Әнші болғың келсе - темекі тартпа

Сынып сағаты

Сабақтың тақырыбы: Темекі — денсаулық дұшпаны

Бұл сабақ оқушылардың салауатты өмір салты туралы түсінігін кеңейтіп, зиянды әдеттерге қарсы саналы ұстаным қалыптастыруға бағытталған.

Сабақтың мақсаты

  • Оқушылардың зиянды әдеттерге қатысты теріс көзқарасын қалыптастыру.
  • Теориялық білімдерін пайдаланып, тапсырмалар бойынша шешім қабылдауға және қорытынды жасауға үйрету.
  • Өз денсаулығын бағалап, өз әрекетін қадағалап, жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.

Сабақ түрі

Сайыс сабақ

Әдіс-тәсілдері

Сұрақ-жауап, топтық жұмыс

Көрнекілігі

Слайдтар, Венн диаграммасы, видеоролик

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу. Оқушылардың назарын сабаққа аудару.

Психологиялық дайындық: шаттық шеңберін құрып, бір-біріне жүрек жылуын сыйлау.

Жаттығу мәтіні

Армысың, асыл күн!

Армысың, асыл жыр!

Армысың, көк аспан!

Армысың, жан досым!

Жылуыма жылу қос,

Міне, менің қолым!

Кіріспе сөз

Оқушылардың жастайынан денсаулығын сақтай білу дағдыларын қалыптастыру және салауатты өмір салты (СӨС) туралы түсінік беру мақсатында «Темекі — денсаулық дұшпаны» тақырыбындағы сынып сағатын өткізу жоспарланды.

СӨС — өз денсаулығыңды сақтауға және нығайтуға бағытталған іс-әрекеттердің жиынтығы. Бақытты адам өмір бойы ынтасын, санасын, рухани байлығын дамытып, еңбекке белсенді араласады. Тек дені сау адам ғана ой-өрісін кеңейтіп, өмірлік мақсатына жете алады.

СӨС нені қамтиды?

  • Әлеуметтік тұрмысты жақсарту
  • Бос уақытты тиімді пайдалану
  • Сапалы тамақтану
  • Зиянды әдеттерден аулақ болу

Ал зиянды әдеттер — бүгінгі күні кең таралған қоғам дерті: шылым шегу, нашақорлық, маскүнемдік. Бұл сабақта темекінің адам денсаулығына тигізетін зиянына ерекше назар аударылады.

2) Сайыс кезеңдері мен шарттары

Сынып екі топқа бөлінеді. Әр кезеңде тапсырмалар орындалып, ұпай жинақталады.

I бөлім

Топтың атын анықтау.

II бөлім — «Тәні саудың — жаны сау»

Кубизм әдісі бойынша сұрақтарға жауап беру.

Кубизм сұрақтары

  1. 1. Темекі құрамындағы ең улы зат қандай?
  2. 2. Темекі қандай мүшелерге зиян келтіреді?
  3. 3. Темекі тарту қандай аурулардың себебі болуы мүмкін?
  4. 4. Пассивті темекі тарту дегеніміз не?
  5. 5. Темекінің шығу тарихы туралы не білесің?

3) Жағдаят кезеңі

I топқа тапсырма

Темекі тартып отырған адамды бықсып жатқан пешпен салыстырайық: пештің түтіні тартпай, бықсып, түтін сыртқа шығады. Ол түтін көзді ашытады, қақалтады, жөтелтеді, жүрек айнытады. Мұндай жерде ұзақ отыру мүмкін емес. Ал темекі тартатын адамның аузынан, мұрнынан да түтін шығады.

Тапсырма

Ойлан. Қорытынды шығар.

II топқа тапсырма

Егер бір тағамнан жиіркенсек, құсқымыз келсе, басымыз айналса — ол тағамға ешқашан жоламаймыз. Олай болса, неге кей адамдар ағзасын зорлап, темекіге үйретеді?

Тапсырма

Ойлан. Қорытынды шығар.

4) «Достарыңды салауатты өмір салтына шақыр!»

Шарты: Салауатты өмір салтын насихаттайтын 1 шумақ өлең құрастыру.

5) «Ой толғаныс» кезеңі (Венн диаграммасы)

Тапсырма: спортшы мен шылым шегетін адамды салыстыру. Екі топтың ойыншылары кезекпен 2 минут ішінде диаграмма бағаналарын толтырады.

Бағалау

Әр дұрыс жауапқа 1 ұпай беріледі.

6) «Ой қорыту» кезеңі

Темекінің зияны туралы видеоролик көрсетіледі.

Қорытынды сөз

Құрметті оқушылар! Бүгінгі сабақта алған мәліметтерің салауатты өмір салтын дәріптейтін, өркениетті, еліне лайықты, зиянды әдеттерге қарсы тұра алатын білімді тұлғаның қалыптасуына септігін тигізеді деп сенемін. Әрбір жаңа біліміңді келешекте тиімді пайдаланып, денсаулық өз қолыңда екенін ұмытпа!

Оқушылар хормен

Денің сау болсын десең — темекі тартпа!

Әдемі болғың келсе — темекі тартпа!

Әнші болғың келсе — темекі тартпа!

Ғалым болғың келсе — темекі тартпа!

Білімді, ақылды азамат болғың келсе — темекі тартпа!