Тіл туралы өлеңді мәнерлеп оқу

Жүргізушінің құттықтауы

Армысыздар, қадірменді ата-аналар мен тәрбиешілер! Бүгінгі «Мен қазақ болғаныма мақтанамын» атты сайысымызға қош келдіңіздер!

Қазақстан — тәуелсіз мемлекет. Тәуелсіз елді өркениетті әлемге танытып, дамыған елдер қатарында терезесі тең ететін күш — білім және білімді ұрпақ. Білімді ұрпақ — егеменді елдің берік тірегі.

Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ халқының тілі. «Туған тіл — тұғырың, туған тіл — қыдырың» демекші, туған жер мен туған тіл адамға аса ыстық әрі қымбат. Оның қасиеті мен қадірін бір ғана сөзбен немесе бір шумақ өлеңмен айтып жеткізу мүмкін емес.

Әнұран

Әнұраны елімнің,

Шақырады бірлікке.

Егеменді халқымның

Болашағы — бірлікте.

Әнұран орындалады.

Сайыс жоспары

  1. 1 Таныстыру (қазақтың ұлттық киімін киіп шығу)
  2. 2 Төсбелгілерін таныстыру
  3. 3 Тіл туралы өлеңді мәнерлеп оқу
  4. 4 «Кім көп біледі?» — әуеннен қазақ әндерінің атауын табу
  5. 5 Тіл туралы мақал-мәтелдерді жатқа айту (1 минут)
  6. 6 Әр ата-ана 5 жаңылтпаштан айту
  7. 7 Үй тапсырмасы — кітапша дайындап келу

Тіл туралы жыр

Қазақ тілі — туын биік ұстаған,

Қазақ тілі — кең далама ұқсаған.

Қазақ тілі — мәртебелі, еңселі,

Құрметтеп отыр бүгін ел сені!

Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,

Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.

Ел бетіне қалай түзу қараймын,

Ана тілім, егер сені білмесем.

Ана тілім, дана тілім, бақ тілім,

Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?

Сенсің менің қасіретім, шаттығым,

Сенсің менің тазалығым, пәктігім.

Кезеңдерге шақыру мәтіндері

Таныстыру

«Армысыздар, ағайын! Жырдан моншақ тағайын. Баршаңызға өзімді таныстырып алайын» — деп, әр топ өздерін таныстырады.

Өлең оқу

«Тамаша өлең таңдайды татып балдай. Өз тілінде жыр оқу — бақыт қандай!» — деп, тіл туралы өлеңді мәнерлеп оқуға кезек беріледі.

«Кім көп біледі?»

Әуеннен қазақ әндерінің атауын табу кезеңі.

Мақал-мәтел

«Ұйықтасам ана тілде күмбірледім, оянсам, сөйлеп кеттім, кідірмедім…» — деп, 1 минут ішінде мақал-мәтелдер айтылады. Әділқазылар бағасын береді.

Жаңылтпаш және үй тапсырмасы

Әр топтың ата-аналары 5 жаңылтпаштан жарысады. Одан кейін үйден дайындап келген кітапшаларын таныстырады.

Қорытынды сөз

Енді «Мен қазақ болғаныма мақтанамын!» сайысын қорытындылап, әділқазылар алқасынан бағаларын сұраймыз.

Туған тілге тағзым

Ана тілім — ұраным,

Ана тілім — құралым.

Ана тілім болмаса,

Мықты болмас тұрағым.

Ана тілің — арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте.

Бүгінгі сайысымыз аяқталды. Еліміз тыныш болсын! Әрдайым тілімізді құрметтеп жүрейік.

Құрметті ата-аналар, алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп-көп рақмет. Аман-сау болыңыздар!