Ұжыммен жұмыс жасап, сабырлы болуға дағдыландық
13 қыркүйек — Программисттер күніне орай ұйымдастырылған сыныптан тыс жұмыс. Бұл информатика кеші ЕТБ 11–913 тобының бір жыл бойы атқарған еңбегін қорытындылап, нәтижесін көрсетуге арналды.
Ұран
Біз бір жылға есейдік!
Мақсаты
- Студенттердің бір жыл бойы алған білімдерін қорытындылау.
- Ой-өрісін дамыту, мамандыққа қызығушылығы мен белсенділігін арттыру.
- Уақытты тиімді пайдалануға, өзін-өзі сын көзбен бағалауға үйрету.
- Ұқыптылыққа, шапшаңдыққа, компьютерлік сауаттылыққа тәрбиелеу.
Керек жабдықтар
Видеопроектор
Көрсетілімдер мен бейнесюжеттер үшін.
Ноутбук
Бағдарламалар мен материалдарды іске қосу үшін.
Жүйелік блок
Құрастыру және құрылғыларды таныстыру үшін.
Смайликтер
Рефлексия мен сауалнамаға арналған.
Өту барысы
Кіріспе диалог
Айнұр
— Мирас, біз былтыр осы колледждің «Электрондық есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру» мамандығына оқуға түстік. Курс жетекшіміз болып Үмірзақова Анар тағайындалды.
Мирас
— Иә, дәл солай. Айнұр, есіңде ме, Студенттер күнінде мамандығымызды таныстырғанда қойған көрінісіміз?
Айнұр
— Әрине, Мирас. Сол сайыста жүлделі бірінші орынды жеңіп алдық. Ендеше, еске түсірейік.
Экраннан бейнесюжет
2013–2014 оқу жылындағы Студенттер күнінде қойылған көріністен үзінді көрсетіледі.
Алғашқы әсер және бір жылдық жол
Гүлзира
— Иә, ол кезде біз оқуға енді ғана түскен едік. 11-сыныпты тәмамдап келген соң, бойымызды тік ұстап, өзгелерге үлгі болуға тырыстық. Еріксіз балалық шақты артқа тастап, тәртіпке үйрендік. Алғашында компьютермен жұмыс істегенде қорқыныш сезімі де болды. Күн сайын жаңа терминдер, жаңа бағдарламалар, жаңа құрылғылармен танысып, білімге деген құштарлығымыз арта түсті. Содан бері бір жыл зулап өте шықты. Қазір ұстаздардың арқасында көп нәрсені меңгердік.
Мұғалімнің сұрағы
Мұғалім
— Осы бір жыл ішінде нені үйрендіңіздер? Өз бойларыңыздан қандай қасиеттерді байқадыңыздар?
Саламат
— Бұрын Paint графикалық редакторымен және Microsoft Word мәтіндік редакторымен жұмыс істей алатынмын. Енді Microsoft Excel электрондық кестесімен жұмыс жасауды меңгердім: есептеулер жүргізу, диаграмма салу, деректерді талдау. Мәліметтердің диаграммада әлдеқайда нақты көрінетініне көзім жетті.
Нұралдық
— Бұл мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Бұрын компьютер мен үшін көбіне ойын ойнауға арналған еді. Қазір компьютер құрылғыларын құрастыру, әр тетігін дұрыс орнату, сымдарын жалғау, порттарын қосу сияқты жұмыстарға қызығушылығым артты. Ең бастысы — шыдамдылыққа үйрендім.
Көрсетілім
Жүйелік блокты құрастыру көрсетіледі.
Бердімұрат
— Слайд дайындауда Microsoft PowerPoint бағдарламасымен қатар Pinnacle бағдарламасын да үйрендік, оны курстастарымызға да үйреттік. Ұжыммен жұмыс істеуге дағдыланып, сабырлы болуды меңгердік. Слайд әсерлі болуы үшін әдемі суреттер мен қажетті материалдарды ғаламтордан іздедік. Сонымен қатар пән мұғалімдеріне презентация әзірлеуге көмектесіп жүрміз.
Көрсетілім
Pinnacle бағдарламасында дайындалған колледж туралы слайд көрсетіледі.
Гүлзира
— Delphi бағдарламасында тест құрастыруды үйрендім. Бағдарлама күрделі болғанымен, нәтижесін көргенде барлық шаршағаның ұмытылады. Мұнда төзімділік пен бейімділік қажет. Назарларыңызға шағын интерактивті тест ұсынамын.
Көрсетілім
Delphi бағдарламасында жасалған тест көрсетіледі.
Алтынай
— Бүгінде ғаламторға қызықпайтын адам кемде-кем. Меніңше, интернет арқылы қажетті мәліметті табудың өзі — үлкен ізденіс. Болашақта қазақстандық интернеттің дамуына өз үлесімді қосқым келеді.
Қорытынды пікір
Мұғалім
Сіздердің жауаптарыңыздан компьютер технигіне тән қасиеттер анық көрінеді: шыдамдылық, ұқыптылық, дәлдік, бейімділік, ізденімпаздық, басқа адамға көмектесе білу, сабырлылық және төзімділік.
Рефлексия
Сұрақ 1
«Көңіл күйлеріңіз қандай?» — сұрағына смайлик көтеріңіз.
Сұрақ 2
Көтерген смайликке сәйкес: «Алдағы уақытта нені үйренгіміз келеді?» — деген сұраққа жауап жазыңыз.
Сауалнама жүргізіледі.
Тәрбиелік түйін
Үйренгеніміз мол болды: біліммен қатар бойымызға жақсы қасиеттерді де сіңірдік. Сіздер білім ала отырып, адамгершілік тұрғыда да өстіңіздер.
Болашақта жаңа адамдармен жүздесіп, жаңа ортаға бейімделіп, ұжымда еңбек етесіздер. Осы жақсы қасиеттерді жоғалтпаңыздар.
Қорытынды сөз
«Ғылымды, ақылды сақтайтын — мінез деген сауыт болады. Сол мінез бұзылмасын!»
— Абай