Масса бірліктерін ата
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Құрметті ата-аналар, қымбатты әріптестер, қадірлі қонақтар! Бүгін — бәріміз үшін ерекше күн. Төрт жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған кіп-кішкентай балғындар енді бойы да, ойы да өсіп, бастауыш білім сатысынан орта буынға қадам басқалы отыр.
«Бесіктегі баланың күлгенін көрген — бір мұрат. Алдына түсіп ананың жүргенін көрген — бір мұрат», — демекші, бұл да қуанышты күн.
«Бастауышым — балбұлағым» атты ертеңгілігімізді ашық деп жариялаймыз. Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да… Қол соғып, қошеметтеп, 4-сынып оқушыларын ортамызға шақырайық!
(Музыкамен оқушылар ортаға шығады. Мектеп директорына құттықтау сөз беріледі.)
Оқушылардың таныстыру өлеңдері
Аружан
Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға — киелі.
Аружан атты сымбатты қызың ардақтап,
Бар пейілмен сіздерге басын иеді.
Ануар
Өсті талап-талғамым,
Көп нәрсені ұғындым.
Маңғазданып, аз сөйлер —
Ануар деген ұлыңмын.
Зейнеп
Тез үйрендік әділ мен адамдықты,
Жирендік, ажыраттық жамандықты.
Ата-анамның қуанышы — Зейнеппін,
Дақ салмайтын елімнің мен даңқына.
Әнел
Өнеріне халқымның бас иемін,
Тыңдап өскен бабалар өсиетін.
Мен — Әнел деген инабатты қыз,
Қадірлеген елінің қасиетін.
Жанерке
Жанерке — өнерлі қызбын,
Ойға өнер жинаған.
Меңгерген бар білімді
Тез алға қинамай апарамын.
Толғанай
Төртінші сынып қызы мен боламын,
Есімім — Толғанай, тегім — Камеш.
Қоштасып ұстазыма алғыс айтып,
Болашаққа қадам басып барамын.
Мұғалімнің жалғасы
Армысыздар, жас достар — болашаққа жол бастар!
Білім деген ғажаптың, келешегі қазақтың — басталады сендерден.
Қоштасу тойын бастайық, ән мен биге басайық! Өнерімізді көрсетіп, бұл тойдың құрметіне би билеп, шашу шашайық.
Вальс: «Соңғы қоңырау»
Көрініс: Атасы мен немересінің әңгімесі
Зейнеп: Ата, арман деген не?
Ата: Арман — ақыл-ойдың шындығы. Құс «ұшсам» дейді, бала «өссем» дейді, қыз «көрікті болсам» дейді, ұстаз «шәкіртіме үлгі болсам» дейді. Арманына адаспаған жетеді; ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді, — деген екен қарт.
Ата: Дос табу оңай ма?
Зейнеп: Ақылдыға оңай, ақымаққа қиын.
Ата: Жоқ, балам. Өмірде дос табу ақылдыға қиын, ақымаққа оңай. Есіңде болсын: досың ақылды болса — өзің дана боласың; досың бала болса — өзің шала боласың.
Ата: Үйдегі алтын қазығың кім?
Ануар: Үйдегі алтын қазық…
Ата: Үйдегі алтын қазық — ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана — ақылшың, әке — қамқоршың, ағаң — қорғаушың, інің — сүйенішің, қарындасың — қанатың. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем, — депті қарт.
Ата: Өмір сүру үшін не қажет?
Толғанай: Алтын, ақша, нан, мал қажет.
Ата: Жоқ, балам. Адамның өмір сүруі үшін су, от, тұз, қыз, ақыл қажет. Су — тіршілік, от — өмір, тұз — дәм, қыз — сән, ақыл — өмірдің нәрін береді.
Ата: Адамға ақыл беретін кімдер?
Жанерке: Ана тілі ғой.
Ата: Жоқ, балам. Ақыл беретін — ата-ана, ұстаз, дос. Ата-ана баласына айтады, ұстаз шәкіртіне айтады. Достықтың көзі — ақылдан басталады, — депті қарт.
Қысқа ойын-ишара
Зейнеп: Балалар, айтыңдаршы: мұғалімдер бізді қандай қалыпта көргісі келеді?
— Мұғалімдер бізді осылай көргісі келеді (қолдарын үстелге қою).
Зейнеп: Ал аналарымыз ше?
— Аналарымыз былай көргісі келеді (сыпыру).
Зейнеп: Әкелеріміз ше?
— Әкелеріміз мынаны қалайды (маңдайларын керіп, қарындарын сипау).
Зейнеп: Сыныптастарымыз ше?
— Сыныптастарымыз мынаны қалайды (қолын жүрекке қойып, жүректерін ұсыну).
Ән: «Бала тілегі» (Ануар, Әнел)
7 сұрақ: білімді шыңдау
Ойлы болсаң — озып көр ойыны: қысқа сұрақтар арқылы білімді еске түсіру.
- 1. Етістік дегеніміз не?
- 2. Дауыссыз дыбыстардың түрлерін ата.
- 3. Масса бірліктерін ата.
- 4. 8 × 2 нешеге тең?
- 5. ҚР өз тәуелсіздігін қашан жариялады?
- 6. ҚР Елтаңбасының авторларын ата.
- 7. Ұлы Отан соғысының батыр қыздары кімдер?
Темірқазық туралы түйін
Мұғалім: «Балалар, ненің суреті шықты?» — «Жетіқарақшы». Осындағы Темірқазықтың пайдасын сендер жақсы білесіңдер: адасқан адам аспандағы Темірқазыққа қарап, солтүстікті анықтаған. Ендеше, қазақ тілінен алған білімдерің өмірлеріңнің Темірқазығы болсын.
Көрініс: КВН — «Біздің сынып»
Кездескенде қалайық қоштасуда,
Сәлемдесе салайық ән салғанда.
Айналайын жайнаған мектебімнен —
4-сынып оқушылары біз боламыз.
Қайырмасы
Қызыл гүлдер-ай, қазақ жері-ай,
Қызықтырдың-ай, бар әлемді-ай.
Аппақ гүлдер-ай, біздің сынып-ай,
Сыбызғыдай сызылтып, ән саламыз-ай.
Біз Мортықта тұрамыз гүлдей жайнап,
Мөлдірейді көзіміз, нұры ойнап.
Бүгінгі күн — бастауышпен қоштасу,
Құтты болсын айтамыз қуанышпен-ай!
Анекдоттар
Тілші мен әншінің әңгімесі (Әнел — Толғанай)
— Сайлауға барып дауыс бердіңіз бе?
— Жақында жеке концерт бермек едім, даусымды соған сақтап жүр едім.
Құрбылар әңгімесі (Аружан — Зейнеп)
— Аружан, кеше теледидардан арыстандар туралы көрдім. Олар әбден тойып алып, күніне 15 сағат ұйықтайды екен.
— Е-е, олар да сен сияқты екен ғой…
Сыр шерткен құрбылар (Жанерке — Әнел)
— Жанерке, енді менің бетіме безеу шықпайтын болды.
— Қалайша?
— Бос орын қалмады.
Ата-аналармен ойын
Сұрақ-жауап арқылы көңілді сәт: ата-аналарға арналған қысқа жұмбақтар.
- Нашар оқитын оқушының сөмкесіндегі ұнамсыз зат: күнделік.
- Сабақ білмейтін балаларға жаймен не беруге болады: подсказка.
- Мектептегі басты адам: оқушы.
- Мұғалімдер күні тойланатын ай: қазан.
- Мектеп өмірінде директордың өзі оған бағынады: қоңырау.
- Қалам мен қарындаштың үйі: пенал.
- Әріптердің жиыны: алфавит.
- Балалар білім алатын жер: мектеп.
- Бұрышсыз фигура: шеңбер.
- Түнгі жарық: ай.
Ән: «Әкелер туралы» (Ануар)
Көрініс: «Өнерлі бала»
Қатысушылар: 3 бала, 3 ана, қария. (Үш ана шелектерімен келіп, демалуға отырады.)
Толғанай: Менің ұлым ән салғанда, бүкіл жұрт аузын ашып тыңдап қалады. Өнерлі ұлым бар.
Зейнеп: Әй, соны да айтасың ба? Менің ұлым спортты жанындай сүйеді. Өзі шымыр: қолмен жүріп, баспен айналғанда жұрттың бәрі таң қалады.
Қария: Сен неге үндемейсің?
Жанерке: Менің баламның ешқандай өнері жоқ…
(Үш бала жүгіріп келеді. Бірі айқайлап ән салады, екіншісі секіріп түрлі қимыл көрсетеді. Үшіншісі — Әнел — анасына көмектесіп, шелегін алып кетеді.)
Толғанай: Ата, қайсымыздың баламыз өнерлі?
Ануар: Мен өнерлі бір-ақ баланы көрдім. Ол — анасына көмектескен бала. Анаға жәрдемдесу — қадірлі іс. Өнерлі бала — анасына жаны ашыған бала, дер едім.
Ән: «Ана туралы» (Жанерке)
Ұстазға алғыс және марапаттау
Мұғалім: «Ұшырса да бұл өмірдің сан құсын, ұстаз-ғалым толастамас мәңгі ісін. Тыншымайтын асыл жандар аяулы, тыңдаңыздар шәкірттердің алғысын».
Шексіз алғысымызды білдіре отырып, ұстаздарымызды жеке құндылықтарын бағалайтын әртүрлі номинациялармен марапаттаймыз.
«Қамқор және мейірімді»
Бастауыш сыныптар бірлестігінің жетекшісі марапатталады.
Зейнеп:
Анамдай мейірімді құшақ ашып,
Тұрасыз Сағира апай амандасып.
Әр уақыт жылы сөзің шабыт беріп,
Барамын болашаққа қадам басып.
«Ұлағатты ұстаз»
Бастауыш сынып мұғалімі марапатталады.
Жанерке:
Кемшілікті кезінде
Кесіп айтар өзіне.
Өнеге мол өзінде,
Өсиет көп сөзінде.
Ақ ниетті, кең пейіл —
Сәуле апай осындай.
«Инабатты»
Даярлық топта білім беріп, алғаш қалам ұстатуды үйреткен және орыс тілі пәнінің қыр-сырын танытқан ұстазымыз Сандуғаш апай марапатталады.
Толғанай:
Сөз сөйлесе жарқын-ақ,
Күніміздей жарқылдап.
Қызық өтіп сабағы,
Өсіреді ой-сананы.
Қасымызда қашан да
Сандуғаш апай жүреді.
«Алтын қалам»
Орыс тілі пәні мұғалімі Зауреш апай марапатталады.
Ануар:
Кейде жайлы мінезіне қызығасың,
Кейде ашусыз мінезіне табынасың.
Күліп жүрер үнемі Зауреш апай,
Жан жүрегін қашанда ұғынасың.
«Шығармашыл ұстаз»
Динара Кенжебекқызы марапатталады.
Бастауышта талай шәкірт оқытып,
Шәкіртіне бәрін берді, аямады.
Әзілі бірге жүрер өзіменен —
Динара апай қашып кетсек те аямады.
«Баға жетпес, өнегелі»
Сынып жетекшіміз Ғайни апай марапатталады.
Көрмеген артық күліп, артық жүріп,
Шәкіртіңді баулыдың тәртіпті ғып.
Қоштасамыз біз бүгін, Ғайни апай,
Шәкірттердің алғысын айтып тұрып.
Мың алғыс жолдаймыз түлектер атынан.
Ән: «Ұстазым»
Білім кілтін табыстау және 3-сыныптың құттықтауы
Соңымыздан еріп келе жатқан 3-сынып оқушыларына «білім кілтін» табыс ету оқу үздігі Қалқашев Дамирге тапсырылады.
Аягөз
Не жетеді көңілдің байлығына,
Мойындатар еңбегімен жұртты мына.
Ізбасары ниеттес боп қолын бұлғап,
Сәттілік тілеп тұр ғой сіздерге кеп.
Жандос
Бос жіберме ешқашан уақытыңды,
Аялай біл ақылың — жақұтыңды.
Келешекте ел сыйлар азамат боп,
Болашақтан табыңдар орын мықты.
Мадалия
Қуаныш көп болуда сүйікті елде,
Ақылды адам — бәрінен биік пенде.
Болашағың жарқын болсын өмірде,
Жұлдызың болсын әр кез биіктерде.
Дамир
Риза болшы, ұстаз қауым ардақты,
Шәкірт жүрек сізге арнау арнапты.
Жылдар жылжып, айлар зулап өтсе де,
Бастауышты орта буын жалғапты.
Алан
Ақырын жаймен жүретін,
Жымиып ақырын күлетін.
Әдеппен бәрін сыйлайтын —
4-сынып, жарадың!
Мерекелерің құтты болсын!
Қоштасу жырлары
Әнел
Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма?
Бастауышта айтылмаған сыр бар ма?
Бастауышта алған білім, жырларым —
Азық болар мәңгі талай жылдарға.
Зейнеп
Бастауышым — балбұлағым,
Алдым сеннен балдың дәмін.
Әріп танып, білім алып —
Рахметімді жаудырамын.
Толғанай
Бастауышым — балбұлағым,
Лаулап жанған шам-шырағым.
Өзің берген біліміңмен,
Самғап ұшар тау қыраның.
Жанерке
Өтті сенде қызық шағым,
Бастауышым — балбұлағым.
Қоштасар күн жетті міне,
Қимастықпен қол бұлғаймын.
Ән: «Ұстаз тілегі» (Зейнеп)
Қорытынды тілек
Өлкеміздің ертеңі болыңдар, сенімдердің серпіні болыңдар. Ұстаздық ақ жүректен тілерім — тек сәттілік, шәкірттерім, ертеңіңе!
Бүгінгі мерекелік іс-шарамыз осымен аяқталды. Назарларыңызға көп рахмет!
Айналайын жап-жарқын жүздеріңнен,
Аластайтын жаныңды күз көңілден.
Мен сендерге мәңгілік тілекшімін,
Тілек тілеп тұратын іздеріңнен.