Сөз әділ қазыларда
Сыныптан тыс іс-шара
«Тіл білгірі» сайысы
Мемлекеттік тілді құрметтеу, сөз мәдениетін ұштау және оқушылардың тілдік қорын байытуға бағытталған танымдық сайыс.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Құрметті оқушылар мен ұстаздар! «Тіл білгірі» сайысына қош келдіңіздер! Қазақстанның мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, мемлекеттік тіл қоғамды біріктіретін негізгі құндылықтардың бірі. Тіл — жеке адамның туындысы емес, қоғамның жемісі, адамдар арасындағы қарым-қатынастың басты құралы.
Сондықтан тіл мәртебесін көтеріп, оны дамытатын — білімді ұрпақ. Бүгінгі сайыста ана тіліміздің қаншалықты көркем әрі құдіретті екенін дәлелдеуге барлығымыз белсене қатысайық. Баршаңызға сәттілік тілеймін!
Сайыс кезеңдері
1) Таныстыру
Әр сайыскер өзін таныстырады. Әділқазылар баға береді.
2) «Жүйрік болсаң шауып көр»
Берілген сөздер арқылы мақал құрастыру және мағынасын түсіндіру.
3) «Тапқыр болсаң тауып көр»
Тұрақты тіркестердің мағынасын ашып, дәл баламасын табу.
4) «Ұйқасын тап»
Берілген тармаққа ұйқас құрап, Отан, ел, туған жер тақырыбында өлең шығару.
5) «Сөз тапқанға қолқа жоқ»
Тез әрі нақты жауап талап етіледі: берілген әріптен басталатындай етіп сұрақтарға жауап беру.
Жүргізушінің жыр жолдары
Ғылымның сырын ұғына,
Шығыңдар білім шыңына.
Ұқыптылық пен зеректік,
Жеткізер сіздердей өренді
Жеңістің мынау шыңына.
Сайыскерлерге сәт-сапар тілейміз, таныстыру кезеңі басталады.
«Жүйрік болсаң шауып көр»: мақал-мәтел құрастыру
Қазақ халқы — сөз қадірін білген, өнегелі ойды мақал-мәтелмен өрнектеп, терең мағыналы сөзбен зерлеген халық. Бұл кезеңде берілген сөздерге сүйеніп мақал құрастырып, мағынасын түсіндіреміз.
1) Білім, ақыл
«Білім тозбайды, ақыл азбайды»
2) Тіл, бас
«Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады»
3) Еңбек, қарын
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»
4) Батыр, қоян
«Батырды намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді»
5) Алтын, көмір
«Аз сөз — алтын, көп сөз — көмір»
6) Кітап, білім
«Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы»
7) Жаңбыр, батыр
«Жаңбыр жауса — жер ырысы, батыр туса — ел ырысы»
8) Дос, ақыл
«Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды»
Ескерту
Әділқазылар осы кезең бойынша бағаларын береді.
«Тапқыр болсаң тауып көр»: мағына табу
Көп жасаған қария — ақылы теңіз-дария. Көп өнеге сөзі бар, әрбір сөзі салмақты. Сол сөздердің мәнін ұғып, тұрақты тіркестердің мағынасын дәл табайық.
Жігері құм болды
Дәрменсіз күйге түсті.
Төбе шашы тік тұрды
Қатты қорықты.
Қой аузынан шөп алмайды
Өте жуас.
Ширағына келмеді
Теңесе алмады.
Зағип
Соқыр.
Пышақ үстінде
Қолма-қол, дереу.
Құралайды көзге атқан
Мерген.
Сілесі қатты
Қатты шаршады.
Қыршынынан қиылу
Жастай қайтыс болу.
Қозы көш жер
2–3 шақырым шамасында.
Қорытынды
Осы кезеңнің нәтижесін әділқазылар қорытындылайды.
«Ұйқасын тап»: өлең құрастыру
Өлеңнің соңғы жолдары беріледі. Сол құрылымды сақтап, ұйқас құрастырамыз. Тақырып: Отан, ел, туған жер.
----------------------- сүйемін,
---------------------- өлеңім.
---------------------- асыр сап,
---------------------- келемін.
Әділқазылар өлеңдерді бағалайды.
«Сөз тапқанға қолқа жоқ»: жедел сұрақтар
Тәртіп, талғам, тәрбие — үлкендерден аламыз. Бұл кезеңде жауап қысқа, нақты әрі жылдам болуы керек: берілген әріптен басталатындай етіп сұрақтарға жауап береміз.
- 1Жазғы каникулда қайда боласың?
- 2Бүгін сабақта екі алсаң, не істейсің?
- 3Апайың саған ұнай ма?
- 4Лотереядан миллион ұтып алсаң, не істер едің?
- 5Мектебің саған ұнай ма?
- 6Қай пәнді көбірек оқығың келеді?
- 7Болашақта кім болғың келеді?
- 8«Әдепті бала — арлы бала» дегенге келісесің бе?
- 9Қардан балмұздақ жасауға бола ма?
- 10Құлсары қаласы көшеді дегенге сенесің бе?
- 11«Өнер алды — қызыл тіл» дегені дұрыс па?
- 12Наурыз мерекесін қалай қарсы аласың?
- 13Ұялы телефоның жоғалып қалса, не істейсің?
- 14Егер мұғалім болсаң, не істер едің?
- 15Бірден «он бір» оқығың келе ме?
- 16Егер Президент болсаң, не істер едің?
- 17Өзіңнің машинаң болғанын қалайсың ба?
- 18Сыйлық алғанды ұнатасың ба?
- 19Достарың көп пе?
- 20Қандай мультфильмдер ұнайды?
- 21Білім не үшін керек?
- 22«Қалауын тапса, қар жанады» дегенді қалай түсінесің?
- 23Болашақта Қазақстан қандай болады?
- 24Ұшқыш болғың келе ме?
Қорытынды және марапаттау
«Тіл білгірі» сайысы өз мәресіне жетті. Қорытынды сөз — әділқазылар алқасында. Жеңімпаздарды марапаттау, дипломдар табыстау рәсімі өткізіледі.
Ән
«Ана тілін сүйеміз»