашу шашайық!

Ән: бағдарлама бойынша.

Таң шапағы және аластау дәстүрі

Наурыз — жаңа жылды қарсы алудың халқымыздағы ең алғашқы салты. Таң сәулесі қылаң бергенде шырақ жағып, үй ішін аластаудан басталады. Ұлыстың ұлы күні Күн-Ана өз сәулесін, нұрын, құтын төгеді деп сенген.

Ел ішінде бұл нұрдың алғашқы екі сағатта ерекше қасиетті, ырысты болатыны айтылады. Сондықтан ақ жаулықты аналарымыз атқан таңды, шыққан күнді маңдайын тосып қарсы алған. Ендеше, ағайын, әжелерді ортаға шақырайық.

Шашу: ақ сандық ашылып, ақ тілек төгілсін

Уа, халайық, халайық! Ақ сандықты ашайық! Бұл мереке, бұл тойдың шашуларын шашайық.

Бастауыш бірлестігі: әжелер шығып, шашу шашады.

Ән мен би: думанның көркі

Ал, халайық, тұрмайық — әндетейік, жырлайық! Ортамызды ашайық. Думандатып би билеп, інжу-маржан шашайық.

Ән: «Сәукеле» (Гүлханым).

Тойдың шуағы: әзіл, аңыз, кейіпкерлер

2-жүргізуші

Баба, халқымыздың салтында кез келген той-томалақ ойын-күлкісіз, думансыз өтпейді. Ал сол думанның көркі болған Алдаркөсе, Қожанасыр, Тазша бала секілді кейіпкерлерді ұмытпаған шығарсыз. Бүгінгі тойымызға солар да келіп отыр. Ортаға шақырып, қызықтарын тамашаласақ қайтеді?

1-жүргізуші

Шалқытып мерекеде ән салайық, өнерпаз өркендерге тамсанайық. Аңыз бен ертегіден бізге жеткен құрметті қонақтарды қарсы алайық.

Тіл бірлестігі: Алдаркөсе көрінісі.

Қыдыр ата батасы: ырыс пен бірлік

Тілек

Наурызым — байлық-берекем! Өзіңмен ғана ел екем! Бар болғаны, ол сен жоқта қол жетпейтін жер екен.

Ұлы күнде, халайық, қалай қарап қалайық! Сәйгүліктей ағайық, жасын болып жанайық. Ортамызға шақырып, бабамыздың Қыдырындай ақ батасын алайық.

Қыдыр ата

Наурыз болып бізге сын, кер жалқаулар торықсын! Талапты мен іскерге Қыдыр келіп жолықсын!

Ән: бағдарлама бойынша.

Қорытынды тілек

Наурыз тойын тойлайық, міне, ағайын! Амандықпен туа берсін күн сайын. Халқымызға бақыт тілеп, бақ тілеп, бүгінгі мерекені тәмамдаймыз.

Жерімізде молшылық пен тыныштық орнасын, елімізде бейбітшілік нық болсын. Достықпен жайнай берсін Отанымыз, көгімізде қазақ туы желбіресін!

Жиналған құрметті қауым, келесі Наурызда да төрт көзіміз түгел, уайым-қайғысыз амандықпен қауышайық. Бас аман, бауыр бүтін болсын!

Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Сапақкөл орта мектебі.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: Қисымбетова Саржан Каримжанқызы.