Мамандықты дұрыс таңдай білген адам
Кіріспе
«Адам жанын түсіне білу, оны зерттей білу — үлкен өнер». З. Фрейд
«Армансыз адам — қанатсыз құспен тең» дегендей, әр жас мектеп бітіргеннен кейін өзі армандаған мамандықтың иесі болуды қалайды. Сондықтан жас жеткіншектер мамандық таңдауда қателеспегені маңызды.
Мамандықты дұрыс таңдаған адам «Мамандығым — мақтанышым» деп қана қоймай, сол кәсіптің қыры мен сырын меңгеріп, шыңына жетуді мақсат етеді.
Мамандық — тек күнкөріс немесе ақша табу құралы емес. Әр адам өз ісінен рухани күш алып, еңбектің рақатын сезінгенде ғана еңбектің жемісі тәтті болады. Еңбек адамды абыройға жеткізеді, ал шеберлік пен қажымас қайрат әркез табандылықты талап етеді.
Халық даналығы: «Ұялмаған өлеңші болады, ерінбеген етікші болады».
Адам — қалай болса солай сүйреуге көнетін тулақ та емес, қалай қақса солай домалайтын «доп» та емес. Адам өз еркімен, өз ыңғайымен еңбек ететін тұлға.
Көп жағдайда адам дүниеге келгеннен-ақ белгілі бір өнерге не қызметке икем болып туады: бірі бала оқытуға, бірі мал бағуға, бірі әскер ісіне, бірі жазуға, бірі медицинаға, бірі саудаға, бірі сөзге, бірі дауға бейім келеді. Яғни әр адамда талап, икем, қабілет немесе зеректік болады.
Әркім өз жұмысын бар ықыласымен атқарса, ол аз тапса да, көп тапса да — адал еңбектің наны берекелі болмақ.
1) Танысу
Бүгінгі жұмысымызды танысудан бастаймыз: әр қатысушы өзін қысқаша таныстырып, осы тренингтен күтетін нәтижесін бір сөйлеммен бөліседі.
2) Арт-терапия: шеңбер бойынша сурет салу
Келесі жұмыс — арт-терапия. Бір ұжымда еңбек еткендіктен, жұмыстарымыз да өзара байланысты; ойымыздың бір жерден шығуы заңды.
Қажетті құралдар
- Ақ парақ
- Қарындаш
- Жай музыка
Өту тәртібі
- 1.Музыка ойнаған кезде әркім өз парағына сурет сала бастайды.
- 2.Музыка тоқтағанда, суретті көршіңізге беріп, ол жалғастырады.
- 3.Сурет шеңбер бойымен айналып, бастапқы иесіне қайта оралады.
- 4.Сурет өзіңізге келген соң, тақырып қойып, қысқаша талдау жасаймыз.
3) Ой толғау: сұрақ-жауап
Педагогикалық әдеп дегеніміз не?
Педагогикалық үдерісте тәрбиелік мәселені шешуде, жеке адаммен немесе ұжыммен қарым-қатынас жасауда көрінетін кәсіби-адамгершілік сапа.
Педагогикалық қабілет дегеніміз не?
Педагог ретінде балаларды тәрбиелеуде жоғары нәтижелерге жетуге мүмкіндік беретін психологиялық ерекшелік.
Дарындылық дегеніміз не?
Қабілеттердің өте жоғары деңгейі; адамның мүмкіндіктерінің айрықша, ерекше сапада көрінуі.
Жаңашыл педагог дегеніміз кім?
Шығармашылық зертханасын үнемі жетілдіретін, оқу-тәрбие жұмысындағы әдістемелік жаңашылдықты дамыта алатын педагог.
Педагогикалық шеберлікті қалай жетілдіруге болады?
- Ашық сабақтарға қатысу
- Әдістемелік басылымдарды оқу, жүйелі ізденіс
- Біліктілікті арттыру курстарына қатысу
- Тәжірибе алмасу
- Қалалық, облыстық семинарларға қатысу
Мақалды жалғастыр
Жас кезімде бейнет бер —
Қартайғанда дәулет бер.
Еңбек ерлікке жеткізер —
Ерлік елдікке жеткізер.
Еңбек ширатады —
Өмір үйретеді.
Еңбекте қорлық жоқ —
Шындықта зорлық жоқ.
Халық қазы —
Еңбек таразы.
Еңбек түбі —
Қуаныш, сауда түбі — реніш.
Жұмысы жемістінің —
Өмірі келісті.
Еңбексіз тапқан мал —
Есепсіз кетер.
Еңбектен қашпа —
Ырысыңды шашпа.
Көп еңбегі —
Көңілді.
Еңбек ет те —
Міндет ет.
4) «Сиқырлы орындық»
Қазір «сиқырлы орындыққа» кім лайық екенін анықтаймыз. Сұрақ: балабақша ұжымындағы білімді, ақылды, шебер, төзімді, ұқыпты, белсенді, еңбекқор, алғыр, тиянақты, өз ісіне жауапты, тапсырманы дер кезінде орындайтын әрі сөзі өтімді тұлға ретінде кімді ұсынасыз?
Ойын шарты
- 1.Әр қатысушыға шағын парақша таратылады.
- 2.Парақшаға өз таңдауыңыздағы адамның атын жазасыз.
- 3.Ең көп дауыс жинаған адам «сиқырлы орындыққа» отырады.
- 4.Барлығымыз сол адамға жағымды комплимент айтамыз.
5) Релаксация
Көзімізді жұмып, терең дем алып, еркін тыныстайық.
Жайма-шуақ көктем. Күн жылы, нұрын шашып тұр. Күннің жылуы алдымен аяғыңызға түсіп, бірте-бірте бүкіл бойыңызды жылылыққа бөлейді.
Енді бәріміз далаға шыққандай боламыз. Ағаштар жапырағын жайқалтып, айнала жасыл желекке оранған. Әр ағаштың жанынан өткен сайын көктемнің хош иісін сезесіз. Қызғалдақтардың арасымен жүріп келесіз.
Алдыңызда екі қабатты автобус тұр. Автобусқа мініп, қала аралауға саяхатқа шығасыз. Әсем қаланы аралап келесіз. Қаланың көркіне көзің тоймай, көңіліңіз көтеріліп, ерекше күй кешесіз.
Қаланың орталығындағы әмбебап дүкенге кірдіңіз. Өзіңізге ұнаған бір затты таңдаңыз да, сатып алыңыз.
Кері автобусқа мініп, әсем әуенмен бойыңызды сергітіп, жүрегіңіз шаттыққа толған күйде ораласыз.
Өзіңізге іштей айтыңыз:
«Мен салмақтымын. Мен төзімдімін. Қиындықты жеңе аламын. Алда мені жақсы күндер күтіп тұрғанына сенімдімін».
Тағы бір терең дем алып, көзімізді ашайық.
6) «Ағаштағы адамдар» тесті
Ағаштағы адамдардың көңіл күйі әртүрлі, әрқайсысының өз орны бар. Алдымен өзіңізге қай позиция көбірек ұқсайтынын таңдаңыз. Содан кейін ұқсағыңыз келетін адамды белгілеңіз.
1)
Ешнәрседен қорықпайтын, батыл мінезді адамдар №1, 3, 6, 7 позицияларды таңдайды.
2)
Қандай жағдай болмасын достарына қолұшын аямайтын, ақкөңіл адамдар №2, 11, 12, 18, 19 позицияларды таңдайды.
3)
Кез келген қиындықты жеңіл еңсеретін адамдар №4 позицияны таңдайды.
4)
Шаршаңқы, көңілсіз жүретін адамдар №5 позицияны таңдайды.
5)
Көңіл көтеруді ұнатып, той-томалақтан қалмайтын адамдар №9 позицияны таңдайды.
6)
Іштей қапаланып, үнемі уайымдайтын әрі көпшілік ортасын ұнатпайтын адамдар №13, 21 позицияларды таңдайды.
7)
Өзімен сырласып, ішкі әлемінде өмір сүретін жандар №8 позицияны таңдайды.
8)
Өмірдің әр сәтін бағалап, жан тыныштығын қалайтын адамдар №10, 15 позицияларды таңдайды.
9)
Өзін бақытсыз сезініп, тағдырына налитын жандар №14 позицияны таңдайды.
10)
Айналасындағыларды өзіне бағындыруға бейім, мүмкіндігін асыра бағалайтын адам №20 позицияны таңдайды.
11)
Көпшіліктің ықыласына бөленуді ұнататын, өзгенің пікіріне тәуелдірек жандар №16 позицияны таңдайды. Көп жағдайда №17 позициядағы адамнан қолдау күтеді.
7) Жылы лебіз
Соңында бір-бірімізге жылы лебізімізді білдірейік: бүгінгі жұмыста байқаған жақсы қасиеттерді атап, алғыс айтуға мүмкіндік береміз.