Уық - Кереге мен шаңырақтың арасын ұстап, қосып тұратын сырық
Сабақтың мақсаты
- Киіз үйдің жабдықтарымен таныстыру.
- Киіз үйдің кез келген ауа райында пайдалануға қолайлы екенін түсіндіру, жабдықтары туралы әңгімелей отырып балалардың есте сақтау қабілетін дамыту.
- Атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық құндылықты сақтауға баулу.
Көрнекілігі
Киіз үй жабдықтарының суреттері, буклет, жайлау көрінісі.
Әдіс-тәсілдері
Түсіндіру, әңгімелеу, сұрақ-жауап, ойын.
Сабақтың түрі
Жаңа сабақ.
Сөздік жұмысы
Абаже, кебеже, әбдіре, асадал және т.б.
Жылулық шеңбері
Амансыз ба, алтын күн! Амансыз ба, ашық аспан! Амансыз ба, Жер-ана! Сәлеметсіздер ме, қонақтар? Сабағымызды бастайық, Жалқаулықты тастайық.
Осы сәтте балалардың назарын сабаққа аударып, қысқа сұрақ-жауап арқылы жаңа тақырыпқа кіріспе жасалады.
Жұмбақ арқылы тақырыпты ашу
Жұмбақ
Жүз мүйізі бар,
Үстінде киізі бар.
Жауабы: киіз үй.
Жұмбақтың шешіміне сүйене отырып, «Киіз үй жабдықтары» тақырыбы көрнекілік әдісімен түсіндіріледі.
Киіз үйдің қаңқасы (сүйегі)
Киіз үйдің негізгі ағаш құрылымы «сүйегі» деп аталады. Оның құрамына: кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық (жарма есік) кіреді.
Шаңырақ
Уықтарды біріктіріп, киіз үйдің еңсесін көтеріп, құрылымды берік ұстап тұратын дөңгелек шеңбер.
Кереге
Киіз үйдің ағаштан жасалған торкөз қаңқасы.
Уық
Кереге мен шаңырақты жалғап, ұстап тұратын сырық.
Киіз есік
Сықырлауықты жауып, шаңырақ арқылы өткізіп байланады. Сырты киізден, ортасы шиден, астары жарғақ теріден жасалады.
Мемлекеттік рәміздермен байланыс
Сұрақ-жауап арқылы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет екені, тәуелсіз мемлекеттің рәміздері бар екені (Елтаңба, Ту, Әнұран) еске түсіріледі. Киіз үйдің шаңырағы, уықтары Елтаңбада бейнеленгені атап өтіледі.
Үй жиһаздары мен тұрмыстық бұйымдар
Киіз үй ішіндегі жиһаздар мен бұйымдар әрі ықшам, әрі қолайлы болып келеді. Төмендегі атаулар арқылы оқушылардың сөздік қоры кеңейтіледі.
Абажа
Тамақ пен ыдыс-аяқ сақтауға арналған, кебеженің үлкен түрі. Ағаштан жасалып, киізбен немесе былғарымен қапталады.
Кебеже
Сүт, ет, май, құрт сақтауға арналған, ағаштан жасалып өрнектелетін үй жиһазы.
Әбдіре
Зат сақтайтын үлкен сандық. Сырты қаңылтырмен әшекейленіп қапталады.
Ағаш төсек
Жату үшін пайдаланылатын үй жиһазы.
Асадал
Тамақ пен ыдыс-аяқ сақтауға арналған жиһаз түрі.
Адалбақан
Киім ілуге арналған үй жиһазы.
Жүкаяқ
Үйде жүктің астына қоятын ағаш бұйым.
Сандық
Киім-кешек және басқа да заттарды салуға арналған үй жиһазы.
Төсеніштер мен сәндік бұйымдар
- Төсеніштер: алаша, киіз, сырмақ, текемет.
- Түскиіз: сәндік үшін төсектің тұсына ілетін (құратын) бұйым.
- Қоржын: екі жағы тең етіп тоқылған немесе құрап тігілген, зат салатын дорба.
- Аяққап: ыдыс-аяқ салатын қапшық. Екі бетін киізден тігіп, ою-өрнекпен немесе кестемен әшекейлейді.
Оқулықпен жұмыс және сұрақтар
- Дәптерден киіз үй суреттерін тапқызу, сызба арқылы тиісті атауларымен сәйкестендіру.
- Киізді неден аламыз? Жүннен.
- Жүнді қайдан аламыз? Қойдың жүнінен.
- Қойдың қандай пайдасы бар? (Балалардың жауабы тыңдалады.)
Мақал
Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір.
Дидактикалық ойын
Ойынның шарты
Қораптағы жасырылған заттарды сипап-сезу арқылы тауып, атын айту.
Жасырылған заттар: жылқы, сиыр, түйе, ешкі, қой.
Тапқан балаға қосымша сұрақтар қойылып, жауаптары тыңдалады.
Жайлау көрінісі бойынша әңгіме
Жайлау көрінісіне сүйене отырып, бірнеше оқушы қысқаша әңгіме құрайды. Жауаптар тыңдалып, толықтырылады.
Сергіту сәті
Дөңгелене тұрамыз, Керегені құрамыз. Уық болып иіліп, Шаңыраққа киіліп, Достық үйін құрамыз.
Сабақты қорытындылау
Жұмбақ
Әкесі баласын көтерді,
Баласы бөркін көтерді.
Жауабы: кереге, уық, шаңырақ.
Жұмбақ
Қаз қанатын жайды,
Үйрек мойнын созды,
Төбесіне аққу қонды.
Жауабы: киіз үй, кереге, уық, шаңырақ.
Негізгі ой
Киіз үй — кез келген ауа райында пайдалануға ыңғайлы баспана: ішіне жарық жақсы түседі, ауа алмасуы талапқа сай, жел мен дауылға төзімді.
Сабақ соңында балалардан киіз үй жабдықтарын сурет бойынша атап, көрсетіп беру сұралады.
Бағалау және күтілетін нәтиже
Бағалау
Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларды жұлдызша, төртбұрыш, үшбұрыш белгілерін тарату арқылы бағалау.
Күтілетін нәтиже
- Білуі тиіс: киіз үй жабдықтарының атауларын білу.
- Түсінігі: киіз үйдің қазақ халқы тұрмысындағы пайдасын түсіну.
- Көрсете білуі: киіз үй жабдықтарын тұрмыста қолдана білу.
Мектепалды даярлық сыныбы. Сарыжаз орта мектебінің мұғалімі: Джумадилова Гульшат.