Сұрақты аяғына дейін оқымау

География сабағында әдіс таңдаудың маңызы

География — ең қызықты пәндердің бірі; ол оқушылардың белсенділігін арттыруға және танымдық қабілетін дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Алайда әр сыныптың танымдық қызығушылығы, тәжірибесі және даму деңгейі әртүрлі. Сондықтан қолданылатын әдіс пен тәсілдер де оқушылардың танымдық қызметінің нақты деңгейіне сай таңдалуы қажет.

Оқушылардың білім, білік, дағдыларын (ББД) дамыту үшін ең тиімді жол — мақсатқа сәйкес келетін оқыту әдісін дұрыс таңдау және оны жүйелі қолдану.

Тестілеу неге кең қолданылады?

Қазіргі уақытта білім сапасын бақылаудың көптеген әдістері бар. Соның ішінде білімді шұғыл әрі жылдам тексеру қажет болғанда тестілеу жиі қолданылады. Себебі тест технологиясы оқушылардың дайындық деңгейін қысқа уақытта салыстырмалы түрде сенімді анықтауға мүмкіндік береді.

Жедел кері байланыс

Нәтиже бірден көрінеді, мұғалім де, оқушы да қай тұста қате кеткенін жылдам түсінеді.

Объективтілікке ұмтылыс

Бағалау стандартты ережелерге сүйенгендіктен, субъективті фактор азаяды.

Көп тақырыпты қамту

Тестте курстың әр бөлімінен тапсырма беруге болады, бұл жалпы дайындықты көруге көмектеседі.

Статистиканы жинау ыңғайлы

Қателер жиілігін, меңгеру пайызын, тақырыптық әлсіз тұстарды дерек арқылы талдауға болады.

Тест ұғымы және анықтамалары

Тест (ағылш. test) — сынау, тексеру, талдау. Психология мен педагогикада тест — сыналушының білімін, біліктілігін, дағдысын, сондай-ақ психофизиологиялық және тұлғалық ерекшеліктерін стандартталған тапсырмаларды орындау нәтижесі бойынша өлшеу құралы.

Педагогикалық тест — белгілі мазмұны бар, ерекше формада берілген тапсырмалар жүйесі. Ол белгілі бір пән бойынша білімнің құрамы мен құрылымын анықтауға бағытталады.

Тесттің басты артықшылықтары

  • объективтілік;
  • сенімділік;
  • көпнұсқалылық (бірнеше вариант).

Бірнеше нұсқаның болуы тексерудің тиімділігін арттырады: тапсырмалардың бәрін жаттап алу немесе көшіріп алу мүмкіндігі төмендейді.

Тестілеудің қысқаша тарихы

Тестік бақылаудың бастауы ерте заманнан белгілі. Б.з.д. III ғасырда Ежелгі Вавилонда мектеп оқушыларының жазу дағдысын тексеру үшін алғашқы емтихандар жүргізілген. Бұл кезеңнен өткен оқушылар келесі кезеңге — әңгімелесуге шақырылған.

Ұқсас сынақтар Ежелгі Грекияда, соның ішінде Спартада да болған. Қытайдағы чань-буддизм мектептерінде жұмбақтар, ребустар, психологиялық жағдайлар арқылы сынау кең қолданылып, жылдам жауап беруге мән берілген.

Оқушылардың білімін тексеру мақсатында тестті алғаш қолданғандардың бірі — ағылшын педагогы Дж. Фишер (1864). XIX ғасырда білім беру жүйесінде көптеген өзгерістер орын алып, тестік бақылау дамыды.

Тестік бақылаудың негізін қалаушылардың бірі — ағылшын ғалымы Френсис Гальтон. Ол 1884–1885 жылдары 5 пен 80 жас аралығындағы адамдар қатысқан зерттеулер жүргізіп, нәтижені өңдеуге арналған бақылау жүйесін ұсынды.

«Тест» терминінің кең таралуына американдық психолог Дж. Кеттелдің «Интеллектуалдық тестілер мен өлшемдер» мақаласы ықпал етті. Ал білім беру жүйесінде тестілерді кең қолдануға француз психологы А. Бине (1904) дайындаған сериялар маңызды үлес қосты. Кейін АҚШ-та (Стенфорд университетінде) осы әдістеме негізінде IQ коэффициенті ұсынылды; 1986 жылғы редакциясы бүгінге дейін қолданылады.

Жалпы білімді тест арқылы бағалау жүйесі Англия мен АҚШ-та жақсы дамыған. Соңғы жылдары тесттік әдіс оқу-білім ұйымдарында кеңінен қолданылып келеді.

Тест технологиясының білім сапасына әсері

  • оқыту нәтижесін объективті түрде алуға мүмкіндік (адам факторын азайту);
  • кері байланыстың жеделдеуі;
  • бақылау әдістерінің көптүрлілігі;
  • оқыту нәтижесіне қатысты статистиканы алудың ыңғайлылығы.

Қолданылатын бақылау түрлерінің мысалдары

Диктант
Өздік жұмыс
Бақылау жұмысы
Фронтальды ауызша сұрау
Жаттықтыру жұмыстары
Сынақ жұмысы
Карточкамен жеке-дара сұрау
Қалып қойған жерді толтыру
Жағдай-көріністі салыстыру
Ұғымды анықтау
Тізбектілікті құру
Модельдерді құрастыру

Педагогикалық тесттің қызметтері

Жалпы педагогикада тестік бақылау бір-бірімен тығыз байланысты үш қызмет атқарады: диагностикалық, оқыту және тәрбиелік.

Диагностикалық

Оқушының білім деңгейін, тақырыпты қаншалықты меңгергенін анықтайды. Объективтілігі, ауқымы және жылдамдығы жағынан басқа бақылау үлгілерінен басым.

Оқыту

Оқу материалын меңгеруге ынталандырады. Талдау, қосымша сұрақтар, қайталау және өзіндік жұмысқа бағыт беру арқылы әсер етеді.

Тәрбиелік

Уақытты тиімді жоспарлау, зейін, есте сақтау, жауапкершілік дағдыларын қалыптастырады. Оқушы өзін-өзі бағалауға үйренеді.

Артықшылықтары мен кемшіліктері

Тестілеудің артықшылықтары

  • бағалау стандарты сақталады, объективтілік күшейеді;
  • барлық оқушы үшін жағдай бірдей, мұғалім субъективтілігі азаяды;
  • курстың көп тақырыбы қамтылады;
  • нәтиже нақтырақ: сұрақ санына пропорционал өлшем қалыптасады;
  • уақыт үнемделеді, екіжақты байланыс жеделдейді;
  • бір уақытта бүкіл сыныпты тексеруге мүмкіндік береді;
  • экономикалық тұрғыдан тиімді (уақыт, тексеруші ресурсы).

Тестілеудің кемшіліктері

  • сұрақтарды құрастыру және топтастыру уақыт алады;
  • барлық пән бойынша сапалы стандартты тест әрдайым қолжетімді емес;
  • қате себебін толық ашпайды: «қай тақырыпта қате барын» көрсеткенмен, «неге» екенін әрдайым дәл анықтамайды;
  • шығармашылық, продуктивті, әдістемелік деңгейдегі күрделі дағдыны өлшеуі шектеулі болуы мүмкін;
  • сұрақ көп болса, уақыт тапшылығы мен асығыстық қателікке әкеледі;
  • кездейсоқтық ықпалы бар (жеңіл сұрақта қате, күрделісінде дұрыс жауап беруі мүмкін);
  • сұрақты аяғына дейін оқымау сияқты факторлар нәтиженің бұрмалануына әсер етеді.

Тест тапсырмасына қойылатын негізгі талаптар

  • тест жұмысын орындауға нақты уақыт шектеуінің болуы;
  • тапсырманы орындау нұсқаулығының түсінікті әрі айқын берілуі.

Мектепте қолданылатын тест түрлері

Мектеп тәжірибесінде білімді бекіту, қайталау, жүйелеу және бақылау мақсатында әртүрлі тест түрлері пайдаланылады.

1) Толықтыру тесті

Тапсырма сөйлем түрінде беріледі; сөйлемдегі кей сөздің орнына көп нүкте қойылады (сан, формула, сөз т.б.). Жауап қысқа, нақты, бірмәнді болуы тиіс.

2) Таңдамалы тест

Тапсырмамен бірге дұрыс және қате жауап нұсқалары ұсынылады. Әдетте нұсқа саны төрттен кем болмағаны жөн.

3) Еске түсіру тесті

Сұрақ нақты қойылады, жауап бірмәнді болады. Жауап сөз, сан, формула түрінде берілуі мүмкін.

4) Сәйкестендіру (салыстыру) тесті

Мағынасы байланысты екі баған беріледі, элементтер әртүрлі ретпен орналасады. Бірінші бағанда тұжырым, екінші бағанда сәйкес сөз/белгі/сызба болады. Тұжырым 5–15 болса, екінші бағандағы нұсқалар 2–3-ке артық болғаны тиімді.

5) Реттік тест (ранжирлеу)

Құбылыс, шама, формула сияқты объектілер белгілі бір реттілікпен орналастырылады. Тапсырма саны шамамен 10 болғаны қолайлы.

6) Аралас тест

Бір жұмыста бірнеше тест түрі қатар қолданылады (мысалы, толықтыру + таңдамалы).

7) Құрамалау (комбинацияланған) тест

Бірнеше пән мазмұны өзара кіріктіріліп беріледі.

8) Баламалы (альтернативті) тест

Жауапты «аңғартып қоятын» сөздерден аулақ болған жөн. Сөйлем қысқа, мазмұнды, бірмәнді беріледі. Жауап «дұрыс/дұрыс емес», «иә/жоқ» немесе +/− түрінде белгіленеді. Бұл үлгіні графикалық диктант форматында қолдануға болады.

Тест формалары

  1. 1.Бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тапсырмалар
  2. 2.Бірнеше дұрыс жауапты таңдауға арналған тапсырмалар
  3. 3.Сәйкестік орнату тапсырмалары
  4. 4.Жауапты тіркеуді талап ететін тапсырмалар (толықтырып жазу)
  5. 5.Логикалық және алгоритмдік реттілікті құру тапсырмалары

Оқыту тесті және бақылау тесті

Оқыту тесті

Мақсаты — белгілі бір модульді немесе тақырыпты меңгерту. Бұл кезеңде мұғалім бағыттаушы рөл атқарады: сұрақ қою, жауап алу, есте сақтауды ұйымдастыру, жазып алу, үйде ауызша қайталау, кейін қайта сұрақ-жауап арқылы тексеру сияқты жұмыстар жүргізіледі.

Бақылау тесті

Тақырып немесе тарау толық өткеннен кейін жүргізіледі. Мақсаты — оқушылардың меңгеру деңгейін анықтау және нәтижені нақтылау.

Тәжірибеден алынған мысал

9-сыныпта география пәнінен ОЖСБ-ға дайындық кезінде бір жолы оқыту тестін жүргізбей, бірден бақылау тестін алдым: 12 оқушының нәтижесі 54% болды. Келесі жолы алдымен оқыту тестін өткізіп, тақырыпты меңгерткеннен кейін бақылау тестін қайта алғанымда, нәтиже 98%-ға жетті.

Әр модуль немесе тарау сайын жүйелі тест алу оқушылардың сабаққа тұрақты дайындалуын тәртіпке келтіреді.

Түзету жұмысы: нәтижені жақсартудың міндетті кезеңі

Әр тесттен кейін түзету жұмысын жүргізу қажет. Оқушы арнайы дәптерге қате кеткен сұрақтарды белгілеп, дұрыс жауапты сыныппен талдайды, ал мұғалім түсіндіріп толықтырады. Соңында дұрыс жауап жазылады.

Түзету жұмысы барысында оқушылардың терминдердің нақты баламасын кейде білмейтіні, сондай-ақ қарапайым сұрақтарға жеткілікті зейін бөлмейтіні анықталды. Бұл мәселені шешу үшін шамамен 100-ге жуық терминді жазып, жаттап, кейін тексеру ұйымдастырылды.

Өзін-өзі бақылауды қалыптастыру

Тест тапсырмаларын тек мұғалімнің бақылауы ретінде ғана емес, оқу үрдісінде оқушының өзін-өзі бақылауын ұйымдастыру құралы ретінде де қолдануға болады. Бұл оқушыға өз деңгейін бағалауға, тақырып бойынша білімін өздігінен тексеруге және өзін-өзі бақылау дағдысын дамытуға көмектеседі.

Нәтижені статистикалық өңдеу

Әр тест өткізілгеннен кейін нәтижені статистикалық өңдеу маңызды. Бұл қателерді жүйелі көруге, әлсіз тұстарды дәл анықтауға және келесі сабақ жоспарын түзетуге мүмкіндік береді.

Меңгеру пайызын есептеу

Әр сұрақ бойынша меңгеру пайызын келесі формуламен анықтауға болады:

K = (N / n) × 100%

  • K — меңгеру пайызы
  • N — дұрыс жауаптар саны
  • n — тест тапсырған оқушылар саны

Жоғары сыныптарда тесті қолданудан күтілетін нәтижелер

  1. 1. Сабаққа деген ынта мен қызығушылық артады.
  2. 2. Білімді өз бетімен алу жолдарын үйренеді.
  3. 3. Танымдық іс-әрекет, ойлау белсенділігі, тапқырлық және тез шешім қабылдау дағдылары дамиды.