Шебер әже

«Аяулы әжемнен үлгі алып өсем мен» сайысы

Ана десем — алғыс алам халқымнан, Ана десем — теңіз болам шалқыған. Ана десем — ашылады қабағым, Ана десем — әділдікті ұғамын.

Біз ғана емес, қадір тұтқан бабалар да ананы ардақтаған. Аналардан талай дана туған. Ана — тіршіліктің тірегі.

Армысыздар, қасиетті аналар!

Құрметті қонақтар, ата-аналар! Бүгінгі 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналған кешімізге қош келдіңіздер! Аяулы әжелер, ардақты аналар, гүл-гүл жайнаған қыздар, мерекелеріңіз құтты болсын!

8 наурыз Әже мен немере Өнер мен шеберлік Дәстүр

Кештің көрінісі: Шыңғысхан патшаның жарлығы

Ақтөбенің төрінде, Алғаның жерінде, 3-ші «А» қалашығында Шыңғысхан атты патша өмір сүріпті. Патшаның екі ерке қызы болыпты. Күні бойы ойыннан қолдары босамайтын, көрікті болғанымен оқуға да, тоқуға да жалқау екен.

Патшаның жарлығы

«Ең ақылды, ең шебер, ең өнерлі аналар мен қыздар сайысын өткіземін. Жеңіп шыққандар менің қыздарыма тәлімгер болады, оларды өнер-білімге үйретеді».

Осы жарлыққа сай бүгінгі сайысымыз басталады: «Аяулы әжемнен үлгі алып өсем мен» деп келген немерелерді әжелерімен бірге ортаға шақырамыз.

Әділқазылар және тілек

Жүректен шыққан жыр

Ал, халайық, ықыласпен демелік,
Аналардың бүгінгі сайысын көрелік.
Әжесі мен немересіне қарап біз,
Әділдікпен бағасын берелік.

Ұйымдастыру ескертпесі

Кеш барысында әділқазылар алқасы таныстырылады, сайыс кезеңдері бойынша баға беріліп, соңында қорытынды жасалады.

Сайыс кезеңдері

1-бөлім: Таныстыру

әңгімелеу

Әжелер өздерін таныстырады. Қызының атын кім қойғанын және не себепті солай аталғанын түсіндіреді.

Ән

«Менің анам — алтын»

2-бөлім: «Өнерлі өрге жүзер»

өнер көрсету

Әжесі мен қызы өз өнерлерін көрсетеді: ән, би, тақпақ, көрініс.

Тақпақ

Ал, аналар, қалыспа,
Бүгін енді жалықпа.
Саусақтарың майысып,
Шеберлік көрсет халыққа.

3-бөлім: «Шебердің қолы алтын»

қолөнер

Ою түрлерімен жұмыс: түрлі-түсті қағаздан ою ойып, жабыстыру.

Би

«Көктем вальсі»

4-бөлім: «Кімнің ойы ұшқыр?»

білім сайысы

Таңдап алған әріп бойынша сұрақтарға жауап беру. Зеректік пен жылдамдық сыналады.

Хор

«Ақ мамам»

5-бөлім: Шығармашылық тапсырма

құрастыру

Сол жерде қызына көйлек тігу (әртүрлі пакеттерді, қолжетімді материалдарды қолдану арқылы).

Құттықтау

Ұлдар грузин биімен қыздарды құттықтайды. Содан соң жеңімпаздар анықталады.

Қорытынды сөздер мен көріністің түйіні

Патшаның ризашылығы

Патша: «Уа, халайық, жарайсыңдар! Мен сендерге ризамын».
Қыздары: «Бүгін шеберлікті көріп, біз де өнерлі болғымыз келеді. Үйренуге дайынбыз».

Марапаттау номинациялары

  • Шебер әже
  • Ақылды әже
  • Өнерлі әже
  • Тапқыр әже
  • Әнші әже

Жалпы тілек

Бәрі: «Ана — біздің күніміз, ананың біз — гүліміз. Балаларды қуантып, ұзақ өмір сүріңіз!»

Ана туралы тақпақтар

Жер жүзілік мерекең
Құтты болсын, анашым.
Өзің — бақыт, берекем,
Мәпелейтін балаңмын.

Күн нұрындай шуақты
Мейірбанды нұр жүзің.
Сау бол әр кез қуатты —
Деп тілейді ұл-қызың.

Апам мені «Айым» дейді,
Мен мұңайсам — уайым жейді.
Апам мені «Күнім» дейді,
Мен қуанcам — күлімдейді.

Мәпелейсің мені, анам,
Қолыңдағы құсыңдай.
Құлпыра өсіп дем алам,
Құшағыңда қысылмай.

Ана — өмірдің қуанышы, тірегі,
Бала — оның жұбанышы, жүрегі.
Ана алдында ел жауы да бас иген,
Олар әрдайым тыныштықты тілеген.

Әже туралы тақпақтар

Әже деген көп шығар,
Әжемдейі жоқ шығар.
Мейірімді бұл кісі —
Қандай ғажап күлкісі.

«Айналайын» дегені
Жанға рақат береді.
Көңіліңді табады,
Әнді қалай салады!

Ертекке ол сенеді,
Күнде айтып береді.
Ертегі қандай көп еді —
Таусылмай-ақ келеді.

Барған сайын қонаққа
Кәмпит алып келеді.
Әжем мені өйткені
Өте жақсы көреді.

Аналарды сүйеміз,
Ақылын ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.

№1 Алға мектеп–бақша

Мерекелік кеш сценарийі негізінде