Жылқы малы өте төзімді

Төрт түлігім — ырысым

«Ана сүті мен жылқы сүті — біздің тарихымыздың басы». Ғафу Қайырбеков

«Қазақ тарихы — жылқы тарихы, жылқы тарихы — қазақ тарихы». Қажытай Ілиясұлы

Тақырып

Төрт түлігім — ырысым

Көрнекіліктер

Төрт түліктің суреттері, слайдтар, ойын түрлері

Мақсаты

  • Төрт түлік туралы білім беру, олардың тіршілік табиғаты мен қадір-қасиетін таныту.
  • Қазақ халқының дәстүрлі түрде мал шаруашылығымен айналысқанын түсіндіру.
  • Оқушылардың ой-өрісін, тілін дамыту.
  • Малды күтуге, қадірлеуге, көбейтуге және ата кәсіпті қастерлеуге тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

1) Тақпақтар айту

Төрт түлік туралы қысқа өлеңдер арқылы кіріспе жасау.

2) Сипаттама беру

Әр түліктің қасиеті мен пайдасын талқылау.

3) Жұмбақ шешу

Ой қозғап, тіл дамытуға арналған бөлім.

4) Сайыс

«Кім жылдам?» тапсырмасы арқылы жылдамдық пен топтық жұмыс.

5) Постер қорғау

«Төрт түліктің пайдасы» тақырыбында ойды жинақтап, дәлелдеу.

Жүргізушілердің тақпақтары

1-жүргізуші

Қой деген — момын жануар,
Айта берсең таусылмас,
Қасиеті тағы бар.

2-жүргізуші

Өскенде түйе боласың,
Қазір әлі ботасың.

1-жүргізуші

Торпақтарым томпиған,
Көздері мөлдір монтиған.

Топқа бөлу

1-топ: Қой

Қой — төрт түліктің ішіндегі ең момыны. Қазақ «қой аузынан шөп алмайтын момын» деп сабырлы, бірқалыпты адамды бекер айтпаған. Қой ежелден несібелі мал саналған. Балалар ауырып қалғанда қойдың құйрық майымен сылап, ем ретінде қолданған.

2-топ: Түйе

Түйе — төрт түліктің төресі. Түйе сүті — шұбат: әрі сусын, әрі қорек. Шұбаттың емдік қасиеті күшті. Түйенің еті де құнарлы, майы мол. Сондай-ақ сапалы жүні бар.

3-топ: Сиыр

Сиыр — Зеңгі баба түлігі. Адамға серік, ақылды әрі момын жануар. Күнделікті тұтынатын тағамдардың көбі сиыр өнімінен жасалады: құрт, ірімшік, айран, май, қатық.

4-топ: Жылқы

Жылқы — жер жүзіне кең тараған төзімді түлік. Қыста сары аязда да далада жайыла береді: суыққа шыдамды. Еті мен сүтінің орны бөлек. Қазы-қарта, жал-жая — жылқыдан алынатын бағалы тағамдар.

Пайдалы өнімдер туралы тақпақтар

1-топ: Құрт

Құрт деген — арғы атасы ақтан болар,
Айта берсең дастан болар.
Аузыңа салып алып,
Ұртыңды бұлтыңдатып,
Ойланып жатсаң —
Денсаулыққа пайдасы бар.

2-топ: Сүт

Сүт — үйіңе келсе құт,
Ішсең ас, ұйытсаң айран.
Шайқасаң май,
Қатса — тәтті болар шай.
Ішіп алып терлеп-тепшіп,
Көңілің жай.

3-топ: Шұбат

Бар қызығы — шұбатта,
Ішіп алып біраз ойлап тұрақта.
Ауырған жерің басылып,
Тынысың ашылып,
Сарайыңды ашатын,
Сусыныңды басатын —
Бар қызығы шұбатта.

4-топ: Қымыз

Ішіп алсаң қымызды,
Қан жүгіріп бой-бойлап,
Кеткендейсің той-тойлап.
Пай-пай, шіркін,
Денсаулыққа пайдасы — ай!
Дәрімен де сайма-сай.

Жұмбақтар

1-топ

Екі айнасы бар,
Екі найзасы бар,
Сыртылдаған тұяғы бар,
Бір желпуіш сияғы бар.

2-топ

Өзі үлкен жануар,
Үстінде екі тауы бар.

3-топ

Қолданады әр шаруа,
Қызығына құт байлап.
Қанша құйып алсаң да,
Сарқылмайды сүт, қаймақ.

4-топ

Аласа ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар.

Сайыс және шығармашылық жұмыс

«Кім жылдам?»

Қиылған төрт түліктің суреттерін құрастырып шығу.

Постер қорғау

Тақырып: «Төрт түліктің пайдасы».

Ән айту

«Қошақаным», «Жазда атамның ауылында» әндерін хормен орындау.

Қорытынды ой

«Малым — жаным садағасы, жаным — арым садағасы» деген ата-бабамыз мал атаулының қадір-қасиетін терең білген, сахараны төрт түлікке толтырған. Қазақстанды малсыз елестету қиын. Қазақ — ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халық.