Тік төртбұрышты мен шаршымен салыстыру

Сабақ туралы мәлімет

Білім беру саласы
Таным
Бөлімі
Математика
Тақырыбы
Шаршымен таныстыру
Мақсаты
Белгіленген сандар мен геометриялық пішіндерге сүйене отырып, пәндер арасындағы байланысты күшейту; тіл дамыту, көркем әдебиет және дидактикалық ойындар арқылы балалардың ой белсенділігін арттыру, логикалық ойлауын және зейінін дамыту.
Көрнекі құралдар
Теледидар, DVD, суреттер, сыйлық қорабы, шарлар, қаламдар, геометриялық пішіндер.
Оқу іс-әрекеті
Кіріктірілген

Ұйымдастырушылық кезең: «Шаттық шеңбері»

Өлең жолдары

Үлкенге де сіз, Кішіге де сіз. Бар адамды құрметтеп, Бас иеміз біз.

Психологиялық дайындық

  • Денелеріңізді түзу ұстап, бастарыңызды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңыздар.
  • Ауаны терең жұтып, еркін тыныстаңыздар: таза, шипалы ауаның бойға тарағанын сезініңіздер.
  • Осы көтеріңкі көңіл күймен сабағымызды бастаймыз.

Сұрақ-жауап

  • Бір аптада неше күн бар?
  • Бүгін аптаның қай күні?

Өткенді қайталау: «Көгілдір экран» тапсырмасы

Сәйкестендіру

Жемістерді цифрлармен сәйкестендіреміз.

  • Қарбыз 1
  • Ананас 2
  • Апельсин 3
  • Алма 4
  • Шие 5

Пішіндерді тану

1) Мына суреттегі қай зат үшбұрышқа ұқсайды?

2) Мына суреттегі қай зат дөңгелекке ұқсайды?

Жаңа тақырып: «Тосын сәт» — сиқырлы шарлар

Сюжеттік кіріспе

  • Алдымызда үлкен сыйлық қорабы тұр. Оны бірге ашып көрейік.
  • Қорап ашылғанда әуен ойнап, шарлар жоғары көтеріледі.
  • Балалар шарлардың түстерін атайды: қызыл, сары, көк және т.б.
  • Шарлар жоғарыда тұр. Оларға қалай жетеміз?

Көркем сөз

Қызыл, сары, көк түсті Шарларымыз көп тіпті. Қане, қайсысын таңдайсың, Түсін біліп алғайсың.

Шешім ретінде балалар сиқырлы санамақтарды айтады — сонда шарлар біртіндеп төмен түседі.

Санамақ (1)

Бір дегені бүркіт, Қашады аңдар үркіп. Екі деген есек, Білмейді ол есеп. Үш дегенім үкі, Ұстап жейді түлкі. Төрт дегенім тиін, Сан білмесе қиын. Бес дегенім бұлбұл, Сайрағанда дүл-дүл.

Әуенмен шарлар төменірек түседі.

Санамақ (2)

Бір дегенім бесік, Шықтым содан өсіп. Екі дегенім елім, Дала, туым, көгім. Үш дегенім үміт, Үміт артқан жігіт. Төрт дегенім төзім, Төзе білем өзім. Бес дегенім бақыт, Бағалайтын уақыт.

Тағы бір шар төмен түседі.

Ғажайып тапсырмалар: геометриялық пішіндер

Дөңгелек туралы

Мынау қандай пішін?

Нүктесі жоқ басталған, Аяқталған жері жоқ. Дөңгелектің, сірә, теңі жоқ.

Ойын: «Көршісін тап»

Шарты: берілген санның оң және сол жақ көршісін табу.

Сергіту сәті

Шаршағанда «Уһ!» дедім, Ренжігенде «Туһ!» дедім. Қорыққанда «Ой!» дедім, Өкінгенде «Ах!» дедім. Шарасызда «Ех!» дедім, Таңырқап «О!» дедім. Кейігенде «И!» дедім, Біліп алып «Е!» дедім. Қуанып «ха-ха-ха!» дедім.

Сергіп алған соң, балалар қайта орындарына отырады.

Үшбұрыш тапсырмасы

Үшбұрыш — атына сай бағы бар: Үшбұрыштың үш жағы бар.

Ойын: «Тез ойла, жауап айт»

  • Бір аптада неше күн бар?
  • Оң қолыңда неше саусақ бар?
  • Торғайдың аяғы нешеу?
  • Қоянның құлағы нешеу?
  • Аюдың табаны нешеу?

Жаңа пішін: шаршы

Көркем сөз

Төрт бұрышы да тең түскен, Қабырғалары да тең. Мұндай шаршы, мен білсем, Табылмас-ау екі жерден.

Шаршы мен тік төртбұрышты салыстыру

  • Шаршы: барлық бұрыштары тік, төрт қабырғасының ұзындығы бірдей.
  • Тік төртбұрыш: қарама-қарсы қабырғалары тең, бұрыштары тік.

Қол жаттықтыру

Саусақтарым, тұрыңдар, Бірге сап құрыңдар. Желмен бірге теңселіп, Оңға-солға бұрылыңдар. Ақырын ғана адымдап, Алға қарай жүріңдер. Бастарыңды көтеріп, Бос тұрмаңдар, күліңдер.

Дидактикалық ойын

«Жетпей тұрған пішінді сал»

Берілген суреттегі жетіспейтін геометриялық пішінді анықтап, толықтырып салу.

Мұғалім балалардың жұмыстарын бақылап, қажет болған жағдайда жеке көмек көрсетеді.

Қорытынды және рефлексия

Талқылау

  • Сиқырлы шарлар бізге қызықты тапсырмалар мен ойындар ұсынды.
  • Сендерге бүгінгі ойындар ұнады ма?
  • Шарлар тобымызға қуаныш пен татулық сыйлады.

Күтілетін нәтиже

Біледі
Геометриялық пішіндерді ажыратады.
Игерді
Ойлау қабілеті дамиды, логикалық пайымдауы күшейеді.
Меңгерді
Сандарды меңгереді, көрші сандарды табуды тәжірибелейді.