Армысыздар ата - аналар

Сабақтан тыс іс-шара жоспары

Өткізген

Майланова Тойдушат Елемесовна

Сабақтың тақырыбы

«Рахмет саған, Әліппе!»

Сабақтың мақсаты

1) Білімділік

Оқушылардың сауат ашу пәнінен алған білімдерін бекіту, өнерлерін ата-аналарға көрсету, белсенділігін арттыру, ұжымшылдығын нығайту.

2) Дамытушылық

Тапсырмалар орындау барысында өз ойын еркін жеткізуге, толық жауап беруге, тыңдай білуге, зейін қоюға, есте сақтауға дағдыландыру.

3) Тәрбиелік

Адамгершілікке, ұқыптылыққа, бір-бірін сыйлауға, мәдениетті жүріс-тұрысқа тәрбиелеу; эстетикалық талғамын дамыту; ана тілін сүюге, қастерлеуге баулу.

Безендірілуі

  • «Рахмет саған, Әліппе!» жазуы бар плакат
  • Суреттер
  • Шарлар
  • Слайдтар мен бейнероликтер

Іс-шара барысы

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Армысыздар, құрметті қонақтар, ата-аналар, ұстаздар, оқушылар!

Шәкірт қолына тұңғыш рет ұстап, бетін ашқан оқулық — Әліппе. Барлық ғылымның бастауы, болашағымыздың негізі болған Әліппені аяқтау мерекесіне қош келдіңіздер! Ендеше ертеңгілігімізді бастайық.

(Ғажайыпстанға саяхат бейнеролигі көрсетіледі.)

Ендеше, үйренгендерімізді Білімпаз атаға айтып берейік.

Көркем нөмір

Ән: «Учат в школе» (Нұрболат пен Согдиана). Оқушылар би орындайды.

Жүргізушілердің сәлемдесуі

1-жүргізуші (Ғидаят): Қайырлы күн, уа, халайық!

2-жүргізуші (Шапағат): Ассалаумағалейкум, халайық!

Жүргізушілердің өлең жолдары

Ғидаят

Армысыздар, ата-ана, ұстаздар,
Білім іздеп инемен құдық қазғандар.
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
Би биленіп, ән де бүгін шырқалар.

Шапағат

Көз салып қараңызшы бойымызға,
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Хош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар,
Әліппемен қоштасу тойымызға!

Құттықтау сөз мектеп директорына беріледі.

Салтанатты бөлім

Назерке

Тыңдаңыздар, бәріңіз,
Сөзіме құлақ салыңыз.
Бір серпіліп қалыңыз —
Әліппеге арналмақ бүгінгі жыр-әніміз.

Нұрболат

Өтті оқу сан сабақ —
Бүгін үлкен салтанат.
Басқа оқулық достаспақ,
Әліппеміз қоштаспақ.

Мұғалім

Уа, халайық, халайық! Мұнда назар салайық!
Білімді қарсы алайық, бәріміз қол соғайық!

(Ортаға «Білім» шығады.)

Білім

Күн нұрындай білімнің,
Күнімін мол ілімнің.
Құттықтаймын, достарым,
Құтты болсын ұлы күн!

Оқушылардың өлеңдері

Дильназ

Биыл келдім мектепке —
Бала шағым шақырды.
Биыл, міне, мектепте
Болашағым ашылды.

Мерей

Мектеп — білім бұлағы,
Мейіріңді қандырар.
Мектеп — ойдың шырағы,
Ақыл-санаң жаңғырар.

Мейірім

Қыркүйекте келдім де,
Сыныпқа кірдім қуанып.
Қарсы алды ұстаз мейіріммен,
Қадамымды құп алып.

Сағыныш

Біз саналы баламыз,
Кітап, қалам аламыз.
Ақ параққа әріппен
Білім жолын саламыз!

Ән: «Мұғалім — ол біздің…»

Әліппені қарсы алу

Гүлайна

Достар, менің сұрағыма жауап беріңдерші:
Іші толған әріпке — бар білімнің атасы.
Білімдегі жарық не?

Хормен:

Болашаққа жол бастар — ол сүйікті Әліппе!

Мұғалім

Олай болса, балалар, мектепке алғаш келгенде қолдарыңа ұстатқан Әліппе кітаптарыңмен бүгін қоштасамыз. Ендеше ортаға Әліппені шақырайық!

Хормен:

Әліппе! Әліппе! Әліппе!

(Әліппе ортаға келеді.)

Ән: «Әліппе»

Әліппе

Армысыңдар, жас достар! Армысыздар, ата-аналар!
Менің атым — Әліппе, болашаққа жол бастар.
Білім деген ғажаптың әліппесін меңгерген —
Келешегі қазақтың басталады сендерден!

Әліппем менің, әліппем,
Сені қолға алып мен,
Есігін аштым білімнің —
Ертеңгі сәуле, жарықпен.

Оқушылардың алғысы

Мейірім

Әріптерді жаттаймыз,
Есте мықты сақтаймыз.
Ұмытпаймыз бәрін де —
Атын, затын, түрін де.

Жексен

Апа-ата атын сен
Бізге үйреттің, Әліппе.
Бізге нағыз жақынсың —
Сенен білдік әріпті.

Ерасыл

Іші толы әріпке —
Мынау керемет Әліппе.
Барлық ілім-білімнің
Атасы осы — Әліппе.

Ислам

Ашыла берді алдымнан
Кең дүниенің есігі.
Әліппе — білім есігі.

Сағыныш

Әліппе — сенің сырласың,
Әліппе — досың болады.
Әріптердің шұғыласы
Дәптеріңе қонады.

Слайдтан сөздер оқылады: Ана, Әке, Бала, Отан.

Білімпаз атаның жұмбақтары

Білімпаз ата

Балалар, мен жұмбақ жасырамын. Дұрыс тапсаңдар, бір сөз шығады. Қане, мұқият тыңдаңдар.

  1. Әжеде бар, атада жоқ; әтеште бар, көжекте жоқ. (Ә әрпі)
  2. Біреуі белде, біреуі көлде. (Л әрпі)
  3. Ірімшікті жедің ғой, «тәтті екен» дедің ғой. (І әрпі)
  4. Ата-анаңмен барып сен, пілді көрдің парктен. Осы атауларға зер салшы — басталған қай әріптен? (П әрпі)
  5. Пілде бар, шілдеде жоқ; допта бар, шарда жоқ. (П әрпі)
  6. Ешкіде бар, қойда жоқ; кеседе бар, қасықта жоқ. (Е әрпі)

Білімпаз:

Балалар, қандай сөз шықты?

Балалар:

Әліппе!

«Әліппе» сөзінен құралған әріптер сыр шертеді

Ақарыс (Ә)

Әжем, әкем — әніміз,
Әрқашанда сәніміз.
Енді білдік бәріміз,
Ә әрпінің мәнін біз.

Мерей (Л)

Лағым, менің лағым,
Селтеңдейді құлағың.
Босқа жүрмей сенімен,
Л-дан сөзді құрадым.

Шапағат (І)

Іл-іл ілмешек,
Ірі шарды үрлесек.
Ренжиді інілер,
І дыбысын білмесек.

Согдиана (П)

Бала отыр партада:
Оқы, үйрен, шаршама.
П дыбысы дауыссыз —
Мәлім болды баршаға.

Ғидаят (П)

П дегенде — парасат,
Жақсылардан шарапат.
Еңбекқор бол, перзентім,
Несібеңді адал тап.

Әлімжан (Е)

Е дегенде — ертегі,
Бізге сырын шертеді.
Еңбек, есті, ерлікті
Үлгі қылып ертеді.

Тапсырма: Буыннан сөз құра (слайд арқылы).

Әліппе

Балалар, Әліпбиде неше әріп бар? Біздің қазақ тілінде 42 әріп бар.

Ойын: «Кім тапқыр?» (ата-аналармен бірге).

Би: «Домбыра»

Қоштасу сөзі

Әліппе

Балалар, мен сендерге ризамын. Енді сендермен қоштасатын кез келді.
Оқуға зейінді болыңдар, еңбекке бейімді болыңдар.
Кір шалмасын қабақты, ақ жол болсын алдарың.
Оқығандарың есте болсын, күнделіктерің бестікке толсын!

Дильназ

Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға басқа кітап аламыз.
Ата-ана, қуанышқа ортақ бол —
Сауатты боп шықты міне, балаңыз.

Әлімжан

Көп нәрсені үйреттің,
Таныстырдың әріппен.
Тақылдатып сөйлеттің.

Ерасыл

Қош бол, Әліппе, анамдайсың,
Жақсы бол деп біздерге алаңдайсың.
Мен үйренген әріптің құдіретімен,
«Сен де бір кірпіш болып қаланғайсың» дейсің.

Хор: «Рахмет саған, Әліппе!»

«Ана тілі» пәнімен танысу

Әліппе

Ал, достар, бүгін сендер менің жолымды әрі қарай жалғастыратын «Ана тілі» пәнімен танысасыңдар. Жаңа достарыңды да мендей сүйіп, құрметтеңдер. Енді қош, сау болыңдар!

Бәрі:

Мың-мың алғыс, Әліппе, саған!
Бізге білімнің кілтін бердің,
Болашақ ұрпақты «біз» деп білдің.

Ана тілі

Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Сөйлетер сөзді шеберлеп, өзіңнің ана тіліңмен байыптап жақсы оқысаң — білімнің негізі менде.
Бір-бірімізбен айнымас дос боламыз.

Мұғалім

Әліппе — білім есігін ашқан алғашқы оқулығымыз. Ал «Ана тілі» — сөз сырын ұқтыратын сырласымыз.

Сұрақ-жауап

Ана тілі

Балалар, Әліппені қаншалықты меңгергендеріңді байқағым келіп тұр. Сұрақ қойсам, жауап бересіңдер ме?

1-сұрақ:

Қазақ балаларына тұңғыш әліппе кітабын жазған әрі мұғалім болған кім?

Балалар:

Ыбырай Алтынсарин атамыз!

Ақарыс

Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.

Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан,
Іздемей-ақ табылар.

2-сұрақ:

Қазақтың ұлы ақыны кім?

Балалар:

Абай Құнанбайұлы!

Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан.

Көрініс: «Жандос және оның кітаптары»

Ана тілі

Рахмет, достарым! Бүгін — ниет қосқан күн.
Аянбаймын сырымды, баяндаймын ғылымды.
Талаптыға бәрі бар — менен оқып алыңдар.

Хормен:

Ана тілі — біздің туған анамыз,
Анамыздай сыйлап, бірге боламыз.

Пәндермен байланыс: математика

Мұғалім

Біз Әліппемен бірге басқа пәндерді де оқып келеміз. Санауды үйреткен қандай пән?

Балалар:

Математика!

Олай болса, математикадан үйренгенімізді ортаға салайық.

Согдиана

Бас бармағым — атам,
Шаңырақтың төресі.
Бала үйрек — әжем,
Шаңырақтың ұйытқысы.
Ортан үйрек — әкем,
Шаңырақтың тірегі.
Шылдыр шүмек — анам,
Шаңырақтың ажары.
Кішкене бөбек — мен,
Шаңырақтың базары.

Тапсырма: «Қай сан жасырынған?» (слайд арқылы).

Би: «Жалқаубек»

Біз қандаймыз?

Мархабат

Нұрсәуле, біз қандаймыз?

Нұрсәуле

Оны сыныптастарымыздан сұрайық!

Дильназ: Біз қызықпыз, сәл еркелеу, тентектеу боламыз.

Мархабат: Мың бұралған бишіміз.

Сағыныш: Біз шеберміз, ақылдымыз.

Шапағат: Үлкенге ізеттіміз, кішіге қамқоршымыз.

Мейірім: Көп оқимыз, білімді тоқимыз.

Ғидаят: Толқынды су бұлақпыз, жанып тұрған шырақпыз.

Томирис: Елімізді өркендетіп, қазақ тілін көркемдетеміз.

Ислам: Бабаларға тағзым етіп, аналарға бас иеміз.

Әмина: Елтаңбамен еңселі, Тумен тұғырлы, Әнұранмен айбаттымыз.

Хормен:

Біз — қазақ елінің болашағымыз!

Қорытынды бөлім

Мархабат

Біз бүгін шексіз қуаныштымыз, өйткені алғаш хат танытып, сауатымызды ашқан Әліппені бітірдік.

Нұрсәуле

Иә, жүргізуші болып тұрғанымыздың өзі — Әліппенің арқасы деп білемін.

Мархабат

Дұрыс айтасың. Біз Әліппеден кітап оқуды, өлең жаттауды, сурет салуды, ән айтуды үйрендік.

Нұрсәуле

Сонымен қатар біз ағылшын тілін де үйреніп жүрміз.

Көрініс/диалог: «Ағылшынша білемін» (Ғидаят пен Шапағат).

Мұғалімнің қорытынды сөзі

Әліппені бітірдіңдер, шәкірттерім,
Ары қарай өсе берсін білімдерің!
Әлі талай білім алып ұстаздардан,
Көгерте бер, бүлдіршіндер, қазақ елін!

Балалар:

Құрметті ұстаздар мен ата-аналар, кез келді сіздерден ақ бата алар.
Ұл-қыздарыңыз көрсетті білімдерін — жетелеген біздерді, алғыс сізге!

Ата-аналардың тілегі айтылады.

Хор: «Атамекен»

Ш. Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясы