Ана - перзент тәрбиелеуші

8 Наурызға арналған ертеңгілік сценарийі

Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Жаңа Қима ауылы, «Құлыншақ» балабақшасының тәрбиешісі — Бірімжанова Мейрамгүл Зиядақызы.

Кіріспе сөз

Тәрбиеші: Құрметті аналар, апайлар, балалар! 8 Наурыз — Аналар мерекесіне арналған ертеңгілігімізге қош келдіңіздер.

Ана туралы өлең жолдары

Ана десем, алғыс алам халқымнан,

Ана десем, теңіз болам шалқыған.

Ана десем, ашылады қабағым,

Ана десем, әділдікті ұғамын.

Біз ғана емес қадір тұтқан бабалар,

Аналардан туған небір даналар.

Ана деген — тіршіліктің тірегі,

Армысыздар, қасиетті аналар!

Тәрбиеші: Ардақты аналар, мерекелеріңіз құтты болсын! Отбасыларыңызға құт-береке, бірлік, дендеріңізге саулық тілейміз.

Жұмбақ

Тәрбиеші: Балалар, бүгінгі тақырыбымызға байланысты жұмбақ жасырайын. Шешуін таба аламыз ба?

Бала, бала, бала деп,

Түнде шошып оянған.

Түн ұйқысын төрт бөліп,

Түнде бесік таянған.

Бұл кім?

Балалар: Ана, ана, ана.

Тәрбиеші: Дұрыс! Бұл — біздің аналарымыз. Ана — перзент тәрбиелеуші.

Ендеше, осы асыл аналарымызға арналған балалардың тақпақтарын тыңдайық.

Балалардың тақпақтары

Ерасыл

Сенен өскен балалар —

Батырлар мен даналар!

Құттықтаймыз мейраммен,

Құрметті апа-аналар.

Мирас

Аналарды сүйеміз,

Сөзін ойға түйеміз.

Әжені де ардақтап,

Әдеппен бас иеміз.

Думан

Құшағыңа кіргенде,

Жылынамын бір демде.

Не жетеді көзіңе

Мейірімді күніңде!

Құттықтаймын, анашым, сегізінші наурызбен!

Камила

Мерекені қарсы алып,

Мәз болады барша жұрт.

Гүл ұсынып анаға,

Бердім өзім ән салып.

Ердәулет

Ақ анашым, аппақым,

Өзің жайлы тақпағым.

Өзің жайлы әнім де —

Арнадым саған бәрін де!

Нұрасыл

Ана — біздің күніміз,

Ана — біздің гүліміз.

Ұландарды қуантып,

Ұзақ өмір сүріңіз.

Мариям

Менің әжем — ақ әжем,

Ұл мен қыздың бағы, әжем.

Ертегі айтып бер десең,

Айтып берер тағы әжем.

Сандықша және ойын

Залда орындық үстінде сырты күміспен қапталған сандықша тұрады.

Тәрбиеші: Балалар, қараңдаршы, бұл жерде сандықша тұр екен. Қане, ашып көрейік.

Конверттегі хат

Сәлеметсіңдер ме, аналар, балалар, апайлар! Бұл — хан сарайынан келген сандықша. Сандықшаны ашу үшін ұйымдастырылған ойынды ойнап, сұрақтарына толық жауап беру керек. Бұл ойынға аналар мен апайлар ғана қатысады. Ең ақылды, жылдам, шапшаң әрі тапсырмаларды толық орындаған ана ғана сандықшаны аша алады.

Тәрбиеші: Ендеше, балалар, аналарымызды ортаға ойын ойнауға шақырайық.

Ортаға 5 ана шығып, ойынға қатысады.

Ойынның шарты

  • Берілген сұрақтарға дұрыс жауап беру.
  • Әр дұрыс жауапқа 1 қадам алға жүру.
  • Барлық сұраққа дұрыс жауап берген ана сандықшаға бірінші болып жетіп, оны ашып, сыйлықты алады.

Сандықша ішіндегі келесі тапсырма

Сандықшаны ашқанда, ішінен тағы бір ақ конверт шығады. Онда: «Супер ойын» деп жазылған.

Супер ойын және марапат

Супер ойын

Өз өнеріңді көрсету.

Жеңімпаз ана өз өнерін көрсеткеннен кейін, хан сарайынан келген сандықшадан алтын алқа тапсырылады. Қатысқан аналарға мақтау қағазы беріледі.

Балалардың сыйлығы және ән

Балаларымыздың аналарына арналған тағы бір сыйлығы бар. Ортаға шақырайық.

Балалар өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын тапсырып, ән орындайды.

Ән

«Көктем»

Қорытынды

Аналарды, апайларды тағы да мерекелеріңізбен құттықтай отырып, ертеңгілігімізді аяқтаймыз.

Ата-аналарымызға сөз берейік.