Мақта қыз бен мысық ертегісін сахналау
Сабақ туралы мәлімет
Білім беру саласы
Қатынас, әлеуметтік орта
Бөлімі
Көркем әдебиет, тіл дамыту
Ашық сабақтың тақырыбы
«Мақта қыз бен мысық» ертегісін сахналау
Мақсаты
- Балалардың ертегілер туралы түсінігін кеңейту.
- Кейіпкерлердің бейнесін айқын көрсете білуге және шағын қойылымдарды сахналауға үйрету.
- Ойлау қабілетін, қимыл-қозғалысын дамыту.
- Ауыз әдебиетіне қызығушылығын арттыру.
- Еңбекқорлыққа, татулыққа тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер және көрнекіліктер
Әдіс-тәсілдер
Көрнекіліктер
- Ертегі кейіпкерлері (атрибуттар)
- Буклет
- Слайдтар
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Балалар ертегілер әлеміне «кіреді» және келген қонақтармен амандасады.
Сәлемдесу өлеңі
Күннің көзі ашылсын,
Көкке шуақ шашылсын.
Құтты қонақ келіпті,
Төрімізге еніпті.
Ал, кәнекей бәріміз,
Сәлем дейік үлкенге!
Сәлеметсіздер ме, апайлар!
Есік қағылады. Балалар: «Бұл кім екен? Біздің сабағымызға кім келді?» деп қызығады.
Ертегілер елінен Қызыл телпек келеді.
Қызыл телпек
Сәлеметсіздер ме? Бұл «Айгөлек» тобы ма? Мұнда ертегі кейіпкерлері бар деп естіп келдім. Осы кейіпкерлермен бірге өз еліме қайтсам деймін. Балалар, мені де ала кетіңдерші.
Тәрбиеші
Қызыл телпек, асықпа. Қош келдің, төрлет! Біздің қонағымыз бол. Бізбен бірге «Мақта қыз бен мысық» ертегісін тамашала.
2) Жұмбақ арқылы тақырыпқа шығу
Жұмбақ
Мұртын сипап күні бойы,
Бетін сусыз жуады.
Тығыршықты аңдып түні бойы,
Тышқанды көп қуады.
Жауабы: мысық.
Тәрбиеші: «Жарайсыңдар, балалар!»
Бүгін біз «Мақта қыз бен мысық» ертегісімен танысып, оны сахналаймыз. Ендеше, экранға назар аударайық.
3) Ертегіні баяндау
Ертеде бір Мақта қыз болыпты. Оның жақсы көретін мысығы болған екен. Бір күні Мақта қыз үй жинап жүріп, бір мейіз тауып алады. Бөлісіп жейміз деп, мысығын шақырады: «Мысығым, мысығым! Ау, мысығым, мысығым!»
Мысық күн көзінде маужырап ұйықтап жатыр екен, Мақта қызға баруға ерінеді. Мысық келмеген соң, Мақта қыз мейізді өзі жеп қояды. Біраздан кейін ұйқысы қанған мысық келіп: «Иә, Мақта қыз, мені неге шақырдың?» — дейді.
Мақта қыз: «Шақырғанда келмедің, енді айтпаймын!» — дейді. Мысық: «Айтпасаң, мен сенің қатығыңды төгіп тастаймын!» — дейді. Мақта қыз: «Ал мен сенің құйрығыңды жұлып аламын!» — дейді.
Сөйтіп, мысық қатықты төгеді, ал Мақта қыз мысықтың құйрығын жұлып алады. Біраз уақыт өткен соң мысық келіп, құйрығын сұрайды.
Тізбекті тапсырма
- Мақта қыз: «Қатығымды төле!»
- Мысық сиырға барады: «Қатық берші!» — Сиыр: «Маған жапырақ әкел!»
- Мысық ағашқа барады: «Жапырақ берші!» — Ағаш: «Маған су әкел!»
- Мысық қыздарға барады: «Су беріңдерші!» — Қыздар: «Бізге сағыз әкел!»
- Мысық дүкеншіге барады: «Сағыз берші!» — Дүкенші: «Маған жұмыртқа әкел!»
- Мысық тауыққа барады: «Жұмыртқа берші!» — Тауық: «Маған дән әкел!»
- Мысық ін қазып жатқан тышқанды көреді де, одан тары алады.
Мысық алған тарыны тауыққа береді — тауық жұмыртқа береді. Жұмыртқаны дүкеншіге апарады — дүкенші сағыз береді. Сағызды қыздарға береді — қыздар су береді. Суды ағашқа береді — ағаш жапырақ береді. Жапырақты сиырға береді — сиыр қатық береді.
Мысық қатықты Мақта қызға апарып береді. Сонда Мақта қыз мысықтың құйрығын қайтарады.
4) Сұрақ-жауап
Сұрақ
Ертегі не туралы?
Жауап
Мақта қыз бен мысық туралы.
Сұрақ
Мысық не үшін Мақта қыздың қатығын төкті?
Жауап
Өйткені Мақта қыз «неге шақырғанын» айтпай қойды.
5) Сергіту сәті (мысық туралы өлең)
Құйрығын қуып ойнайды,
Қума десем қумайды.
Шыр көбелек айналсам,
Жетемін деп ойлайды.
Кис-кис десем, келе ғой,
Айтқаныма көне ғой.
Шақырғанда кис-кис деп,
Мияу деп дыбыс бере ғой.
6) Сахналау
Балалар ертегіні рөлге бөліп ойнайды: атрибуттарын киіп, кейіпкерлердің қимылын, дауысын келтіріп, шағын қойылымды сахналайды.
Тәрбиеші: «Жарайсыңдар, балалар! Енді ертегіні сахналап көрейік.»
Қорытынды
Сұрақ
Бүгін біз қандай ертегімен таныстық?
Жауап
«Мақта қыз бен мысық».
Сұрақ
Ертегі сендерге ұнады ма?
Талқылау
Балалардың жауаптары тыңдалады.
Қызыл телпек
Балалар, сендер өте өнерлі екенсіңдер! Мен сендерге ертегілер елінен «алтын жұмыртқа» алып келдім. Қабыл алыңдар.
Бағалау және қоштасу
Сабаққа белсенді қатысқан балалар бағаланып, мадақталады. Қонақтарға алғыс айтылып, қоштасады:
Рахмет келгендеріңізге! Сау болыңыздар.