Оқи бер

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Мектеп
№101 орта мектеп
Мұғалім
Молдағажиева Сауле
Шығарма
Б. Соқпақбаев — «Менің атым Қожа»
Сабақтың бағыты
Қорытынды сабақ: «Түбі адам болатын бала»
Сабақтың түрі
Шығармашылық сабақ
Сабақтың типі
Бекіту сабағы
Әдістер
Жүйелеу, талдау, қайталау
Көрнекіліктер
Интерактивті тақта; Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабы; Еркін Рахышевтің «Менің де атым Қожа» фильмінен үзінді; слайд-кестелер, тірек-сызба, суреттер, Венн диаграммасы.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Мәтін мазмұнын жүйелі баяндап, негізгі ой мен идеяны түсіну.
  • Мәнерлеп оқу дағдыларын және оқуға қызығушылықты арттыру.
  • Ойды еркін айтуға, пікірді дәлелдеуге үйрету.

Дамытушылық

  • Автор шығармалары арқылы өз ой-қиялын еркін өрбітіп, өзінше қорытынды жасау.
  • Мәтінмен жұмыс, әдеби талдау дағдыларын дамыту.
  • Ізденіске баулу, ғылыми жұмысқа икемдеу, шығармашылық қабілетті жетілдіру.

Тәрбиелік

  • Қожа бейнесі арқылы адамгершілікке, мәдениеттілікке, әдебиетті сүюге баулу.
  • Жағымсыз қасиеттерден аулақ болуға тәрбиелеу.

Ұйымдастыру және алдыңғы білімді өзектендіру

Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгендеу.
  • Сыныптың сабаққа дайындығын бақылау.
  • Психологиялық дайындық: ойды бір арнаға тоғыстыру.

Үй тапсырмасын тексеру

Тараулар бойынша мазмұндау және автор мен шығармаға қатысты сұрақ-тапсырмалар арқылы білімді нақтылау.

Автор туралы сұрақтар

1) Бердібек Соқпақбаев кім? Ол қандай жазушы?

«...Алыстан арбалап материал тасымаймын, архивтің шаңын жұтпаймын. Жақыннан өз басымнан кешкенді, өзім байқап-түйгендерімді, өз айналамды дорбалап жинаймын. Бір сөзбен айтсам, өзін жазатын жазушымын. Мінез-құлық жағынан Қожа өзге емес, менің өзіме ұқсайды.»

2) Жазушының шығармалары

  • «Менің атым Қожа»
  • «Жекпе-жек»
  • «Қайдасың, Гаухар?»
  • «Өлгендер қайтып келмейді»
  • «Аяжан»
  • «Балалық шаққа саяхат»
  • «16 жасар чемпион»
  • «Алыстағы ауылда» және т.б.

Фильм туралы мәлімет

«Менің атым Қожа» (1963)

Жанр
Комедия, жанұялық
Мемлекет
Қазақстан
Режиссер
Абдолла Қарсақбаев
Сценарий
Б. Соқпақбаев, Н. Зелеранский
Сазгер
Нұрғиса Тілендиев

Кейіпкерлерді сомдаған актерлер

  • Қожа: Н. Сегізбаев
  • Сұлтан: М. Көкенов
  • Жанар: Г. Құрабаева
  • Жантас: Е. Құрмашев
  • Миллат (анасы): Б. Римова
  • Рахманов: Қ. Қожабеков
  • Майқанова: Р. Мұхамедиярова
  • Әжесі: З. Құрманбаева

Фильмнің қысқаша мазмұны

Мектепке «аты шулы сотқар» атанған Қожа бар ынтасымен түзелуге тырысады. Әкесінен ерте айырылған Қожаберген кейде қызуқандылыққа беріліп, түрлі оқиғалардың ортасында қалады. Досы Сұлтанмен бірге бастан кешкен қызықты сәттер көрерменді күлдіріп қана қоймай, баланың ішкі арпалысын да көрсетеді. Қожа әкесінің абыройын түсіріп жүрмін деп уайымдағанымен, ол — ақкөңіл, ашық мінезді, жамандық ойламайтын бала.

Суреттермен жұмысқа бағыттайтын сұрақтар

  • Бұл сурет туралы не білесің?
  • Кейіпкерді сипатта: мінезі, әрекеті, мақсаты.
  • Қай оқиға есіңе түседі? Қашан және кіммен байланысты?
  • Осы сәтте қандай жағдай болды?

Жаңа сабаққа кіріспе: негізгі ойды ашу

Оқушыларға тақырыпты өздері тапқызу үшін тараудан алынған тірек сөйлем ұсынылады:

«Мен өзімнің он үш жыл өмірімнің ішіндегі ең бір қатігез күнді бастан кештім...»

Сұрақ

Қожа бұл сәтті қашан бастан кешірді?

Жауап (талқылау өзегі)

Қожаның тәртіпсіз қылықтары, әсіресе Майқанованың сөмкесіне бақа салып жіберген әрекеті қаралған педкеңес кезінде. Кеңес ұзаққа созылып, Қожа өз тағдыры қалай шешілетінін іштей таразылайды.

Түйінді эпизод: «Түбі адам болатын бала»

Педкеңес аяқталған соң Қожа «Мен туралы не деді екен?» деп дегбірі қашып, мектеп терезесінің тұсындағы теректің басында отырады. Сол кезде Ахметов пен Майқанова ағай-апай теректің түбінен өте бере айтқан бір ауыз сөз шығарманың идеялық өзегін ашады:

«Түбінде адам болатын бала»

Дәл осы сөз Қожаның өз-өзіне есеп беріп, қателігін түзетуге бет бұруына түрткі болады: ол «құпия кеңес» өткізіп, жасаған қателіктерін талдайды және енді қайталамау жолдарын жоспарлайды.

Бекіту тапсырмалары

1) «Мынау кім?» — дәйексөз арқылы кейіпкерді тап

  • Біреуді біреуге айдап салып, от тастап жүретін қу; сабақ үстінде сыбырлап-сыпсыңдайтын кім?

    Жауап: Жантас

  • «Мен оқулық емес, қант аламын. Сіздің не шаруаңыз бар? Қоя беріңіз.»

    Жауап: С. Майқанова

  • «Біз екеуміз таныс шығармыз деймін?»

    Жауап: С. Майқанова

  • «Мүмкін, орныңа барып айтатын шығарсың?»

    Жауап: С. Майқанова

  • «Мен сенің әкеңе қарыздар адаммын. Менің мойнымда оның тиыны емес, теңге емес — бақандай бір қарасы жүр.»

    Жауап: мектеп күзетшісі Сәйбек қарт

  • «Келесі сабаққа қайсың бақа ұстап әкелесіңдер?»

    Жауап: зоология пәні мұғалімі Оспанов

  • «Сен оқуды тастасаң, маған еріп тастады деп екеуімізді бірдей қудалап пәле қылады. Оқи бер. Оқудың түбіне сен-ақ жет. Мүмкін, кейін дырдай бастықтың бірі болып шығарсың. Сонда маған шапағатың тиер.»

    Жауап: Сұлтан

2) Оқиғалар тізбегі — шатасқан оқиғаларды ретте

Ойын шарты: берілген оқиғаларды шығарманың желісі бойынша дұрыс ретімен орналастыру.

  1. 1. «Оған байқатпай, жерден жұдырықтай тас жіберіп қалмақшымын...»
  2. 2. «Бақаның әлегі»
  3. 3. Педсовет
  4. 4. Жолдама алған Жантас
  5. 5. «Оқулық емес, қант аламын»

3) Сергіту сәті: «Иесіне қайтар»

Қысқа ойын: сұраққа тез жауап беру арқылы мәтіндегі негізгі сәттерді еске түсіру.

Сұрақ 1

Қожаның он үш жыл өміріндегі ең қатігез күн қай күн?

Сұрақ 2

Қожа «үйде кеңес өткіздім» дейді. Сонда кімнің мәселесін қарады?

Сұрақ 3

«Шыбыным, әйтеуір ешкімге тимей, ұрынбай жайыңа жүр... Тыныш жүр, балам» деген ақыл кімдікі?

4) «Бұл қай сәт?» — үзіндіні эпизодпен байланыстыр

«Төбемнен шатыр етіп жай түскендей болды. Не істерімді білмеген қалпымда орнымнан сүйретіліп түрегеле бердім. Маңдайымнан бұрқ етіп суық терім шығып кетті. Ох, шіркін-ай!»
«Есікті аша бергенімде, тынысым мүлде бітіп, жүрегімнің соғуы тоқтап қалғандай болды. Сол кездегі келбетім көлденең көзге тірі аруақ тәрізді қыбырлаған бірдеңеге ұқсар деймін».
«Маңдайымнан буым бұрқырап, есік алдына шықтым. Сәйбек көрінбейді. Омырауымды ағытып, желпініп, ойланып тұрмын. Не деп шешер екен? Мектептен шынымен-ақ шығара ма?»

5) «Теріп алу» стратегиясы — мінезді іріктеу

Төмендегі сипаттамалардан Қожа мен Жантастың бойына тән қасиеттерді бөліп жазу.

алғыр пысық өтірікші ақылды сотқар тентек мейірімді қу зымиян шыдамсыз тиянақсыз әділетті ақын әзілқой арамза тапқыр қателігін түсіне біледі жағымсыз

Қожа

Алғыр, пысық, ақылды, сотқар, тентек, мейірімді, әділетті, ақын, әзілқой, тапқыр, қателігін түсіне біледі.

Жантас

Өтірікші, қу, зымиян, шыдамсыз, тиянақсыз, арамза, жағымпаз.

6) Қожа бейнесі: жағымды және жағымсыз қырлар

Жағымды жақтары

  • Өз ісіне есеп бере алады.
  • Жағымсыз іс-әрекеттерін түзетуге талпынады.
  • Өзін-өзі тәрбиелеуге ұмтылады.
  • Үлкенді сыйлайды.

Жағымсыз жақтары

  • Тәртіпсіз.
  • Аңқау.
  • Өтірік айтуға бейім тұстары бар.
  • Сотқарлық жасайды.

Ой тастау: өзгеріске не әсер етті?

Қожа әдепті жолға түсуге не үшін бел буды? Талқылауды мына ықтимал себептер арқылы өрбітуге болады:

Анасын аяуы

Отбасына ауыртпалық түсірмеу, көңілін қалдырмау ниеті.

Сәйбек қарттың ықпалы

Ақсақалдың адамдыққа шақырған сөздері.

Оспановтардың естелігі

Жақсының атын, әкенің абыройын сақтау туралы ой.

Майқанованың сөзі

«Түбі адам болатын бала» деген сенімнің әсері.

Рефлексия: «Өз-өзіңе есеп бер!»

Оқушылар өз қателігін мойындау, түзету жоспарын жасау және «адам болу» ұғымын жеке тәжірибесімен байланыстырып қорытынды жасайды.

Үй тапсырмасы, бағалау және қорытынды

Үй тапсырмасы

  • Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмі мен Еркін Рахышевтің «Менің де атым Қожа» фильмін салыстырып, ұқсастықтарын жазу.
  • «Менің қиялымдағы Қожа...» тақырыбында эссе жазу.

Бағалау және қорытынды

Бағалау оқушының мазмұндау сапасы, дәлелді пікірі, тапсырмалардағы белсенділігі және әдеби талдаудағы тұжырымымен негізделеді. Сабақ соңында Қожаның өзгеруі арқылы «адам болу» ұғымы — жауапкершілік, өз-өзіне сын көзбен қарау және жақсылыққа талпыныс екені түйінделеді.