Өзге тілде сөйлей білу бір өнер, Ана тілде таза сөйлеу шын өнер

Кіріспе сөз

Соңғы жылдары ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы — халықтық педагогиканың асыл қазынасын кеңінен пайдалануға, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді дамытуға мүмкіндік берген үлкен қуаныш. Тіл арқылы ұлттың тарихы, мінезі, рухы ұрпаққа жалғасады.

Ұстаным

Ананың тілі арқылы бабалар аманатына адал болайық.

Назар

Тілді білу — тек білім емес, азаматтық жауапкершілік.

Әдеби монтаж

Өлең жолдары

Қуан, далам! Қуанатын күн бүгін,
Тіл туралы заңым енді күшіне!

Қуан, халқым! Күшіне енді тіл заңы!
Сүйінші! — деп ақын ұлың жырлады.

Ел елдігі бағаланар тілменен,
Сол арқылы құлпырады гүл бағы.

Тіл деп біл өз тіліңді ғалам сүйген,
Өйткені атаң менен анаң сүйген.

Ал мұны біліп қана қойсаң — күнә,
Мұрат ет, жалғастырып, балаң сүйген!

Талқылауға сұрақтар

  • 1. Тіл туралы заң қашан қабылданды?

  • 2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қай тіл?

  • 3. Біз оқулықтарымызды қай тілде оқимыз?

  • 4. Конституцияда тіл туралы не делінген?

Ана тілі туралы толғаныс

Ана тілі — біздің туған анамыз.
Анамызды сыйлап, бағып-қағамыз.
Ана тілін бағаласақ — өз бағамыз артады,
Ана тілін қадірлемес — анасынан безген ұлдай.

Ана тілі — асыл күні бабамның,
Қуатымсың ақ сүтіндей анамның.
Сәби шақтан бесігімде жыр тыңдап,
Туған тілді жаттап өскен баламын.

Айналайын, халқымнан,
Айналайын, даңқыңнан.
Ана тілдің бағасы
Қымбат екен алтыннан.

Тілің — бағың бастағы,
Тиістісің білуге.
Тарихың да тастағы —
Ата-бабаң тілінде.

Ән бөлімі

  • «Әрқашан күн сөнбесін!»
  • «Анамның тілі — аяулы үні»
  • «Балғындар жыры» (орындайтындар: Бақытжанова Айнагүл, Саржанова Гүлфия, Бөлекбаев Ақылбек)

Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер

Тіл туралы білетін мақал-мәтелдеріміз бен нақыл сөздерімізді ортаға салайық. Олардың әрқайсысы сөздің салмағын, тілдің құдіретін танытады.

Өткір ой

  • Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.
  • Жыланның уы тісінде, адамның уы тілінде.
  • Жақсылықпен қуантатын да — тіл, жамандықпен қуартатын да — тіл.

Сөз мәдениеті

  • Тиекті тілден текті сөз шығады, тиексіз тілден кекті сөз шығады.
  • Өткір тіл — дарын, ұзын тіл — жауың.
  • Ер қазынасы — жүрген із, ел қазынасы — көне көз, тіл қазынасы — ескі сөз.

Түйін

Тілі жеткенше сөйлеген — шешен, қолы жеткенше нұсқаған — көсем.

Көрініс

«Менің тілім өлмейді»

Тіл туралы қандай мазмұнды ойларың бар? Төмендегі тұжырымдар талқылауға бағыт береді.

  1. 1) Халық бар жерде тіл бар. Тіл бар жерде өнер бар. Өнер бар жерде жанкүйер бар. Әр халықтың ана тілі — оның бақыты мен қуанышы.

  2. 2) Өз тіліңді білу, өз тіліңде ер жетіп, ел қатарына қосылу — өмірден алған ең үлкен сыйың.

  3. 3) Халықтың қуаты — тілдің қуаты. Ана тілімізді ең айтқыш, ең білгір, ең бай тілдердің біріне айналдыру — ортақ міндет.

  4. 4) Ана тілінде сөйлеу — мәдениеттіліктің, әдептіліктің өлшемі.

Поэзия минуты

Өлең

Нұрғожа Ораз — «Кел, ағайын, сілкінші!»

Оқитын: Орынбасаров Әнуар

Үзінді

Тілім менің! Ұлы Абай, Мұхтардай пірім менің,
Тұнығым, рухани жан азығым.
Ол бүлінсе — менің де бүлінгенім.
Тілім менің! Тілім үшін мың өліп, тірілді елім.

Бабамыздың тілі деп,
Даламыздың үні деп,
Ана тілін сүйеміз,
Басымызды иеміз.

Қорытынды сөз

Ана тілін дұрыс меңгермейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын орнымен қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам атану қиын. Сондықтан әрқашан өз тілімізді — ана тілімізді, қазақ тілін — құрметтеп, ардақтайық. Әр сөздің мағынасына тереңірек үңіліп, сөз қадірін ұғына білейік.