Студенттер мен оқушылар арасындағы ойын

«Сен де бір — кірпіш дүниеге…» (студенттермен кездесу кеші)

Бұл кеш мектеп бітіруші түлектерге болашақ мамандық таңдауда бағыт-бағдар беріп, студенттік өмірдің мазмұны мен мүмкіндіктерін жақыннан таныстыруға арналған.

Мақсаты

Мектеп бітірушілерді болашақ мамандық таңдауға бейімдеу, кәсіби бағдар беру, жоғары оқу орнына дайындық туралы ой қалыптастыру.

Жоспары

  1. Концерттік бағдарлама
  2. Студенттер мен оқушылар арасындағы ойын
  3. Студенттерге оқушылардың сұрақтары

Кештің ашылуы

1-жүргізуші

Армысыздар, қадірменді халайық!
Сәлем — сөздің сыр айнасын ашайық.
Қуанышты шаттықпенен жүздесіп,
Баршаңызға мол қуаныш сыйлайық.

Саламатсыздар ма, құрметті ұстаздар!

2-жүргізуші

Бірінші курста аузын ашып, семинарда пардан қашып, лекцияда қалғып, сессиядан жүгіріп, емтиханда қиналып, каникулда қыдырып, универдің ауасын жұтып, шәкіртақыдан «лотерея» ұтып жүретін студенттерге жалынды сәлем!

Студенттік шаққа арналған жыр

Қайда менің студенттік күндерім,
Жалындаған жастық шағым, күндерім.
Дауылдатып, думандатып жүретін,
Бақытты сәт, шалқып шығар күндерім.

Қайда сол бір асыл жанды достарым?
Аңқылдаған, жарқылдаған от-жалын.
Сұңқар жігіт, аққу қыздар, қайдасың?
Еске аламыз — жүрегімде от жанып.

Осы рухты сезімді жалғап, студенттік өмірдің қым-қуыт күндерін бастан өткеріп жүрген жастарымызбен оқушылар арасындағы кездесуді ашық деп жариялаймыз!

Құттықтау сөзі

Кештің алғашқы сөз кезегін мектебіміздің директоры Қартпағамбетова Дәмелі Қойбаққызына береміз.

Уақыт — зымыран. «Кеше ғана бала едің, келдің ғой талай жасқа», — деген Абай сөзі бүгін ерекше мәнге ие: кеше ғана мектеп партасында отырған шәкірттеріміз бүгін үлкен білім ордаларының студенті атанып отыр. Тәуелсіз еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранын асқақтатқан ұрпақ — ертеңіміздің тірегі.

Студенттермен сұхбат: оқу орны, мамандық және тәжірибе

Бүгінгі кездесудің басты мақсаты — студенттік өмірдің қызықты сәттері мен шынайы қиындықтары туралы ашық әңгіме құрып, мамандық таңдауда нақты ой түю. Қонақтардан өз оқу орындары мен мамандықтары жайлы мәлімет беріп, оқуға түсу жолы, оқу ерекшелігі, мүмкіндіктер мен жауапкершілік туралы ой бөлісулері сұралады.

Сұрақтар легі

  • Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс студенті: шәкіртақыға қалай қол жеткіздіңіз? Ай сайынғы шәкіртақы мөлшері қандай?
  • Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері: Астанада оқуды бала күннен мақсат еттіңіздер ме? Университеттің ерекшеліктерін таныстырыңыздар.
  • Қ.И. Сәтбаев атындағы университет студенттері: Алматының ауа райы, оқу ырғағы, қала өміріне бейімделу жайлы қандай кеңес бересіздер?
  • М. Өтемісұлы атындағы университет студенттері: қалаңызды сағындыңыздар ма? Нені ерекше сағынасыздар?
  • М. Оспанов атындағы медицина университеті: оқу орны несімен ерекшеленеді?
  • Қ. Жұбанов атындағы университет: өз оқу орныңызды қалай таныстырар едіңіз?
  • С. Бәйішев атындағы университет: мектепті сағындыңыздар ма, мектептегі өзгерістер ұнады ма?

Кеш символы: «Естеліктер кітабы»

Ендігі кезекте студенттік кештің символына айналған «Естеліктер кітабына» өз тілектеріңізді жазуға шақырамыз.

Қанатты асау тұлпардай — қанаттарың талмасын.
Қалықтаған сұңқардай — талаптарың самғасын.

Концерттік бағдарлама

Асау жүрек жанығып алқынбасын,
Бойға біткен шынардай биіктерде,
Халқымыздың ән өнері жарқылдасын.

Сіздерге арналған шағын концертімізді бастаймыз.

Ән

10-сынып оқушылары Жамбылов Нұрсұлтан мен Достанов Әділбектің орындауында «Достар» әні.

Би

Мың бұралып билеген бишілер өнері — кеш сәні.

Жүректен шыққан тілек

Мерекеміз құтты болсын! Әрқашан көңілдеріңіз шуақты, жүздеріңіз күлкіге толы болсын!

Ойын бөлімі: терминді әзілмен түсіндір

Ойынға 2 студент пен 2 оқушы қатысып, екі топқа бөлінеді. Шарт: терминдерді әр топ өз түсінігімен, мүмкіндігінше әзілмен түсіндіреді.

Студенттерге арналған терминдер

  • Лекция, сессия
  • Шәкіртақы, жатақхана
  • Аудитория, декан

Оқушыларға арналған терминдер

  • 1 қыркүйек, 25 мамыр, каникул
  • Директор, сынып жетекшісі, парталас
  • Бақылау, емтихан, тест

Ситуациялық тапсырмалар: шешім табу шеберлігі

Әр адамның өмірінде қызықты да шытырман оқиғалар болады. Әсіресе оқушылық және студенттік кезеңде түрлі жағдайлар кездеседі. Енді екі тарапқа да ойланатын тапсырмалар ұсынылады.

Оқушыларға жағдай

Сабақ өтіп жатыр. Сынып іші тып-тыныш. Мұғалім түсіндіріп тұр. Бір оқушы ғана тәртіп бұзып, өзгелерге кедергі келтіреді, ескертуге де құлақ аспайды. Бірақ оны сыныптан шығарып жіберуге болмайды: ол бұл сабақты меңгеруі тиіс. Егер мұғалім болсаңыз, не істер едіңіз?

Студенттерге жағдай

Сессия уақыты. Емтихан жүріп жатыр. Оқытушы өте қатаң. Ең жақын досыңыз «билет жауабын білмеймін» дегенді ишарамен білдірді. Ал сіз бұл сұрақты білесіз. Бұл жағдайда досыңызға қалай көмектесер едіңіз?

Қосымша тапсырмалар (студенттерге)

№1

Автобуста группаластарыңызбен келе жатырсыз. Қалтаңызда жолақыға ақша жоқ. Аялдамаға жеткенде достарыңыз шапшаң түсіп кетті, ал сіз кондукторға «ұсталып» қалдыңыз. Бұл жағдайдан қалай шығасыз?

№2

Жатақхана. Туған күніңіз атап өтілуде. Асханада ауылдан келген сүр ет асылып қойған. Шайдан кейін би болып жатыр. Еттің нанын салайын деп барсаңыз, қазан жоқ. Не істейсіз? Сол сәттегі көңіл күйіңізді көрсетіп, қонақтарға қалай жеткізер едіңіз?

№3

Ақша да, тамақ та таусылып, таршылық кезең. Бөлмеде 3 тілім нан мен 2 жұмыртқа ғана бар. Осы кезде аш жүрген көрші екі жігіт есік қағады. Тамақты бөліскіңіз келмейді, бірақ адамгершілік те бар. Не істейсіз?

№4

Жатақхана. Асханалар бос емес. Құрбыңыз бөлмеде плитка қосып, асығыс тамақ дайындауға мәжбүр (бірақ бұл қатаң тыйым салынған). Дәл сол сәтте комендант тексеріске келе жатыр, ал қасыңызда Бағила апай бар. Құрбыңызға қалай хабар бересіз? Тактикаңыз қандай?

Оқушылардың студенттерге сұрақтары

Талқылауға ұсынылған сұрақтар

  • Куратор мен сынып жетекшісінің айырмашылығы бар ма?
  • Адам өзін белгілі бір мамандыққа қашан және қалай дайындауы керек?
  • Мамандық таңдағанда нені басшылыққа алу қажет?
  • Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
  • Жақсы маман болу үшін нені біліп, нені үйрену қажет?
  • Мамандықты жүрек қалауыңызбен таңдадыңыз ба?
  • «Әттеген-ай» дейтін сәттеріңіз болды ма?
  • Сізге мектеп кезеңі ұнай ма, әлде студенттік шақ па?

Студенттердің тілегі

Студенттік өмір шынымен қызықты әрі көңілді. Қиын сәттері де болады. Бірақ соның бәрін еңсеретін жігерлі жастар аз емес. Студенттің басты мақсаты — білім алып, болашақта өз ісінің маманы болу. Әр студент өз мамандығына мұқият қарап, табандылық танытуы керек.

Студенттік өмір — «Махаббат қызық мол жылдар».
Сессия — тар жол, тайғақ кешу.
Сессиядан кейін — дауылдан кейінгі тыныштық.
Шәкіртақы — ұзаққа бармайтын қуаныш.
Лекция — қалғып-мүлгу.
Семинар — «сен тимесең, мен тимеймін».
Диплом қорғау — қыл көпір.

Өнер нөмірлері және студенттік шақ туралы толғаныс

Ән

10-сынып оқушысы Өтегенова Құралай студенттерге арнап әсем ән шырқайды.

Студенттік жылдар суреті

Жастық жігер, білім, арман — бәрі қатар жүреді: бірде ойын-той, бірде ұйқысыз түндер, бірде ауылды сағыну, бірде үлкен өмірге бейімделу. Үлгеру қиын көрінсе де, студент деген — мықты халық.

Тілек

Ұрпағы ұландары текті елдің, қашанда болмысыңа сүйінеміз. Кешегі ғалымдар да, мамандар да — өздеріңнен шығады деп сенеміз.

Студент ертеңіне жол ашады, асқақ та нұрлы болар болашағы. Дәл осы мектепте білім алып, арманға аласармас қыр асады.

Қорытынды бөлім

Алғыс және ресми қорытынды сөз

Бүгінгі салтанатты жиынымызды қорытындылау үшін сөз кезегін мектебіміздің тәрбие ісінің меңгерушісі Бағдагүл Жақсылыққызына береміз.

Жүректен шыққан ақ тілек

Өмірлерің студенттік мәнді болсын,
Қызыққа, әнге толсын, сәнді болсын.
Қайда барсаң жолдарың ашық болып,
Біліміңе бар әлем тәнті болсын!

Осылайша, студенттермен кездесу кешіміз аяқталды. Уақыт бөліп келгендеріңізге көп рақмет. Кешіміз әрі қарай би кешімен жалғасады. Қош сау болыңыздар!