Ата - анамды таныстырып осы тіл, Танымасты таныс қылған осы тіл

Сабақ туралы мәлімет

Аймақ
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы
Мектеп
№ 9 Майлықожа атындағы жалпы орта мектеп
Автор
Кітапханашы Темірбекова Раушан Дүйсенәлиевна
Тақырып
Мемлекеттік тіл — мәртебеміз

Мақсаты

  • Ана тілін сүюге және құрметтеуге тәрбиелеу.
  • Тіліміздің мәртебесін арттыруға ықпал ету.
  • Көпұлтты ортада сыйластық пен бірлікті нығайту.

Кіріспе сөз

1-жүргізуші

Құрметті ұстаздар, оқушылар және оқырман қауым! Бүгінгі Тілдер мерекесі құтты болсын!

2-жүргізуші

«Ана тілің — арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», — деп Қадыр Мырзалиев айтқандай, мемлекеттік тіл — қазақ тілін бүкіл республика халқы, өзге ұлт өкілдері де құрметтеуі тиіс.

Айтулы мерекеге орай «Мемлекеттік тіл — мерекеміз!» атты ашық тәрбие сағатын назарларыңызға ұсынамыз.

Ескерту: үнтаспада күй орындалады. Сахнаға көрініс кейіпкерлері шығады.

I бөлім. «Біздің көшенің тұрғындары»

Көрініс

Жандос жүгіріп келіп:

Әпке, әпке! Көкем мен апам базардан келгенше, ауыл балаларын жинап, бастаңғы жасайық.

Әпкесі:

Мен жұмысқа барамын. Жасаймын десең, жасай ғой. Дядя Коляның баласы Коляны, Зина әженің немересі Викторияны, Фархат ағаның баласы Шухратты шақыр. Жалғыз үйлі неміс отбасын да ұмытпа — ұят болады. Карлс көкенің баласы Карлды және көрші Жанарды да шақыр. Өздерің тату-тәтті ойнаңдар.

Жандос: Жарайды, әпке. Мен оларды шақырып келейін.

Жандос асығыс жүгіріп кетеді.

Қонақ шақыру

Жандос: Коля! Виктория! Шухрат! Карл! Жанар! Біздің үйге қонаққа жүріңдер!

Балалар келіп, дастархан басына жайғасады.

Жандос: Қане, балалар, дастарханнан дәм ауыз тиіңдер.

Ойын, жұмбақ, мақал-мәтел

Ұсыныс

Коля: Құр отырмай, ойын ойнасақ қайтеді?

Карл: Ойнасақ, ойнайық!

Жанар: Алдымен жұмбақ жасырайық.

Виктория: Ендеше, баста!

Жұмбақтар

Жанар: Ана ауылдың бурасы, мына ауылдың бурасы, желкілдейді шудасы. Не ол?

Коля: Түтін бе?

Жанар: Иә, дұрыс таптың.

Карл: Енді мен жасырайын: «Аспаннан күбі түсті». Тауып көріңдер!

Шухрат: Мен таппадым.

Жандос: Онда ән айтып бересің.

Шухрат: Ән айта алмаймын, бірақ мақал-мәтел айтып берейін.

Шухраттың мақал-мәтелдері

  • Тіл — тас жарады, тас жармаса — бас жарады.
  • Құтты қонақ келсе, қой егіз табады.
  • Тіл — ақылдың өлшемі.
  • Туған жердің тезегі де дәрі.
  • Тілі жеткенше сөйлеген — шешен, қолы жеткенше нұсқаған — көсем.

Балалар: Жарайсың, Шухрат! Бәрекелді!

Жаңылтпаш

Виктория: Жаңылтпаш айтайықшы, көңілді болсын.

Жанар: «Тарғыл итім талға орал». Кім қайталайды?

Жандос үш рет қайталайды. Карл шатасып, бес рет қайталайды.

«Ұшты-ұшты» ойыны

Жандос: «Жүзік салу» ойнайық.

Виктория: Жоқ, «Ұшты-ұшты» ойнаймыз.

Жандос: Жарайды. Біз, қазақтар, қонақты құрметтейтін дархан халықпыз. Сенің айтқаның болсын.

Шухрат: Бастадық: «Ұшты-ұшты — қарға ұшты... Ұшты-ұшты — күбі ұшты... Ұшты-ұшты — қошақан ұшты... Ұшты-ұшты — жапырақ ұшты...»

Шатасқан оқушы ән айтады.

Қоштасу

Коля: Балалар, Жандостың ата-анасының келетін уақыты болды.

Шухрат: Иә, Қанат, меймандостығыңа рақмет. Балалар, балға ма, балта ма?

Балалар: Балға.

Виктория: Ендеше, хормен: «Үйді-үйіңе тарқa!»

Балалар тарқасады.

II бөлім. Өлеңдер оқу

Ж. Жабаев

Енді бүгін қарасам, Айналам бақыт, кең жатыр. Бірімен-бірі туысқан, Қол ұстасқан ел жатыр. Қырғыз, қазақ, өзбектер, Моңғол, ұйғыр, дүнгендер, Армян, тәжік, грузин, Орыспенен украин — Терезесі тең жатыр. Бақыттың әні асқақтап, Құлаққа даусы кеп жатыр.

К. Төлеуұлы

Ата-анамды таныстырып осы тіл, Танымасты таныс қылған осы тіл. Төле би боп, Қазыбек боп, Әйтеке, Бітпес дауды табыстырған осы тіл. Жау тигенде біріктірген осы тіл, Індет келсе, дүрліктірген осы тіл. Күштілерден қуғын көрген сияқты, Туыстырып, кіріктірген осы тіл.

Д. Әбілев

Туған тілім, бабам тілім, өз тілім! Туған тілім — далам тілім, өз тілім! Туған тілім — адам тілім, өз тілім! Туған тілде сыры терең жаным бар, Туған тілде әнім менен сәнім бар. Туған тілім тіл болудан қалса егер, Жүрегімді суырып ап алыңдар!

Тіл туралы заң және тіл мәртебесі

Қуан, далам, қуанатын күн бүгін, Серпіп таста мұңды жүрек түндігін. Тіл туралы заңым еніп күшіне, Паш еткендей кескен жаңа кіндігін. Қазақ тілі — Ұрпақтар талайының, Сен тілісің Адамзат Абайының!

Ескерту: түрлі ұлт өкілдерінің балалары ұлттық ойындарды көрсетеді.

Ұлттық ойындар

  • 1. Арқан тарту
  • 2. Асық ату
  • 3. Күрес

Тіл туралы нақыл сөздер

Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді.
Ғ. Мүсірепов
Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады.
Ахмет Байтұрсынұлы
Ана тілін біліп тұрып бөтенше жақсы сөйлесең — сүйініш; ана тілін білмей тұрып орысша жақсы сөйлесең — күйініш.
Халел Досмұхамедұлы

Өлеңдер оқу (жалғасы)

Ә. Табылдиев

Ақыл-ойын дананың, Ана тілден аламын. Ана тілім ардақты, Ақ сүтіндей анамның. Өсірген ой-білімді, Сүйем туған тілімді. Мақсат етем әр сөздің Мәнін терең білуді.

В. Смирнов

Қазақ жері маған болған мекен, Дүниеде дәл мұндай ел бар ма екен? Досқа — дархан, дұшпанға — сараңша қатаң, Сүйем оны сағынып, самғап жетем. Орыс, қазақ — туыс боп ағаласып, Қаны, тілі жатыр ғой араласып. Отбасылық бақыты ортақ болсын, Қол ұстасып, еңбек ет, далаға шық!

Көріністен үзінді

3-оқушы: Ау, құрметті халайық! Бұл не тұрыс? Тойды қымыз ішіп, қуырдақ жеп біздің отауда жалғастырайық. Жүріңдер, құдай қосқан көршілерім!

Олар сахнадан шығып кетеді.

4-оқушы: Қазақ осы — ашық-жарқын қабағы. Қонақ келсе, шабылып бір қалады. Қазақ осы — қарасың ба, ақсың ба, қоңырсың ба — жатырқауды білмейтін.

Шынболат

III бөлім. Қазақ өнері және біз

Тәрбие сағатының қорытынды бөлімі ән мен биге ұласады. Түрлі ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілінде ән шырқап, би билейді.

Қорытынды

Мемлекеттік тіл — ел бірлігінің тірегі, рухани тұтастықтың өзегі. Тілді құрметтеу — өзіңді, өз еліңді құрметтеу.