Тәуелсіздігіміз баянды болсын, ағайын

Тәрбие сағаты

Тақырыбы: «Мен — Тәуелсіз Қазақстанның азаматымын!»

Мақсаты

  • Оқушыларды Отанды сүюге, мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге баулу, туған жерге сүйіспеншілігін ояту.
  • Елін, жерін, тілін, тарихын құрметтейтін, жаны таза, адамгершілігі мол азамат қалыптастыру.
  • 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын негізге ала отырып, патриоттық тәрбие беру.

Көрнекіліктер

  • ҚР рәміздері, Ата заң, тақырыптық суреттер, шарлар.
  • «Тәуелсіздік шежіресі», «Алматы 1986. Желтоқсан» кітаптары, «Тәуелсіздік хроникасы» жинағы.
  • Қанатты сөздер жазылған плакаттар.

Плакаттағы ұрандар

  1. 1 «Мәңгілік мақтан, дауылпаз дастан — Қазақстан!»
  2. 2 «Жасай бер, жаса, Тәуелсіз ел — Қазақстан!»
  3. 3 «Тәуелсіздікке 25 жыл!»
  4. 4 «Мен — Тәуелсіз Қазақстанның азаматымын!»

Кіріспе ой

Қай халық, қандай ұлт болмасын, еркіндікті аңсайды. Әр ел өзінің егемен, тәуелсіз болғанын қалайды. Бүгінгі Тәуелсіздік күніне орай өткізілетін «Мен — Тәуелсіз Қазақстанның азаматымын!» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!

Тәуелсіздігіміз баянды болсын, ағайын!

«Жылулық шеңбері»

Көркейген, гүлденген туған ел,
Тәуелсіз күн туды, кенеле бер.
Мерейің құтты болсын, Тәуелсіздік,
Ғасырдың тойы болшы, келе бер!

Сұрақ

Өлең не туралы?

Жауап: Тәуелсіз еліміз туралы.

Сұрақ

Елімізге қандай тілек айтар едіңдер?

Жауап: Еліміз тыныш болсын! Соғыс болмасын!

Рәсім

ҚР Әнұраны орындалады.

Тарихқа тағзым

1986 жылғы 16 желтоқсан — қазақтың санасын сілкіндірген Желтоқсан ызғары. Ол жылдар бойы азаттыққа ұмтылыстың, тәуелсіздіктің қайнар көзіне айналды.

Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы тәуелсіз, егемен ел атанды. Еліміз жыл сайын өркендеп, өсіп-өнуде. Бұл сабақта тәуелсіздікке 25 жыл толуы да атап өтіледі.

Оқушылардың өлеңдері

Рамазан

Жиналыппыз сәтті күні бәріміз,
Үлкен-кіші, жасымыз да кәріміз.
Мерекесін Отанымның бүгін біз
Есік ашып, шашу шашып
Қарсы алайық бәріміз!

Балнұр

Он алтыншы желтоқсан —
Тәуелсіздік алған күн.
Күннен-күнге ерекше боп,
Мәңгілік ел жадында қалған күн.

Жаннұр

Он алтыншы желтоқсан —
Елдің ұлы мейрамы.
Жаңа шыққан көктемдей,
Жаз күніндей жайдары.

«Отан» ұғымы

Көп ауыздан түспейтін, Отан деген немене?
Оның тұлға, түс-кейпін, достым, білгің келе ме?

Айбұлан

Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен —
Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.

Қаламқас

Отан дейміз кең-байтақ астананы,
Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады.

Жанар

Отан — тарих, Отан — тіл,
Жасаған елің, өз халқың.
Отан — өлең, Отан — жыр,
Көтерген көкке ел даңқын.

Амина

Отан — сенің ата-анаң,
Отан — досың, бауырың.
Отан — өлкең, астанаң,
Отан — аудан, ауылың.

Мерей

Отан — осы, достарым,
Көңілге мұны түйе біл!
Отан деп өс, жас қауым,
Оны ардақтап, сүйе біл!

Данияр

Бізбен бірге бар әлем
Қуанады балаша.
Қуанышқа бөленген
Өмір қандай тамаша!

Мақал-мәтелдер

Рамазан

Туған жердей жер болмас. Туған елдей ел болмас.

Айдана

Отан отбасынан басталады.

Жанар

Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.

Мерей

Отан — оттан да ыстық.

Отан — адамның туып-өскен жері, туған-туыстарымен, жақындарымен бірге тұратын мекені. Енді Тәуелсіз Отанымызға құрмет көрсетіп, «Атамекен» әнін орындаймыз.

Хор: «Атамекен»

Мемлекеттік рәміздер

Балалар Қазақстан Республикасының рәміздерін атап, тақтадан көрсетеді.

Айдана

Елтаңбасы елімнің —
Неткен әйбәт, әдемі.
Танығандай көңілді,
Ортада аспан әлемі.

Балнұр

Құт-береке шаңырақ
Орын алған ол төрден.
Қанаты қос арғымақ
Екі жақтан көмкерген.

Рамазан

Қазақстан елімнің
Жеке-дербес туы бар.
Елдің ашық көңілі
Сол туынан көрінер.

Астана туралы әңгіме және топтық жұмыс

Сұрақ-жауап

Біздің Отанымыз қалай аталады?
Қазақстан Республикасы.
Еліміздің астанасы қай қала?
Астана.
Астанада қандай көрікті ғимараттар бар?
Хан Шатыр, Бәйтерек және тағы басқа нысандар.

Топтық жұмыс

Плакатпен жұмыс: «Астана қаласын құрастырайық».

«Кім тапқыр?» ойыны

  1. Біз қандай мемлекетте тұрамыз?
  2. Қандай мерекені атап өтіп жатырмыз?
  3. Елбасымыз кім?
  4. Қазақстан Республикасының рәміздерін ата.

Қорытынды ой

Бүгін сендер өздеріңнің Тәуелсіз еліміздің болашағы екенін, нағыз азамат болуға лайық екендеріңді көрсете білдіңдер.

Ж. Молдағалиев

Өткеніңді еске алсаң — өскеніңнің белгісі.
Өткеніңді ұмытсаң — өшкеніңнің белгісі.

Сондықтан халқымыздың бүгінге дейін жеткен жетістіктері — сендерге аманат. Еліміздің егемендігін айқындайтын ресми белгілерді — ана тілімізді, Елтаңбамызды, Туымызды, Ата заңымызды, Әнұранымызды — бойтұмардай сақтап, әрдайым ел еркіндігін қорғайтын мықты ұрпақ болуларыңа сенім мол.

Жолдарың ашық, жарқын болсын, Тәуелсіз елдің азаматтары!

Қорытынды бөлім

Би: «Қара жорға».