Көңілі сүрең жамағат
Ғылым жетістігі және білім парадигмасының өзгеруі
Әр ғасырда кез келген ғылымның өз жетістіктері бар. Ғылымдағы табыстар ең алдымен қоғамның да, адамның да рухани және материалдық дамуына зор ықпал етеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің ұлттық үлгісі қалыптасып келеді. Бұл үдеріс білім парадигмасының өзгеруімен қатар жүруде: заман талабына сай жас ұрпаққа білім беру саласында да жаңару бар.
Балаларды жан-жақты дамытып, жаңа заман азаматын тәрбиелеу, соның нәтижесінде Қазақстанды алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттердің қатарына қосу — ұстаздар алдындағы басты міндет. Сондықтан жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білім, білік, дағдыларын ғана емес, оның тұлғасын және білім алу арқылы дамуын қояды.
Негізгі басымдық
- Оқушының тұлғалық дамуы — білім нәтижесінен кем емес көрсеткіш.
- Шығармашылық ойлау — өзгермелі әлемдегі басты құзырет.
- Қызығушылық ояту — сапалы оқу әрекетінің бастапқы қадамы.
Тамыр мен қанат: ұстаз миссиясының өзегі
Шәкірттеріне бағыт беретін ұстаздың алдында ұшан-теңіз міндеттер тұрады. Олардың мәнін ағылшын мақалы дәл бейнелейді:
“There are two things we can give our children. One is roots, the other one is wings.”
Қазіргі қоғамға өз жерінің, өз ісінің патриоттары, жауапты әрі сенімді адамдар қажет. Алға ұмтылу үшін өмірімізді мәнді етуге қанаттану, қиялдау және шығармашылықпен жұмыс істей білу маңызды. Мұндай жолға шығудың алғашқы қадамы — өз ойыңды еркін білдіру арқылы қызығушылық тудыру.
Оқушы үшін бүгін не маңызды?
Өзгеріп жатқан өмірде оқушы үшін ең маңыздысы — өз ойын шығармашылық түрде, қысқа әрі түйінді етіп тұжырымдай білу. Қазіргі жағдайдағы негізгі мәселе — оқушының жеке білімін шығармашылық жұмыс арқылы сынап көруі және оған жаңа ой қосуы. Әрине, мұның бәріне қызығушылық қажет.
Сол себепті сабақтарымызда поэзияға көбірек уақыт бөле бастадық. Тілдер апталығына бірнеше апта қалғанда аудармаға тапсырмалар берілді. Апталық күз мезгілінде өтетін болғандықтан, ағылшын ақыны Томас Гудтың “November” өлеңінен бастауды жөн көрдік.
Бастау нүктесі: Thomas Hood — “November”
Өлең мәтіні (түпнұсқа)
NOVEMBER No sun — no moon — No morn — no noon — No dawn — no dusk — No proper time of day — No sky, no earthly view — No distance, looking blue. No street, no road — No other side of way — No end to any row — No indications where the Crescent go — No top to any steeple — No recognition of familiar people. No warmth, no cheerfulness, No healthful ease, No comfortable feel in any member — No shade, no shine, no butterflies, no bees, No fruits, no flowers, no leaves, no birds! — November
Аударма туралы ұстаным
Алдымен поэзия аудармасының ерекшеліктерін талқыладық. Эпиграф ретінде В. А. Жуковскийдің қанатты сөзін алдық:
“Аудармашы прозаның құлы, ал тақпақта — қарсылас.”
Кей ортада “өлең аударылмайды” деген жаңсақ пікір кездеседі. Біз онымен келіспейміз: ақын қай тілде жазса да, өлеңге көңіл күйін, жанын салады. Мазмұны түсінікті болса, оны кез келген тілге тәржімалауға болады.
Оқушылардың шығармашылық аудармалары
Шынат Ботагөз, Күлмұхамбетова Айханым (10-сынып)
“Қараша”
Күн де жоқ, ай да жоқ, Жадырап атқан таң да жоқ. Жарқырап шыққан таң сәрісін, Көріп жүрген жан да жоқ. Ақ мамықтай бұлттарды, Көгілдір ашық аспанды Сағынады сол адам, Жолдастарын көрмесе, Барып халін білмесе. Қалықтап ұшқан құстар да Кетті жылы жақтарға. Жайнаған нәзік гүлдер де Сұлулығын жоғалтып, Адамға көңіл-күй сыйлай алмай Тұр әне әйнек бұрышында. Қараша айы келді деп, Суық желдің ханы деп.
Оқушы жұмысы
“Қараша айы”
Көңілім толмай тұр-ау табиғатқа, Ашық аспан тұнып тұр ғой қалың бұлтқа. Қысылады жүрегім зор ренішпен, Бір-біріне суыған осы жұртқа. Қайда күнім кешегі жадыраған, Қайда айым кешкісін жарқыраған. Қайда гүл, қайда құстар жүрегімде, Өшпейтін із қалдырып ұялаған. Көшем қайда күнде құрған тамашаны, Елімнің қайда салған тамаша әні. Жазымызбен қоштасып қалғанымша, Салыпты-ау мезгіліміз қарашаны.
Оқушы жұмысы
“Күз”
Ай ажарсыз, күн нұрсыз, Түн сүркейлі, таң жырсыз. Мезгілі жетіп сары күздің, Жеткізді хабар ол тілсіз. Сарғайып жасыл жапырақ, Құлазып дала атырап, Сидиған ағаш бұтағы, Тұрғандай тоңып қалтырап. Тыраулап ұшқан тырнадан, Білеміз қайдан кім жаман, Зымырап жеткен күз таңын Сезіне алмай жүр надан. Көңілі сүрең жамағат, Іздейді көптеп ұлағат. Сағынып сазды әуенді, Жүрегі нәзік мұңданады.
Сабақтағы әсер: тәуелсіздік пен қызығушылық
Оқушылар өз аудармаларын оқыған кезде, сыныптастарының таңдана қараған көздерінен қызығушылықты байқадық. Бұл кезеңде мұғалім оқушыға қатты ықпал етпейді: оқушы оқу үдерісінде өзін еркін сезініп, мұндай жұмысқа барынша беріледі.
Осындай жұмыс түрі шетел тілі пәніне қызығушылықты тереңдетіп, ұстаздармен қарым-қатынас жасау қуанышын арттырады.
Оқушы пікірі
Соңында оқушымыз Қайдар Мадинаның өлең аудармасы туралы пікірін келтіргіміз келеді:
“Әрине, тақпақты сөзбе-сөз аударуға болмайды. Алдымен түсініп, автордың оқырманға не айтқысы келетінін білу керек. Менің ойымша, өлеңге бар жаныңды салып, өз көңіл-күйіңді жеткізе білу қажет. Маған тақпақпен жұмыс істеу өте ұнады, өйткені ол адамның шығармашылық қабілетін дамытады. Аудару барысында сен өз ойыңды нақты жеткізуге тырысасың. Тақпақты аударғанда мен мүлде басқа әлемде жүргендей сезіндім. Оған қазақы әуеннің қосылып тұрғаны да әсер еткен болар…”
Әдебиеттер тізімі
- Интернет желісі.
- “Мектептегі шет тілі” №2, 2004 ж.
- Джалилова Г. Р. Обучение английскому языку через образное представление материала. Иностранный язык в школе, №6, 2007.