Жыл мезгілдері. Сабақтың тақырыбы

Сабақ жоспары: «Жыл мезгілдері» (3-сынып)

Бұл жоспар 3-сынып оқушыларына арналған «Жыл мезгілдері» тақырыбын бекітуге және жүйелеуге бағытталған. Сабақта сұрақ-жауап, ойын, «саяхат» әдісі, сөз тіркесі мен сөйлем құрау жұмыстары қолданылады.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап, ойын, саяхат, сөз тіркесі және сөйлем құрау.

Көрнекіліктер

Интерактивті тақта, кестелер, суреттер.

Негізгі идея

Жыл мезгілдерін ажырату, сөздерді дұрыс қолдану, сауатты жазу.

Сабақтың мақсаттары

Білімділік: тақырып бойынша түсінікті тереңдету; жыл мезгілдерін бір-бірінен ажырата білу; сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс қолдану.

Тәрбиелік: тілді құрметтеуге, сауатты әрі көркем жазуға тәрбиелеу.

Дамытушылық: оқушылардың сөздік қорын және жылдам ойлау қабілетін дамыту.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу

Сабаққа көңіл күй қалыптастыру.

Кезекшімен сұхбат

  • Кім кезекші?
  • Атың кім?
  • Бүгін нешесі?
  • Сабақта кім жоқ?

II. Үй тапсырмасын тексеру

Слайд арқылы сұрақтар қойылады, ережелер еске түсіріледі.

  1. 1. Сұраулы шылау деген не?
  2. 2. Көптік жалғау деген не? (ережесін қайталау)

III. Жаңа сабақ

1) Тақырып пен мақсат

Жыл мезгілдері туралы білімді жалғастыру, мезгілдерді ажырата білу және таныс сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс қолдану.

2) Жетелеуші сұрақтар (слайд)

  1. 1.Жыл мезгілдері деген не?
  2. 2.Бір жылда неше мезгіл бар?
  3. 3.Қандай мезгілдерді атай аласыңдар?
  4. 4.Әр мезгілдің айларын атап беріңдер.

3) Аңыз арқылы түсіндіру

Оқушылар интерактивті тақтадан жыл мезгілдерінің пайда болуы туралы аңызды тыңдайды.

Ерте, ерте, ертеде атақты Жыл атасының Қыс пен Күз атты екі ұлы, Көктем мен Жаз атты екі қызы болыпты. Балалары ер жеткен соң, Жыл атасы оларды жинап: «Балаларым, сендер үлкен азамат болдыңдар. Енді барып халыққа қызмет етіңдер. Төрт мезгілді үш-үштен бөліп алып, кезекпен үш айдан өз міндеттеріңді атқарыңдар. Бірақ әрқашан халық үшін, адам үшін жұмыс істейтіндеріңді ұмытпаңдар», — депті. Осылайша әрқайсысы үш айдан тұратын төрт жыл мезгілі пайда болыпты.

4) Өлеңдер мен тақпақтар

Оқушылар жыл мезгілдеріне байланысты білетін тақпақтарын айтып береді.

IV. «Жыл мезгілдеріне саяхат»

Мұғалім: «Қазір біз Жыл мезгілдері еліне саяхатқа барамыз. Әр мезгіл сендерге арнайы тапсырмалар дайындады».

Дәптермен жұмыс

Дәптерлеріңді ашып, бүгінгі күнді жазыңдар.

А) Қыс

1) Сөздік жұмыс

Қыс туралы қандай сөздерді білесіңдер? Мысал келтіріңдер.

2) Мәтінмен жұмыс

  • Мәтінді мәнерлеп оқу.
  • Мәтінді аудару.

Мәтін:

Бір жылда он екі ай, төрт мезгіл бар. Олар: қыс, көктем, жаз, күз. Әр жыл мезгілінде үш ай бар. Қыста қар жауып, аяз болады. Балалар шана, шаңғы тебеді. Көктемде қар еріп, күн жылынады. Гүлдер гүлдейді. Жазда күн ыстық болады. Біз жазғы демалысқа шығамыз. Күзде көкөніс, жеміс, жидек піседі.

Ә) Көктем

1) «Адасқан әріптер» ойыны (кестемен жұмыс)

З, А, Қ, А, Н ҚАЗАН
Р, К, Ү, Қ, Ы, Й, К, Е ҚЫРКҮЙЕК
Л, Е, Ж, С, А, Н, Т, О, Қ ЖЕЛТОҚСАН
У, А, Р, З, Ы, Н НАУРЫЗ
Д, Е, Л, І, Ш ШІЛДЕ

2) Сұраулы шылауларды қою

Тақтадағы суреттерге сәйкес сұраулы шылауларды қойыңдар (слайд). Содан кейін дәптерге жазыңдар.

Ата ма? Бала ма? Гүл ме? Қоян ба? Орындық па? Телефон ба?

Сергіту сәті

Бір, екі, үш,
Бір, екі, үш,
Ал, кәнекей, ұш.

Төрт, бес, алты, жеті,
Төрт, бес, алты, жеті,
Мынау ауыл шеті.

Сегіз, тоғыз, он,
Сегіз, тоғыз, он,
Ал, кәнекей, қон.

Асықпа да саспа,
Бірден қайта баста.

Б) Жаз

1) Көптік жалғауларын қою

Тақтадағы сөздерге лайықты көптік жалғауын жалғаңдар.

қолғап етік тон шана шаңғы алмұрт құлақшын гүл

2) «Артық сөзді тап» ойыны (кестемен жұмыс)

Дәптер, кітап, қалам, сөмке, алма

Қияр, орамжапырақ, тақта, сәбіз

Май, шай, етік, нан, қант

Әже, ата, әке, шана, әпке

В) Күз

1) Сөйлемдерді сәйкестендіру

Сәйкестендіріп, дұрыс сөйлем құраңдар.

Қыста — қар жауады.

Көктемде — бәйшешек гүлдейді.

Жазда — күн ыстық болады.

Күзде — жаңбыр жауады.

2) Сөзжұмбақты шешу

Кестедегі әріптерден сөздерді тауып, сөзжұмбақты шешіңдер.

К Н А У Р Ы З Ө Д Қ Ұ С Ь Ш К Г Ш Ы Р Ш А Т О А Қ П А Н Е К Ү З І Ж А М А М Ы Р В Х

Шешуі: көктем, наурыз, құс, шырша, шана, мамыр, ақпан, күз.

V. Қорытынды

Тақтаға төрт жыл мезгілінің суреті бар плакат ілінеді. Оқушылар берілген сөздерді тиісті мезгілге дұрыс орналастырады.

Берілген сөздер

шана шаңғы гүл аққала наурыз шілде көйлек жаңбыр мамыр алма ыстық суық аяз етік тон құлақшын қолғап маусым туфли қар ақпан

VI. Бағалау

Оқушылардың жауаптары мен тапсырмаларды орындауына қарай бағалау жүргізіледі.

VII. Үй тапсырмасы

114–115-беттерді оқу.