Бүгінгі сайыстың шарттары

Мақсаты

Оқушылардың музыкаға деген қызығушылығын арттыру, қазақ халық аспаптары туралы мәлімет беру.

Көрнекілігі

  • Қазақ ұлттық аспаптарының тарихына арналған газет
  • Ұлттық аспаптар
  • Слайд

Мынау саз — шыққан үндей шыңыраудан,
Біреуге мұң батқандай ыңыранған.
Қамыққан, жабырқаған қам көңілді,
Бір үміт шақырғандай күліп алдан.

Өзінің сылқым сазды тынысында,
Сиқыр бар сыңғырындай күміс сырға.
Әлде бұл айдын көлде шерулеткен
Ерке аққу қанатының сусылы ма?

Бүгін өтетін «Қазақтың ұлттық саз аспаптары» атты сайысқа қош келдіңіздер!

Қазақтың саз аспаптары — ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, көне заманнан жеткен мәдени мұраның бір тармағы. Ертеде музыкалық аспаптар ағаштан, түрлі өсімдіктерден, мал терісінен, сүйегінен, мүйізінен, қылынан және басқа да табиғи заттардан жасалған.

Халқымыздың жыр-аңыздарынан, дастандарынан, сондай-ақ өткен ғасырлардағы саяхатшылар мен ғалымдардың еңбектерінен көне аспаптардың сипаттамалары мен суреттерін кездестіреміз. Қазақтың музыкалық аспаптары Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Семей қалаларындағы мұражайларда да сақталған. Қазіргі деректер бойынша байырғы аспаптардың түрі 20-дан аса болғаны анықталып отыр.

Бұрын аспаптар жұртқа хабар беруде, аңшылар құсты не аңды үркітуде, бақсылар сарын айтқанда, әскери жорықтарда ұран салуда кең қолданылған. Ұлттық саз аспаптарымызды еске түсіру үшін слайдқа назар аударайық.

Ұлттық аспаптар: қысқаша таныстыру

Асатаяқ

Ұрмалы / сілку арқылы

Асатаяқ — сілку арқылы үн шығаратын көне музыкалық аспап. Ұзындығы шамамен 110–130 см. Тұтас ағаштан арнайы қалыпта жасалады, басы күрек тәрізді. Үстіңгі бөлігіне темір сақиналардан сылдырмақтар тағылып, өрнектермен әшекейленеді. Аспапты ырғақтап, шайқап ойнайды. Ертеде көбіне бақсылар қолданған. Қазіргі кезде көне үлгілері қайта жасалып, ұрмалы аспаптар тобына енгізілді.

Домбыра

Ішекті-шертпелі

Домбыра — қазақ арасында ерте дәуірден кең тараған, ғасырлар сырын сақтаған қос ішекті, шертіп ойнайтын аспап. Домбыра әр түрлі үлгіде тұтас ағаштан ойылып немесе құрастырып жасалады. Мойнына 19–22 перне байланады, құлақ арқылы күйге келтіріледі.

Екі ішектіден бөлек үш ішекті, қос жақты, кең шанақты, қуыс мойын, шіңкілдік секілді түрлері кездеседі. Үні майда, қоңыр, құлаққа жағымды.

Дауылпаз

Ұрмалы

Дауылпаз — ұрып ойналатын көне аспаптардың бірі. Халық тұрмысында кең қолданылған, әсіресе бұрын жаугершілік кезде дабыл қағып, белгі беру үшін пайдаланылған. Құрылысы күрделілеу: тұтас ағаштан ойылып жасалып, беті терімен қапталады. Иыққа асып алу үшін қайыстан аспалы бау бекітіледі. Ағаш тоқпақпен ұру арқылы дыбыс шығарады.

Бүгінде дауылпаз көптеген фольклорлық ансамбльдерде орындалады. Ұқсас аспаптар басқа халықтарда да бар: өзбекте «Тәбльбасс», қырғызда «Доолбас» деп аталады.

Жетіген

Ішекті-шертпелі

Жетіген — қазақ халқының өте ерте заманнан келе жатқан жеті ішекті шертпелі аспабы. Ағаштан құрастырылып жасалады, құрылысы қарапайым. Жетілдірілген нұсқасында 13 ішек байланып, арнайы тиектер қойылады. Үні нәзік, құлаққа жағымды.

Ел ішінде жетігеннің шығуы туралы аңыз көп. Соның бірі — жеті баласынан айырылған қарияның қасіретінен туындаған деген әңгіме. Осылайша «жетіген» атауы ел жадында сақталған. Қазіргі кезде аспап ансамбльдерде кең орындалып, насихатталып келеді.

Сайысқа қатысу және топтарды шақыру

Бүгінгі сайысқа 6–7-сынып оқушылары қатысады.

Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сеніменен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам сен болмасаң,
Өнердің не екенін де білмес едім.

Бұл ішектің бірін тартып, бірін сәл-пәл кем бұра —
Қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра!

Осы сөздермен «Домбыра» тобын ортаға шақырамыз!

Япырау, қобыз үні нәзік қандай —
Сұлудың назы ма, әлде жазық маңдай?
Әйтпесе ғазиз ана әлдиі ме?
Тыңдайсың құдіретіне қағып таңдай.

Осы жолдармен «Қобыз» тобын ортаға шақырамыз!

Сайыс шарттары

  1. 1

    Таныстыру

    Әр топ өздерін таныстырады.

  2. 2

    Сұрақ-жауап

    Ортадағы қағаздардан кезекпен таңдап, сұрақтарға жауап береді.

    Үрлемелі аспаптарды атаңдар.

    Оркестрді кім басқарады?

    Жауабы: Дирижер.

    Домбыраның құрылымын ата.

    Басы, құлағы, пернелері, мойны, ішегі, тиек, шайтан тиек, шанағы, беті, түймесі.

    Тілшікті аспапты ата.

    Саз аспабында күй шертетін адам кім?

    Жауабы: Күйші.

    Жұмбақ

    Бас, құлақ, мойыны бар,
    Дөңгелек шанағы бар.
    Ысқышпенен ысқанда,
    Ыңыранып шығар сазы бар.

    Жауабы: Қобыз.

    Жұмбақ

    Тілшікті аспап,
    Қобыздай асқақ.
    Ерекше үні бар —
    Бұл қандай аспап?

    Жауабы: Шаңқобыз.

    Дауылпаз, дабыл қандай аспаптар тобына кіреді?

    Жауабы: Ұрмалы аспаптар тобы.

  3. 3

    Үй тапсырмасы

    Домбыра және қобыздың суретін салып келу.

  4. 4

    Тапқыр болсаң тауып көр

    Күй тыңдалады. Тыңдалған күйдің авторын және атауын анықтау керек.

    1) Құрманғазы «Балбырауын»
    2) Қазақ халық күйі «Кеңес»
    3) Тәттімбет «Сарыжайлау»
    4) Құрманғазы «Адай»
    5) Ықылас «Жезкиік»
    6) Дәулеткерей «Қосалқа»
  5. 5

    Шынжыр өлең

    Бір топ бір шумақ өлең оқиды. Оқып болған соң, екінші топ шумақтың соңғы сөзінің соңғы әрпінен басталатын өлең шумағын айтып жалғастырады. Таба алмай кідірген топ жеңілген болып саналады.

Қорытынды

  • Қазақтың ұлттық саз аспаптарын атау.
  • Қорытынды жасау.
  • Марапаттау.