Сөзжасам сайысы

Тақырыбы: «Жүзден жүйрік»

Мақсаты

  • Тапқырлыққа, шешендікке баулу; ізденімпаздыққа жетелеу; ой-өрісін кеңейту; тіл мәдениетіне сүйіспеншілігін арттыру.
  • Оқушыларды жан-жақты сауатты, дарынды, озық болуға тәрбиелеу.
  • Оқу-білімге қызығушылығын арттыру.

Қатысушы топтар

1-топ
Сұңқар
2-топ
Барыс
3-топ
Тұлпар

Сайысқа қатысушыларды өлеңмен қарсы алып, көрермендерге сайыстың мазмұны мен тәртібі таныстырылады.

І. Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалімнің құттықтау сөзі

Бал, балауса жайқалғандай гүлдерің,
Бірің тұңғыш, кенжесісіңдер бірлерің.
Қарсы аламыз даярлық «Б» тобының
Балжайнаған ұлдары мен жауқазындай гүлдерін.

Армысыңдар, бал-балауса балдырған,
Қылықтарың жүрекке із қалдырған.
Бірің әнмен, бірің бимен өрнектеп,
Көрінесің сайыстарда сан қырдан.

Құрметті қонақтар мен оқушылар! Бүгін даярлық «А» тобында өтетін «Жүзден жүйрік» сайысына қош келдіңіздер! Сайыс 7 кезеңнен тұрады.

Сайыс ережесі

  1. 1 Әр дұрыс жауапқа ұпай беріледі.
  2. 2 Жауапты мүмкіндігінше тез беруге тырысыңыздар.
  3. 3 Белгі берілгеннен кейін, аты аталған топ қана жауап береді.
  4. 4 Бірінші белгі берген топ жауап береді. Егер жауап қате болса, екінші белгі берген топ жауап береді.
  5. 5 Қате жауап берген бірінші топ келесі сұраққа жауап бере алмайды. Екінші топ та қателессе, дұрыс жауапты мұғалім айтады.

«Кім жеңді, кім жеңілді деп жүрмейік,
Әділқазы бағасына жүгінейік.»

Әділқазылар алқасы сайысты бағалап, әр кезеңнің ұпайын жариялап отырады.

Сайыс кезеңдері

1-кезең: Таныстыру

Командалық

Әр топ өз атауын, ұранын және ерекшелігін қысқа да нұсқа таныстырады. Таныстыру өлең жолдарымен өрнектелсе, әсері арта түседі.

Алғашқы кезегіміз — таныстыру,
Топтарды бір-бірімен табыстыру.
Айдар таққан атауларын қорғайтындай,
Өлең сөзбен өрнектеп жарыстыру.

2-кезең: «Бәйге»

Ертегі үзінділері

Бұл кезеңде ертегілерден қысқа көріністер көрсетіледі. Қатысушылар көріністің қай ертегіден алынғанын анықтап айтуы керек.

Ескерту

Әділқазылар 2-кезең бойынша ұпайларды жариялайды.

3-кезең: «Жеті жұрттың тілін біл»

Жұмбақ + аударма

Бағалау:

  • Жұмбақтың жауабын қазақша тауып, орысша аудармасын айтса — 25 ұпай.
  • Тек қазақша жауабы үшін — 15 ұпай.

Жұмбақтар

  1. 1) Табанынан тыз етіп, жүрсе дағы сыз өтіп.
    Күні-түні ерінбей, үйді жүрер күзетіп.
    Жауабы: Ит — собака
  2. 2) Таңмен көзін ашады, әлемге нұрын шашады.
    Жауабы: Күн — солнце
  3. 3) Ат сабылтып алыстан, борандатып жетеді.
    Үш ай төрде қонақ боп, аунап-қунап кетеді.
    Жауабы: Қыс — зима

Жұмбақтар (жалғасы)

  1. 4) Менің үш көзім бар:
    Бір көзім «Кідір!» дейді,
    Бір көзім «Жүгір!» дейді,
    Бір көзім «Абайла!» дейді,
    «Қарап ал маңайға!» дейді.
    Жауабы: Бағдаршам — светофор
  2. 5) Еркін самғап ұшсын деп, мәпелейміз, баптаймыз.
    «Бейбітшілік құсы» деп қайсы құсты мақтаймыз?
    Жауабы: Көгершін — голубь
  3. 6) Сөзі дана, үні жоқ, сөйлемейді тілі жоқ.
    Қолыңа алсаң — шешен, ақылы асқан көсем.
    Жауабы: Кітап — книга

«Ана тілің — арың бұл, ұятың боп тұр бетте;
Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте.»

4-кезең: «Кім жылдам?»

Логика + математика

Ұшқыр ойды сынайтын логикалық және математикалық тапсырмалар беріледі.

  1. 1) Аспанда 8 жұлдыз көрініп тұр. Оның 4-еуін бұлт басып қалды. Сонда аспанда неше жұлдыз қалады?
  2. 2) Суреттен жылқы көрінеді. Бір жылқының неше аяғы бар? Екі жылқының неше аяғы болады?
  3. 3) Аспанда 2 құс ұшып бара жатты. Оларға тағы 3 құс қосылды. Барлығы неше құс болды?
  1. 4) 6 тышқан шырша айналып билеп жүр еді. 2 тышқанды аналары шақырып кетті. Неше тышқан қалды?
  2. 5) Бұл қандай фигура? Төртбұрыштың бір бұрышын кесіп тастаса, неше бұрышы қалады? Бұрыштары азая ма, әлде көбейе ме?
  3. 6) Бұл қандай фигура? Үшбұрышты ортасынан кесіп тастасақ, неше үшбұрыш шығады?

Ескерту

Әділқазылар 4-кезең бойынша ұпайларды жариялайды.

5-кезең: «Біз құрылысшылармыз»

Конструктор

Әр топ конструктордан үй құрастырады. Жылдамдық пен ұқыптылық қатар бағаланады.

1-орын
15 ұпай
2-орын
10 ұпай
3-орын
5 ұпай

Ән үзілісі

«Көңілді күн» әні орындалады.

6-кезең: «Сөзжасам»

Сөзден сөз құрау

Қағаз бетіне берілген сөзден мүмкіндігінше көп сөз құрастырылады.

Ең көп сөз
20 ұпай
Келесі орын
15 ұпай
Соңғы орын
10 ұпай

«Қызғалдақ» сөзінен

қыз, дақ, ала, қала, қал, қалақ, аға, қазақ, ақ, қағаз, алға, …

«Жауқазын» сөзінен

жау, жаз, қазына, қаз, қазы, жақ, ана, ауа, қазан, уыз, ау, …

«Раушангүл» сөзінен

рауан, гүл, ана, шана, ру, анар, шар, шал, үн, үш, үр, …

Ән үзілісі

«Тәттім» әні орындалады.

7-кезең: «Біз суретшілерміз»

Сурет + қорғау

Суретші болғым келеді — сұлулықты көретін,
Түсінгенін түйсікпен қағазға салып беретін.

Әр топқа бір-бір парақ қағаз беріліп, берілген тақырып бойынша сурет салынады. Соңында топ мүшелері суретін қысқаша таныстырып, қорғайды.

1-топ
Менің ауылым
2-топ
Ғарыш әлемінде
3-топ
Қыс қызығы

Ескерту

Әділқазылар 7-кезең бойынша ұпайларды жариялайды.

Қорытынды бөлім

Қазылар алқасының шешімі

Сайыс нәтижесі бойынша әділқазылар алқасына сөз беріледі. Жеңімпаз топ анықталып, қатысушылардың еңбегі бағаланады.

Би

«Қаражорға» биі — даярлық «А» тобының тәрбиеленушілері орындайды.

Түстердің мәні

  • Қызыл

    Қызуқанды, батыл, тәуекелшіл, өзіне сенімді болсын деген тілек.

  • Сары

    Күннің нұры іспетті мейірімді, жұмсақ, қарапайым болсын деген ниет.

  • Жасыл

    Жайқалған ағаштай өсіп-өркендеп, табиғаттай бай, берекелі болсын деген тілек.

Тілек

Бойларыңда от бар екенін байқадым,
Жүректеріңде шоқ бар екенін байқадым.
Әрқашанда осы шоқты өшірмей,
Жалындатып, шарықтаңдар әрдайым.

Өрендер, өрлей берсін өнерлерің,
Айналаң — бәрі сенің көрерменің.
Тілеймін дәл осылай барлығыңның
Тек қана биіктерден көрінгенін.

Осылайша «Жүзден жүйрік» сайысымыз аяқталады.