Ағылшын тілі мектепте
Тәуелсіздік, тіл саясаты және жаңа міндет
Еліміз жылдар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, шет тілі де мемлекетаралық қарым-қатынас тілі ретінде айрықша мәнге ие болды. Ендігі кезекте шет тілінің қолданылу аясын кеңейту — кезек күттірмес міндеттердің бірі.
Осы орайда мектептерде ағылшын тілі пәніне қызығушылық жыл сайын артып, оны оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері мен технологияларын зерттеу, тәжірибеге енгізу жұмыстары жүйелі түрде қолға алынды.
Ағылшын тілін саналы меңгерту және оны оқушы өміріндегі шынайы қажеттілікке айналдыру — бір жылдық мәселе емес. Сондықтан ағылшын тілін оқытатын мамандарды жиі толғандыратын сұрақтар бар:
- Оқушыны ағылшын тілінде өз ойын ауызша және жазбаша еркін жеткізуге қалай үйретеміз?
- Ынталандыру үшін қандай әдіс-тәсілдер мен технологияларды қолданған дұрыс?
Оқыту тілі өзге тілде жүргізілетін мектептерге арналған әдістемелік және ғылыми материалдарды зерделей отырып, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды (АКТ) қолдану мәселесіне арнайы тоқталуды жөн көрдім. Төменде осы бағытта жинақтаған іс-тәжірибемнің негізгі тұстарын ұсынамын.
Технология: мақсат емес, құрал
Білім беру саласына түрлі технологиялар енгізілуде. Алайда басты талап — олардың ішінен қажеттісін таңдап, сабақтың әр кезеңінде тиімді пайдалану. Мәселе технологияны кеңінен қолдануда ғана емес, тұлғаны нәтижеге бағыттай отырып білім беруде.
Қазіргі тәжірибеде көрнекілік әдісі мен техникалық құралдарды қолдану мүмкіндігін көбіне АКТ бір өзі біріктіріп, кешенді түрде атқара алады.
Ақпараттық технология деген не?
Ақпараттық технология — ақпаратты жинау, сақтау және өңдеу үшін бір технологиялық тізбекке біріктірілген әдістердің, өндірістік және бағдарламалық-технологиялық құралдардың жиынтығы.
Қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлы: «Шәкірттерің жақсы оқу үшін, оның оқуға деген ынтасы және қызығушылығы зор болу керек», — деген. Шын мәнінде, тек жігерлі, білуге құштар, табанды әрі шыдамды адам ғана мақсатына жетеді.
Ағылшын тілін оқытуда жаңа технологиялар мен техникалық құралдарды жан-жақты қолдану мұғалім еңбегін жеңілдетіп, оқытудың жаңа, орнықты тәсілдерінің қалыптасуына мүмкіндік береді. Сол жолдардың бірі — ақпараттық оқыту жүйесіндегі компьютерлік бағдарламалар арқылы тіл үйрету.
Сабақта қолданылатын компьютерлік бағдарламалар: негізгі бағыттар
1) Лексиканы меңгерту
Лексиканы меңгертуде түрлі әдіс-тәсілдер қолданылады. Нақты мағыналы сөздерді сурет, зат, макет арқылы түсіндірген тиімді. Абстрактілі мағыналы сөздерді түсіндіру үшін аударма мен тілдік көрнекілікті қатар қолдану қажет.
Тілдік көрнекілік — сөз мағынасын контекст арқылы, синоним- антонимдермен салыстыру арқылы, сөз құрамын талдау арқылы ашу.
Контекстке қойылатын негізгі талаптар:
- Контекстегі грамматикалық құрылым оқушыларға түсінікті болуы керек.
- Жаңа сөзден өзге сөздердің барлығы алдын ала таныс болғаны дұрыс.
- Осылайша оқушы назары жаңа сөзге шоғырланады.
Тілдік көрнекіліктің артықшылығы — мағына тек шетел тілінде түсіндіріліп, жаңа сөз бен мағына арасында тікелей байланыс қалыптасады, сабақта шетел тілі «атмосферасы» жасалады. Дегенмен бұл тәсілдің кемшілігі де бар: оқушы көп жағдайда жаңа сөздің баламасын ішкі ойында бәрібір ана тілі арқылы табуға тырысады.
2) Электронды әдістемелік құралдың құрылымы (7–11 сынып)
7–11 сыныптарға арналған электронды әдістемелік құралда оқушы мектеп бағдарламасындағы негізгі бөлімдермен жұмыс істей алады:
- Саяхат
- Білім
- Денсаулық
- Қоршаған орта
- Жастар және уақыт
Әр тарауда оқушы жылдам таба алатын материалдар:
- Тақырыпқа байланысты мәтіндер
- Суреттер, сызбалар және анимация элементтері
- Сөздік қорды толықтыруға арналған жаттығулар
- Грамматикалық тесттер
Мұндай құралдармен оқушылар белсенді жеке жұмыс жасайды. Мұғалім бағыт беруші, бақылаушы және техникалық үдерісті ұйымдастырушы рөлін атқарады. Бұл — оқушы белсенділігін арттырып, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Ғалым Л. В. Щерба: «Ана тілін сабақта аластату мүмкін болғанымен, оны оқушының сана-сезімінен аластату мүмкін емес», — деп өте дәл айтқан.
3) Сөйлеу дағдылары: микрофон, тыңдау және диалог
Көптеген бағдарламалар микрофонмен жұмыс істеуді қарастырады: оқушы сөздер мен сөз тіркестерін тыңдап, қайталайды, кейін диктордың дыбыстау ерекшелігіне сүйене отырып өз қателерін байқап, түзетеді.
Сөйлеуді дамытудың маңызды құралының бірі — диалог. Диалог — сөйлесудің ең негізгі түрі. Қарым-қатынас амандасудан басталады, мұғалім сабаққа кірген сәттен-ақ оқушылармен диалогқа түседі. Белгілі бір тақырыпқа тапсырма беру арқылы сұхбат құруға болады.
Диалогтік жұмысты кезең-кезеңімен ұйымдастыру:
- Диалогпен танысу
- Диалогты жаттау
- Диалогты қойылымға айналдыру (сөйлесімді әрекетті сахналық әрекетпен ұштастыру)
Мақсатты ұйымдастырылған жағдаяттар арқылы ауызекі сөйлеуге үйрету — оқушылардың қызығушылығын арттырады. Диалогтік сөйлеу коммуникативтік оқытудың негізгі ұстанымдарына сай келеді: қатысым жауап алмасу арқылы ғана жүзеге асады.
4) Жазылымды оқыту: сауаттылық, есте сақтау, пернетақта
Жазылымға арналған тапсырмалар сауатты жазу дағдысын қалыптастырып, есте сақтау қабілетін дамытады және пернетақтаны меңгеруге көмектеседі. Бұл жұмыс түрі бір мезетте үш әрекетті біріктіреді:
- тыңдау;
- сауатты жазу;
- әріптерді теру.
Коммуникативтік сөйлеу әрекетінің кез келген түрі лексикалық-грамматикалық дайындық деңгейіне сүйенеді. Белсенді сөйлеуді ұйымдастыруда ауызекі жауаптасу мен мәтін бойынша жұмыс негізгі құрал саналады. Сонымен бірге компьютер, аудио-визуалды құралдар арқылы оқушы белсенді коммуникацияға түсе алады.
5) Грамматика және тұрақты тілдік бірліктер
Ауызекі сөйлеуді қалыптастыруда сөздер мен сөз тіркестерінің қолданысын, сөйлем құрастыруды, тұрақты тіркестерді пайдалануды, сұрақ қоюдың барлық түрлерін меңгерту тиімді.
Оқушылардың сөйлеу дағдылары мына құрамдастардан тұрады: сұраққа қысқа және толық жауап бере алу, оқығанын ауызша және жазбаша мазмұндау, шығарма жазу, хат жазу.
Ағылшын тілін оқытуда ең алдымен тәжірибелік мақсат қойылады: сөздік қорды байыту, сауатты жазуға үйрету, сөйлесуге, көргені мен естігенін әңгімелеп беруге дағдыландыру.
Компьютерлік оқыту бағдарламаларының көбі грамматикалық жұмысты да қамтып, белгілі бір құрылымға арналған жаттығулар кешенін ұсынады.
Үш тұғырлы тіл және тіл мәдениеті
Қазіргі таңда еліміздің басшысы Н. Ә. Назарбаев ұсынған «үш тұғырлы тіл» идеясында: қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — қарым-қатынас тілі, ағылшын тілі — халықаралық тіл ретінде меңгерілуі қажет деген мақсат қойылған.
Қай тілді меңгерсек те, оны әдемі, таза, шебер сөйлей білу маңызды. Ал мақал-мәтелдер — кез келген тілдің көркемдігін, нақышын танытатын құнарлы қабаты. Сондықтан шет тілінде сөйлей білумен қатар, сол тілде көркем әрі орынды сөйлеуге де ұмтылу керек.
Сабақтағы тиімді тәсіл: мақал-мәтел арқылы грамматиканы бекіту
Белгілі бір грамматикалық тақырыпты өткенде, жаттығулармен қатар үй тапсырмасы ретінде мақал-мәтел беріп, одан өтілген құрылымды тауып қолдануын түсіндіру, қазақша және орысша аудармасын жасату — грамматиканы бекітеді, ізденіске жетелейді әрі тәрбиелік мән береді.
Мысалдар
The plural of nouns
- So many countries, so many customs. Что ни город, то народ. Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа.
- Many words cut more than swords. Злые языки — острый меч. Сөз сүйектен өтеді.
Modal verb “Can”
I love learning English, I can read, I can write, I can speak English too.
I love learning English.
And what about you?
Шет тілін оқыту үдерісін жандандыру, тіл дамыту жаттығуларын жүйелі қолдану және жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу — бүгінгі күннің талабы. Мақсат — рухани дүниесі бай, озық ойлы, өмірге ғылыми көзқарасы қалыптасқан тұлға тәрбиелеу.
Компьютердің білім берудегі артықшылықтары
Компьютердің білім беру құралы ретінде кең таралуының негізгі алғышарттарын ғалымдар төмендегідей жүйелейді:
1) Ақпарат әлеміне ену және талдау
Компьютер шексіз ақпарат кеңістігіне еніп, мәліметті жүйелі түрде талдауға және сараптауға мүмкіндік береді. Ақпаратты алудың жоғары жылдамдығы ақпараттық мәдениеттің тұрақты өсуіне ықпал етеді.
2) Әмбебап танымдық құрал
Компьютер адамның зерттеу-танымдық әрекетінде әмбебап құрал ретінде ерекшеленеді.
3) Қатысымдық мүмкіндіктер
Өзге құралдардан айырмасы — компьютер қатысымдық құрал бола алады: мәтін оқу, сұхбат құру, жазу, тыңдау сияқты әрекеттердің барлығын іске асыруға мүмкіндік береді. Тіл үйренуде бұл — аса маңызды артықшылық.
4) Нәтижені айқын көрсету
Оқушы өз әрекетінің нәтижесін анық көріп, дұрыс шешім қабылдауға бағытталған жеке тәсілдерін және стратегиясын қалыптастырады.
5) Жаттығуларды аз уақытта кешенді орындау
Компьютер көмегімен жаттығулардың кешенді түрлерін қысқа уақытта орындауға болады. Ағылшын тілі сабағында компьютерді қолдану мәтін мен ақпаратты меңгеруге жол ашады. Тіпті үлгерімі төмен оқушылардың өзі компьютермен жұмысқа қызығады: кей жағдайда компьютер түсінбеген тұсын көрсетіп, көмек береді.
Қазақстанда ағылшын тілін жаңа технологиялар арқылы оқыту күннен-күнге өзектілігін арттырып келеді. АКТ арқылы оқыту — тіл үйренушінің өз бетімен білім алу қабілетін жетілдіретін тиімді жүйе.
Сонымен қатар оқушылардың интеллектуалдық, шығармашылық және коммуникативтік мүмкіндіктері дамып, оқу белсенділігі артады. Сабақтың негізгі кезеңдерінің бәрінде де шығармашылық тапсырмалар ұсынуға болады.
Тәрбиелік мазмұн және пәндер арасындағы байланыс
Қазіргі заманда ғылымсыз жан-жақты дамыған өркениетті елдер қатарына қосылу қиын. Бұл міндетті шешуде мектеп мұғалімдерінің заманауи, мазмұнды сабақтары шешуші күшке айналып отыр.
Әр баланың азды-көпті өмірлік тәжірибесі болады. Сол тәжірибені анықтап, баланың білімін өмірмен байланыстыра отырып туған жерін сүюге, қадірлеуге баулыса, әр оқушының ынтасы оянады.
Туған жер, әсемдік және қоршаған орта
Қоршаған орта, әсемдік, туған жер туралы тек география сабағында ғана емес, басқа пәндерде де үнемі сөз қозғау маңызды. Кей тақырыпқа байланысты 1–2 сабақты табиғат аясында өткізу де өте тиімді болар еді: бала табиғаттың көркемдігін көре білуге, сұлулықты қорғауға үйренеді.
Мұнда мұғалімнің рөлі — күштеп емес, жүрекке жеткізе отырып бағыт көрсету, меңзеу.
Пән мұғалімдері арасында үзілмейтін байланыс болғаны дұрыс. Мысалы, қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі мұғалімдері бір тақырыпты бір уақытта бастап, атауларды оқушыға үш тілде меңгертсе, сол негізде сөз тіркесі, сөйлем, қысқа әңгіме құрастыруға жетелесе — бір оқу жылы ішінде айтарлықтай нәтижеге жетуге болады.
Әрине, мұның бәрін байланыстыру мен жүйелеу оңай емес. Дегенмен белгілі бір нәтижеге жету үшін, үштілділіктің шынайы мазмұнын қалыптастыру үшін мұндай қадамның пайдасы зор.
Қорытынды: мұғалімнің орны және жауапкершілік
Үш тілді меңгеру — қазіргі заман талабы. Өркениет көшінен қалмай, соған сай қадам жасап, сапалы білім алуға үлес қосуымыз керек. Экономикадағы табыстардың мамандардың білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты екенін жақсы білеміз. Сондықтан тек Қазақстан ішінде ғана емес, әлем деңгейінде бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандарын даярлау — ортақ міндет.
Қазіргі заман сабағы мұғалімсіз болмайды. Ұлы ағартушы Ы. Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені жақсы мұғалім — мектептің жүрегі», — деген. Ендеше мектептің жүрегі болумен қатар, жаңа егемен еліміздің ұрпағын білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбие мен сапалы білім беретін білікті ұстаз болуға ұмтылайық.
Әдебиеттер
- «Білім туралы» заң. Алматы, 2007 ж.
- А. Иманбаева. «Оқу-тәрбие үдерісін ақпараттандырудың ділгірлігі». Қазақстан мектебі, №2, 2000.
- «Ағылшын тілі мектепте» журналы. 2009 №5; 2010 №1.