Өзіңді басқаруды үйрен

Өзіңді басқаруды үйрен

Адам — өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап, бояп, оған ажар мен түр беруге, әшекейлеп өрнектеуге еңбектенеді (Б. Бұлқышев). Сондықтан әр адамның өмірі — өз қолында.

Айналамызға қарасақ, біреулер жұмысқа асығып барады, біреулер жадыраған жанарымен күлімдеп жүреді, ал кейбіреулер қабағын түйіп, ызалы күйде жүреді. Бұл — тек бір елдің емес, бүкіл әлем адамдарының әрқайсысының өз қиындықтары, шешімі күрделі мәселелері бар екенін көрсетеді.

Қиындық — мінез бен қайраттың сынағы

Әр адам өз өмірлік жолын өзі таңдайды, алдын ала бағдар жасайды. Ал таңдаған жолда қиындықтар міндетті түрде кездеседі. Сол қиындықтардан сүрінбей өту, берілмеу, өз қадірін түсірмеу — адамның мінезі мен қайратына байланысты.

Қиындықтан қорықпай, сабыр сақтап, нәтижелі еңсеру — ішкі жан дүниенің беріктігін білдіреді.

Өзіңе сенім

Әбділда Тәжібаев:

Өзіңе сен, өз күшіңе сен,

Қос қолыңмен істеген ісіңе сен.

Алысың да сыйлайды, жақының да,

Өзіңді өзің төменге түсірмесең.

Бұл ой адамның өзіне сеніп, өзін сыйлай білуі қаншалық маңызды екенін айқын көрсетеді.

Өмір — тәртіп пен дәлдікті қажет ететін жүйе

Адамның өмірі белгілі бір бағдарламаға ұқсайды. Бағдарламаның дұрыс орындалуы үшін нақты тәртіп, белгілі бір алгоритм қажет. Сол сияқты өміріміздің мәнді әрі сәнді өтуі — әр ісіміздің дұрыс, нақты және жауапкершілікпен орындалуына байланысты.

Ол үшін ең алдымен ішкі тыныштықты сақтай білу маңызды. «Сабыр түбі — сары алтын» дегендей, кез келген мәселені асықпай, салмақпен шешкен жөн.

Іс-әрекет — адамгершіліктің өлшемі

Жақсылық пен жамандық, зұлымдық пен махаббат, әділеттілік пен әділетсіздік, борыш пен намыс — бәрі де адамның іс-әрекеті арқылы өлшенеді.

Өмірден алынған мысал

Бір күні автобуста келе жатып, мынадай жайтты байқадым: бастапқыда орын аз болғандықтан, орындықтарға көбіне балалар отырып алды. Бірнеше аялдамадан кейін үлкен кісілер мінді. Сол сәтте орын беру үшін небәрі үш-төрт бала ғана орнынан тұрды. Ал тұрмаған балалардың әрекетінен тәрбие мен ұяттың әлсіздігін аңғаруға болады.

Қазіргі қоғамда адамдарға қиянат жасау, зорлық-зомбылық, терроризм сияқты құбылыстардың көбеюі де — жүректе жылылық пен сүйіспеншіліктің азаюымен байланысты. Абай: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дейді. Демек, қайратты сақтап, әр істі ақылмен ойлап, жүрек жылуымен жасау қажет.

Жоспарлау — мақсатқа жетелейтін дағды

Сағатына бір рет болса да, күніне бір мәрте немесе кем дегенде аптасына бір рет өз іс-әрекетіңе қорытынды жасап, алдағы қадамды болжау және жоспарлау — адамның мақсаты мен арманына жақындатады.

Қорытындылау

Не істедім? Не үйрендім? Нені түзетемін?

Болжау

Қай жерде кедергі болуы мүмкін? Неден сақтанамын?

Жоспарлау

Келесі қадамым қандай? Қашан және қалай?

Өзін-өзі басқару — бірлік пен тірліктің тірегі

Адамдар арасында сыйластықтың азаюы, қарым-қатынастың суынуы, бір-біріне қиянат жасау, дұрыс әрекетке бармау — көбіне өзін-өзі басқарудың әлсіздігінен туындайды.

Егер адам ішкі тыныштығын сақтай алмаса, сүйіспеншілігі риясыз болмаса, сөзі мен ісі ақиқатқа бағытталмаса — қоғамда бірлік те, береке де әлсірейді.

Өзін тану

«Өзіңді-өзің тану — рухани өркендеудің түп тамыры және адамгершілік құндылықтар арқылы іске асады» деген ой өзін тану мен өзін басқарудың өзара тығыз байланысты екенін көрсетеді.

Тілек

Жастарға, құрбы-құрдастарыма және болашақ ұрпаққа айтарым: өз-өзімізді дұрыс басқаруды үйренейік. Мінезімізді, сөзімізді және ісімізді өз қолымызға алып, жауапкершілігі жоғары, мейірімді, саналы азамат болып өсейік.

Қарағанды облысы, Балқаш қаласы, Абай атындағы №2 лицей КММ, 9 «А» сынып оқушысы — Марксова Гүлімжан

Пән мұғалімі: Байкулова К. М.